Қазақстан бірқатар елмен әуе қатынасын шектейді

Қазақстан коронавирус тараған бірқатар елмен әуе қатынасын уақытша тоқтату немесе шектеу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы брифингте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді, - деп хабарлайды sputniknews.kz.

"Қазір бірінші санатқа (науқастар саны бойынша) жататын мемлекеттерге рейстерді шектеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл Оңтүстік Корея, оңтүстік-шығыс Азия елдері. Толық тізімді денсаулық сақтау министрлігі бекітеді", - деді үкіметтегі брифингте журналистер сұрағына жауап берген Ластаев.

Бұған дейін Қазақстанның бас санитар дәрігерінің қаулысы шыққан болатын. Оған сәйкес, бірінші санатқа науқастар саны он адамнан асатын мемлекеттер жатқызылды.

Қазіргі таңда Қытайдан тыс жерде ең көп науқас тіркелген елдер: Оңтүстік Корея - 893, Жапония – 851 (олардың 691-і - Diamond Princess круиздік лайнерінің жолаушылары мен экипаж мүшелері), Италия - 229, Сингапур - 90, Иран - 61, АҚШ - 53, Таиланд - 35, Австралия және Малайзия – 22 адамнан бар.