Тұрғындар Қытайдан эвакуацияланғандарға тас лақтырып, шабуыл жасады (видео)

Украинада Полтавская облысы Новые Санжары ауылында митингіге шыққандар қытайлық Уханнан эвакуацияланғандар отырған автобусқа шабуыл жасады. Бұл туралы РБК-Украина мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Шабуыл кезінде митингіге шыққандар автобустың терезелерін сындырған. Ал жолаушылар салон ішінде болған балаларды тастан қорғаған.

"Уханнан эвакуацияланғандар балаларын сырттан ұшып кіріп жатқан тастардан қорғады. Украинаға қош келдіңдер, жерлестер! Қытайда жүріп бізде бәрі қалай болатынын ұмытып қалған шығарсыңдар?", - деп жазды журналист Юрий Ткачев.

Митингіге қарамастан автобустар Украина ұлттық гвардиясының "Новые Санжары" медициналық орталығына кіре алды, артынша санатория қақпасы жабылды. Артынша жергілікті тұрғындар мен құқық қорғаушылар арасында қақтығыс болған.

Автобустарда Украинаның 45 азаматы мен 28 шелелдік (Аргентина, Эквадор, Доминикан Республикасы, Сальвадор, Коста-Рика, Черногория, Панама және Израиль азаматтары) отырған.

Украинадағы шеру туралы әлемдік БАҚ жазып жатыр.

"Украинада коронавирустан эвакуацияланғандарды қақтығыс, келемеж және өртенген дөңгелектер күтіп алды", - деп жазды REUTERS.

"Украинада коронавирус туралы жалған ақпарат митингіге алып келді", - деп жазды The Daily Beast.

Associated Press-тің мәліметінше, митингіге шыққандардың бірі көлігімен полиция кордонына соқтығысуға тырысқан. 9 полицей мен бір тұрғын ауруханаға түскен, 10 адам ұсталған.