ҚАЗАҚТІЛДІЛЕР БАРЛЫҚ САЛАҒА КЕЛУІМІЗ КЕРЕК - Олжас Әбіл

Өткенде осында орыстың көрнекті публицисті - Ермек Турсунов "маргиналдар бүкіл саланы басып былықтырып барады, ғылымда, саясатта, өнерде, везде" деп зар еңіреді.

Оның бұл айтылған сөзі, сол баяғы бізге, яғни қазақтілді қазаққа қаратып айтылғанын бәрі түсінді, мен де, оның казахстанецтері де, бәріміз керемет түсіндік.

Меніңше, Ереманың бұл айтқан сөзі шындыққа сәйкес келмейді.

Бізде, керісінше біраз жерде қазақтілді қазақтар жоқ екен.

Билікте, экономикада, саясатта, ғылымда, көп жауапты жерлерде бізді орыстілді қазақтар билеп отыр.

Мен ана "қазақ байлығы кімде екен" деп кейде "Форбс" журналын қараймын ғой, сонда сенесіздер ме, ол тізімде араларынан қазақша сөйлейтін адам таппайды екенмін.

Шын мәнінде қазақтілді қазақтар бізде сол мырзалардың жетегінде ғана желпілдеуден аспай жүр.

Сондықтан "бәрін былықтырды" деп Еремка ренжісе, сол тілдес бауырларына ренжісін.

Жалпы, бізде қандай да бір сала, бағыт қазақтануы үшін, оны былықтыруы үшін қазақтілді қазақтар бірінші сол жерге келуі керек. Сосын олар аяқ тірегеннен соң ол жерде кәдімгідей оның қазақтану үрдісі басталады екен.

Ана физиканың заңы да солай емес пе - қандай да бір процесс басталуы үшін алдымен кеңістікте дене пайда болуы керек. Ал ол дене жоқ жерде оны қалай бүлдірді деп айыптауға болады?

Осы орайда менің ойыма біздің қазақ эстрадасының немесе шоу бизнесінің даму сатысы еске келеді.

Бір ғана мысал айтайын.

Тоқсаныншы жылдары шыны керек қазақ ән - күйі өте жұпыны еді. Оны ауыл қазақтары ғана тыңдайтын.. .."Әй әй әйяй ақ сәулем".. ..."не жаздым мен жаным саған".. Ол кезде жалпы жұрт орысша өлең тыңдайтын. Ал қазақ эстрадасы сағалап соның көлеңкесінде ғана жүретін. Ол қатты кенжелеп қалды шыны керек. Мен одан кейінгі тоқсан, екі мыңыншы жылдардағы клиптерді қарап отырсам.. "Ал давай". "Дильназ Ахмадиева" "Рахат Лукум" "Ксения" "Рахат Турлыханов" "Парвиз - Ситора" "Яшлык" "101" группа сияқты ондаған орыстілді топпен әншілердің туындылары хит екен. Ол кезде орысша ән айтқан иттің итақайы да өзінше жұлдыз боп телевизордан түспейтін. Қазақша "Бақай" тобы... Бейбіт Қорған, "ННБек"... тағы басқалары көлеңкеде жүрді. Қысқасы, қалалық сапалы тренд өнерде қазақтілді қазақтар ол кезде болмады десе де болады. Одан сәл кейін мыңдаған аудитория жинап Қайрат Нұртас шығып еді, оны сол қала тұрғындары әлі күнге шейін менсінбейді.(Сол Ермектің өзі Қайрат Нұртасты позор деп біледі...) Сонымен не керек, бұл заман қазақ эстрадасы оңала алмады.

Ал қазіргі қазақ шоу бизнесі меніңше күрт дамып кетті, шоу бизнес өкілдері трендке айнала білді, яғни қазақ ән - күй өнері өзара бәсекеге түсіп, содан шыңдалып шығып ютубтен ондаған, жүз миллиондап (Ерке Есмахан) көрілім жинап отыр. Қазақтың ән - күйін қазір айналадағы түркі халықтары да өліп - талып тыңдайды. Қазақтың әні мен жырысыз олардың тойлары өтпейтін болды. Біздің әншілер, қазір біздің мемлекетіміздің тұрғын санынан әлденеше есе көп миллиондаған көрілім санын жинайды екен. Елде сонша тұрғын жоқ, бірақ сұраныстары сұмдық екен. Олар өз креативімен айналасын мойындатып отыр, расында, бұлар соңғы кезде керемет шығармашылық табыстарға жете бастады. Ол ол ма, қазақтың өнер саласы қазір әлемге Димаштай теңдессіз супер жұлдызды сыйлап отыр ғой.(!!)

Ұзын сөздің қысқасы, бұл мысалдан менің байқағаным бұл салаға (өнер саласына) алдымен қазақтілді қазақтар келіп аяқ тіреп, одан өзара бәсекеге түсіп, өздерінің дарындарымен, шығармашылық креативтерімен, еңбегімен басқаны мойындатып отыр. Сәйкесінше, біздегі басқа салаларға да осы мысалды үлгі етсе болады екен.

Біз - қазақтілді қазақ Димаштай, Самалдай барлық салаға келуіміз керек екен, мен соны түсіндім. Біз алдымен келуіміз керек, алғашында былықтыруымыз керек,(былықтыру да процестің бір бөлшегі, даму сатысы), одан соң өзара бәсекеге түсуіміз керек, сосын қарыштап дамуымыз керек, сөйтіп жаһанды мойындатуымыз керек.

Біз әр салада дамудың түрлі сатысынан өтіп тек осылай ғана сапалы ұлтқа айналады екенбіз.

Олжас Әбіл, Фейсбук парақшасынан