Арыс халқының абыз ақсақалы еді
2020 ж. 25 ақпан
3232
3
«Ақ жол» демократиялық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абзал Салықбаевтың атасы Арыс халқының абыз ақсақалына айналған Әуесхан қажы Салықбаев 91 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанды. Сырдария мен Арыс өзенін тел емген қабырғалы қалың ел қашан да қазақ бүтіндігі мен бірлігі жолындағы күрестің алғы шебінен табылғаны белгілі. Бұл өңірде Алпамыс пен Қобыландының, Алатау батырдың, олардың ізбасарлары Жаманқара батырлардың тағы да басқа ондаған көсемдер мен шешендердің, билердің, батырлар мен ақындардың іздері сайрап жатыр. Осынау ерлік пен елдіктің сабақтастығы бүгінге дейін үзілмей келе жатқаны арыстықтар үлкен мақтаныш етеді. Арыстан шыққан бес бірдей Социалистік Еңбек Ерінің бірі Әуесхан Салықбаев сол ерлік дәстүрінің бірден бір үлгісі екені даусыз.
Ә.Салықбаев 1929 жылдың 20 мамырында Арыс қаласында дүниеге келген. 1944 жылы 20 мамырда 15 жасында Арыс стансасына қатардағы теміржолшы болып жұмысқа орналасты. Қызметтің барлық баспалдақтарынан өтті. Қатардағы вагон нөмірлеушіден Шымкент темір жол бөлімшесінің бастығына дейін жетті. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысымен Қазақ ССР-нің Алтын кітабына енгізілді. 1959 жылы Қазақ КСР Жоғары Советіне депутат болып сайланды. Озат теміржолшы, еңбек ардагері. 1966 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» медалін қадады.
Арыс стансасы Әуесхан Салықбаев басқарған жылдары жоғары табыстарға жетіп, Одақтағы №1 сұрыптау «фабрикасына» айналды. Әсіресе, арыстықтарды сол кезде ауызсу мәселесі қинады. Әуесхан Салықбаев бастап, көпшілік қолдап, Арыс өзені жағасынан екінші су тарту стансасы салынды. Қаланы жаппай көріктендіру, көгалдандыру жұмысы қызу қолға алынды. Көптеген көпқабатты тұрғын үйлер, балалар бақшалары мен мектептер пайдалануға берілді. Арыс шипажайының іргетасы қаланды. Ә.Салықбаевтың теміржолшы ғана емес, құрылысшы ретіндегі де қолтаңбасы Арыс қаласының әрбір көшесінде сайрап жатыр десек артық айтқандық емес.
«Ақ жол» партиясының ұжымы Әуесхан Салықбаевтың отбасына, туған-туысқандарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады. Жеті ұл-қыздың әкесі, өз әулетінің ғана емес арыстықтардың атасына айналған теміржол майталманы Әуесхан Салықбаевтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, иманы пейіште шалқысын.
«Ақ жол» Қазақстан
демократиялық партиясы