Өзіміз ана тілімізде сөйлесек өзге ұлттар да сөйлеп үйренеді - Төлеген Нұрекенов

"Қазақ үні" редакциясына Алматы қаласының тұрғыны, кәсіпкер Төлеген Нұрекеновтен Мемлекеттік тілге қатысты хаты келіп түсті. Өзекті мәселені қозғаған автордың хатын оқырманға еш өзгертусіз ұсынуды жөн көрдік. Ассалаумағалейкум, Қазақ елім, Қазақ халқым, ағайын-бауырым! Менің есімім Төлеген. Мен 1968 жылғы Тарбағатай ауданының тумасымын, Алматы қаласында тұрамын. Ешқандай партияда, ұйымдарда жоқпын. Осы үндеуімді қазақ тілімізді сақтауға, сыйлауға,мәртебесін көтеруге арнаймын. Қазақ тіліміздің болашағын елестетіңіздерші. Болашақтағы 20-30 жылды елестетсек қазақ тілінің мүлдем тіл ретінде жойылу қаупі бар.Демек,тіл кетсе ұлтта біртіндеп жойылады деген сөз. Қазіргі заманда қалалы жерде 30-ға дейінгі жастарды алсақ,4-5 қазақ жастары тұрса өзара орыс тілінде сөйлеседі,және олардың арасындағы жанұялы болған жастардың балалары қазақ тілінде сөйлемек түгілі қазақша айтқан сөзіңді түсінбейді, себебі оның санасында «МЕН ҚАЗАҚПЫН! МЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУІМ КЕРЕК» деген ұғым жоқ .Бұл деген барып тұрған сұмдық! Біз сонда ұлтқа жасалатын геноцидты өз қолымызбен өзімізге өзіміз жасап отырмыз. Ал, енді қараңыз! Сол баланы ата-анасы күнделікті ағылшын тілінің қосымша курсына тасиды, содан ол ағылшынша сайрап шығады. Қазақ баласының білетіні орысша және ағылшынша тілдер. Бірақ, қазақ тілі емес. Осыдан кейін ол бала өзін өзі қазақпын деуге қақы бар ма ? Ата-бабамыздың заңымен қарастырсақ, қақы болмауы керек! Сондықтан, қазақша сөйлеу отбасынан басталуы керек! Тағы қараңыздаршы, қаладағы қазақ мектептерінде оқитын балалар (орыс мектептерін былай қойғанда) сабақ кезінде ғана қазақша сөйлеседі, қоңырау кезінде немесе сабақтан тыс уақытта қарасаңыз басым көпшілігі орыс тілінде сайрап жүреді. Мектеп басшылықтары неге осы мәселені қолға алмайды? Ал, осы балалардың отбасында неге қазақ тілінде сөйлесіп баланың қанына қазақ тіліне деген құрмет сіңірілмейді? Сонда менің түсінбейтінім, орыс тілін не үшін құрметтеп, сыйлап, мәртебесін көтеруіміз керек? Немене, Ресей мемлекеті сол үшін біздің мемлекеттік бюджетке ақша құйып беріп отыр ма? Немесе орысша сөйлеген әр қазаққа ақша төлей ме? Неге біз 5 қазақ отырып 6-шы адам орыс болса соған бола орысша сөйлесеміз? Неге біздің еліміздің Президенті, депутатарымыздың басым көпшілігі, әкімдеріміз қазақ бола тұра маслихат отырыстары, мәжілістер орысша өтеді? Мен соған таң қаламын! Егерде осының барлығы қазақша болған жағдайда, біз тілді үйреніңдер деп ұрандамай-ақ қазақша түсінбеген адам өзі-ақ қазақша үйренер еді. Қазақ өз тілінде ғана сайрап тұрса басқа ұлт өкілдері қайда барады. Олар бізді түсіну үшін еріксіз біздің тілді үйрене бастайтын еді ғой. Қазақша түсінем, бірақ сөйлей алмаймын дегендерге айтарым, егерде сізге 3 айдан соң Америкаға қызметке барасыз, бірақ сізге бір талап, сіз ағылшынша толық сөйлей алуыңыз керек десе сіз жанталаса оқып 3 айдың ішінде ағалшын тілін үйреніп шығасыз ғой. Ал қазақ тілін неге осылай үйренбеске? Тағы бір таң қалдыратын жағдай, орыс тілінде өзі әрең тілін бұрап сөйлеп жүрген ата-апаларымыз жандарына немерелерін ертіп алып солармен шүлдірлеп орысша сөйлесіп келе жатады. Бұған не дейсіздер! Міне, ата-апаның тәрбиесі қазір қандай деңгейге түсіп кетті! Осыдан кейін тілімді сыйла деп сен қай ұлттан талап ете аласың? Негізі, бәрі керісінше болуы керек қой. Қазақша сөйлей алмайтын ұрпақтың балаларын осы ата-апаларымыз қазақша сөйлетіп жіберсе нұр үстіне нұр болатын еді ғой! Сондықтан... Қазақ бауырларым! Бәрін өзімізден бастайық! Ол үшін мен ұсынамын: 1.Тегімізден -ов, -ова, -ович, -овна деген қосымшаларды алып тастайық та қазақша нұсқаға көшейік. 2.Мекемелердің атауын екі тілде емес, тек қана қазақ тілінде жазайық 3. Үндеуімнің мына бөлімі Мемлекет басындағыларға жолданады: а) Қызметке қазақ тілін білмейтін адам қабылданбасын. Қазақ тілі бойынша емтихан тест түрінде емес кәдімгі сөйлесу-сұхбаттасу арқылы қабылдансын. Осыдан кейін адамдар еріксіз қазақ тілін үйрене бастайды да қазақ тілі қоғамдарына, курстарына бара бастайды. ә) Осы кезекте Үкімет қазақ тілі қоғамдарына осындай үйрену курстарын дамытып, бірақ ақылы түрде оқитын қылып өтуіне қолдау көрсетсе. Неге ақылы? Себебі өз қалтасынан ақша төлегеннен кейін адам қазақ тілін шындап тырысып оқиды. б) Қалалардың, елді мекендердің атауын толық қазақшалау керек.Мысалы,Усть-Каменогорск қаласын Өскемен деп, Павлодар, Петропавловскіні жаңа қазақша атаумен алмастыру қажет және т.б. Көшелердің де екі тілде емес тек қана қазақша атауын қалдыру керек. в)Өкімет мәжілістері, маслихаттар толық қазақ тілінде өтуі тиіс, себебі сонда ғана қызметке келген адам мейлі қазақша білмейтін қазақ болсын, өзге ұлт өкілі болсын, қазақшаны толық меңгеріп алып қызметке бірақ келеді. Бұл үндеуімді қазіргі заманда қазақ тіліміздің қадірі кетіп, өз қазағым, олармен қоса өзге ұлт өкілдері қазақ тілімізді сыйлаудан қалып бара жатқан соң жолдап отырмын, ағайын! Біз, ҚАЗАҚТАР, өз ана тілімізді сыйласақ, өз тілімізде сөйлесек басқа ұлт өкілдері де тілімізді сыйлап үйренеді ғой. Сол үшін, әркім өзімізден бастайық! Осы үндеуімді әр қазаққа жеткізуге атсалысыңыздаршы, өтініш! Қазақша ойлап, қазақ тілінде сөйлейтін Тәуелсіз Қазақ мемлекеті болайық!!! Төлеген Нұрекенов,  Қазақ үні