Тұрғындар әкіммен жер үшін соттасуда

Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының тұрғындары аудан әкімі Малғаждар Саттарұлымен жер үшін соттасып жатқандарына үш жылдан асқан. Шағымданушылардың авдокаты Тұрсын Төлегенованың айтуынша, әкім тұрғындарға пай есебінен берілген шаруа учаскелерін депутат Владимир Божконың ұлына заңсыз беріп отырған көрінеді. Бұл туралы "Азаттық рухы" хабарлайды. Оразақ ауылының тұрғындары 1998 жылы заңға сәйкес бос жатқан шаруашылық жерлерін пай ретінде алған. «Оразақ ауылының тұрғындарына жан басына 14,5 гектар жерден тиген. Сонда бір отбасында – 100, енді бір отбасында – 200 гектарға дейін жер бар. Олар жер үшін адам басына жылына бір рет дивиденд алып отырады. Оның өзі 20-30 мың теңгенің көлемінде. Осы жерді Целиноград ауданының әкімі тұрғындардан тартып алып, депутат Валдимир Божконың ұлына беріп отыр», - дейді Azattyq Ruhy тілшісіне шағымын айтқан адвокат. Шаруалардың жерін алған Максим Божко «Ақмола Феникс» құс фабрикасының басшысы. Кіші Божконың құс фабрикасынан бөлек, бірнеше кәсібі бар. «Максим Божко Целиноград ауданының әкімімен келісіп, тұрғындардың пайына берілген жердің бәрін иемденуде. Ол жер учаскелерін 10 жылға жалға заңсыз алғанымен қоймай, оны басқа адамдарға жалға өткізіп, үстінен тағы пайда көріп отыр. Бұл аз десеңіз, аталған учаскелерді кепілдікке қойып, жарты миллиард теңге несие алған», - деді адвокат. Төлегенованың сөзінше, Азаматтық кодексте жер иелері зардап шегетін болса, онда жалға алушылар шаруа шығындарын толықтай өтеуі тиіс екені жазылған. Әкімнің үстінен арызданушылардың ұзын саны 22 адамды құрап отыр. «Дивиденд ретінде жерінен ештеңе ала алмай отырған 22 шаруаның атынан сотқа шағым бердік. Келтірілген шығын 4,5 миллион теңгені құрайды. Сотқа әкім мен Божконың өкілдері қатысып жатыр. Целиноград ауданы мен Көкшетау облыстық соты алғашқыда әкімнің пайдасына шешілді. Кейіннен барып сот ісімізді қайта қарады», - дейді Төлегенова. 2017 жылы шаруалардың адвокаты Тұрсын Төлегенова «Қазақстан» телеарнасына судьялар қатысқан бағдарламаға спикер ретінде шақырылыпты. Телеарна эфирін пайдаланған заңгер Оразақ ауылы тұрғындарының жай-күйін судьяларға жайып салған. Эфирден бір ай өткен соң Ақмола облыстық соты шаруалардың шағымын қайта қарап, әкімнің ісін «заңсыз» деп таныған. «Әкімге жердің заңсыз беріліп отырғанын дәлелдедік. Бірақ ол сот шешімінде жерді қайтару туралы сөз жазылмаған дегенді алға тартып, жерді әлі қайтармай отыр. Әкімнің ата-заңды сыйламағаны былай тұрсын, ол өз халқымен соттасып отыр. Мұнда сыбайлас жемқорлық та бар. Божкодан алған ақшасын қайтарғысы келмей отырғаны анық», - деп күйінді авдокат. Айта кететіні, 24-25 ақпанда Целиноград ауданында аталған іс бойынша қос бірдей сот отырысы өтеді. Айжан Қалиева, Фейсбук парақшасынан