Ислам ӘБІШЕВ: «Шындықты айтқан Жампозовқа беретін жылдарыңды менің 5 жылыма қосып беріңдер!»

9195

ӘДІЛЕТСІЗ СОТ ӘБІШЕВТІ 5 ЖЫЛҒА СОТТАДЫ

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында атышулы Ислам Әбішев ісіне байланысты сот шешімі шықты.

Судья Қажымұқан Мекемтас Ислам Әбішевке 5 жыл, Серік Түкиевке 4 жыл үкім кесті. Әбішев те, Түкиев те сот шешімімен келіспейді, қалалық сотқа аппелияцияға берді.

Сот сонымен қатар адвокат Абзал Құспанға сотқа жала жапты деп, журналистер Өмірзақ Ақжігіт пен Сәуле Әбілдаханқызы екеуіне сот беделін түсірді деп жеке шешім шығарып, бір айдың ішінде шара қолдануға прокуратураға тапсырды.

Сонымен кешегі мақаламызда жазған едік:

«Ең бастысы – Қажымұқан Мекемтастың бұл істі жүргізу бақыты болатыны – егер ел күткен әділ шешім шығарып, қазақ сот билігінің әділдігін әлемге паш етіп, Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті сот залынан ақтап босатып жіберсе, тарихта әділ сот деген атпен қалатыны! Одан соң Қажымұқан Мекемтас мырза жұмыстан шығып кетсе де, ешқандай жұмыс істемей-ақ әділ сот деген ерекше құрметті аты асырар еді….

Ал соры болатыны – егер ертең елдің қоғамдық пікірі әлдеқашан ақтап қойған Ислам Әбішев пен Серік Түкиевке әділетсіз үкім шығарып, соттап жатса, өзінің атына тарихта мәңгілік ұрпағына кетер қара таңба басылатыны!

Ал мен құрметті сот Қажымұқан Мекемтастың бақытты болуын қалаймын!»-дегеніміздей, Ислам Әбішев сотына әділетсіз үкім шығарып, бұл сот судья Қ.Мекемтастың соры болды!..

Ең масқарасы тергеушілердің былығын әшкерелеген Асылжан Жампозовқа «куәгер ретінде жалған жауап берді» деп жеке шешім шығарып, бір айдың ішінде шара қолдануға прокуратураға тапсырды.
Осыған шыдай алмай кеткен Ислам Әбішев: «Асылжанның әкесі Өмірбек Жампозов шындық үшін өзін атып мерт етіп еді. Енді шындықты айтқаны үшін оның ұлы Асылжанды соттамақшысыңдар. Асылжанға тиіспеңдер! Не деген барып тұрған әділетсіздік бұл?!. Оған беретін жылдарыңды қанша жыл болса да, маған, менің 5 жылыма қосып беріңдер!»-деп айқай салды.
-Біздің адвокаттардың 100 пайыз дәлелдеген заңсыздықтар мее арандатушылықтардың бір де біреуін іске қатыссыз етіпсіңдер. Онда несіне он бір ай әуре болдық сот өткізіп. Ұстаған кезде-ақ соттай салмайсыңдар ма қалаған жылдарыңды беріп?’.-деп наразылық танытты Ислам Әлмаханұлы.

Ислам Әбішевтің жанайқайына соттың үлкен залына да сыймай тұрған халық ду қол шапалақтап, дуылдап қоштап кетті.

Сот Қ.Мекемтастың Серік Түкиевке таққан тағы бір айыбы қазақтың намысы мен күлкісін келтіреді: «Сіз орыс тілін түсінбеймін, сот қазақ тілінде өтсін деп жалған айттыңыз. Өйткені сот барысында сіздің орыс тілін түсінетіңіз белгілі болды. Себебі сіздің атқарған Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы вице-президенті қызметіңіз және жоғары оқу орнын бітіргеніңіз орыс тілін білетініңізді көрсетеді» деп сілтеді…
Оған Серік Түкиев: «Мен ағылшын тілін де түсінемін, сонда сот ағылшын тілінде өтуі керек пе? Біз соттың мемлекеттік тілде өтуін талап еттік!»-деп тойтарыс берді. Бұған жұрт риза болып, қол шапалақтап, қолдап кетті.
Сонда біздің қазақша жазып берген үкімді екінші сыныптың екілік оқушысындай ежіктеп зорға оқып берген сот Қ.Мекемтастың ойынша жоғары оқу орнын бітірген қазақтар Ресей тілін білуі міндетті екен. Міне, қызық! «Естімеген елде көп» деген осы!.. Құтылмаған құлдық сана!

Абзал Құспан: «СОТ ЗАЛЫНАН ШЫНДЫҚ ІЗДЕУ МҮМКІН ЕМЕС, МЕН ЕНДІ ӘДІЛДІКТІ КӨШЕДЕН ІЗДЕЙМІН!

Адвокат Абзал Құспан: «Мен қандай жала жауыппын сот, сізге, анықтап айтпадыңыз?!. Сіздің қазақ тілінен екі беттен 76 қате жібергеніңізді айтқаным ба жала деп тұрғаныңыз? Мен ертеңнен бастап адвокаттық лицензиямды өткізіп, көшеден іздеймін шындықты! Сот залынан әділеттілік табу мүмкін емес екен'»-деді шарт кетіп.

Ислам Әбішев пен Серік Түкиев қоршау ішінде тұрып, сот шешіміне наразылық білдіріп шулаған елге басу айтты. Аппелияцияға беретінін, бәрін заңды жолмен шешу керек екенін, әділеттілікке жетпей қоймайтынын мәлімдеді.

Сотқа елдің әр өңірінен әділдік іздеген көп адамдар келді.
Шымкенттен келген ел ағасы Бегайдар қажы Смадиярұлы Ислам Әбішев пен Серік Түкиевке жігер беріп, Алладан рахым тіледі. Ал Түркістан облысы Ордабасы ауданынан келген зейнеткер Мақсат Тілеу: Менің 7 немерем бар! Жетеуі де осы сотталушы арыстар Ислам мен Серікке тартуын тілеймін» деп залда айқай салды! Ел ду қол шапалақтап қолдап кетті.
Сот шешіміне наразылық білдіріп шулаған елді қорғаушылардың өздері сабырға шақырып, зорға басып, қайтарды.

Енді қалалық сот шешімін күтеміз!
Ақиқат үшін алысып, абақтыда бір жылдай жазықсыз жатқан арыстарымызға Алла жар болсын!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні