Төтенше жағдайдан да тыс қалмайды

Қызылордада «Волонтер жылына» орай еріктілер «Игі істер уақыты» бас­тамасымен төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына да атсалысты. Бұл ауқымды шараға ҚР Мем­лекеттік қызмет істері агентті­гінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы ұжымдары қатысты. Департамент пен филиал қызметкерлері Сырдарияның Қызылорда қала­сының тұсындағы көктемгі кезде қауіпті саналатын аумақтың бірінде жағалау нығайту жұмыстарына көмектесті. Кеңсе қызметкерлері қапқа топырақ толтырып, өзен жағалауына бөгет жасады. Бұл жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына Төтенше жағдай саласының мамандары жетекшілік жасап, бағыт-бағдар берді. «Волонтерлік бізге жат емес. Халқымызда ата-бабамыздан келе жатқан асар жасау, жылу жинау, ерулік беру секілді ізгі дәстүрлер бар. Биыл Еріктілер жылы аясында қоғамға пайдалы шаралар жасалуда. Біз де сол игі іске қолдау көрсеттік. Еріктілер білім, медицина, мәдениет, спорт, экология, әлеуметтік қайырымдылық және басқа да бағыттарда көмек көрсетуде», – дейді департамент басшысы Нұрман Талқанбаев. Қыс аяғы мен көктем басында дария арнасынан асып тұрғындарға жиі қауіп төндіреді. Бұл шара соның алдын алу бойынша жоспарлы түрде жүргізілген болатын. qazaquni.kz