ӘБІШЕВ триллион үнемдеу баяндамасын МІНБЕДЕ емес, ТҮРМЕДЕ ЖАСАДЫ...

  Соттағы жарыссөз  бен соңғы сөзінде Ислам Әбішев  триллионды қалай үнемдеуге болатынын көрсетіп берді. Бірақ Халыққа адал да, алапат қызмет ету туралы баяндамасын Үкіметтегі мінбеде емес, түрмеде жасады... Бұндай оқиға, сотталушының сот залындағы қоршау ішінде тұрып, ақталу сөзін емес... үкіметтік деңгейдегі баяндама жасауы әлемдік сот тарихында да болмаған шығар... Триллион қалай үнемделгенін сот залынан шығарып, үкіметте барлық министрлер мен әкімдерге, комитет төрағаларына көрсету керек еді... Прокурор сотқа шағым айтып, БАҚ-тың тікелей ақпарат жасауына, аудио/видео жазуға бекер тыйым салды. Солай солақай шешімімен бұндай ғажап сөзді бүкіл еліміз тікелей таныса алар бақытынан айырды... Иә, тарихта болмаған сотта сотталушы сот тарихында болмаған сөз сөйледі! Аудио-видеоны қолданып, графикалық кестелер мен түрлі таблицаларды пайдаланып сөйленген сөз шынында да нағыз үкіметтік баяндама еді... Мұндай сотты жүргізіп отырған судья Қажымұқан Мекемтас та, мемлекеттік айыптаушы прокурор Саламат Сүлейменов те тарихта қалатын болды... Прокурор Саламат Сүлейменов Ислам Әбішевке 11 жыл жаза сұрағаны үшін кешірім сұрап, қайта алғыс айтып, ақтау керек деп сот залынан шығып кетуі керек еді... Егер Ар мен Заң алдында адалдығы мен намысы болғанда... Таразының екі басында екі адам тұр: Мемлекет қаржысынан триллионды қорғап қалған қайраткер  Ислам Әбішев пен мемлекеттің миллиардтарын жеп кеткен айлакер (соның кесірінен 100 мыңдай ауыл тұрғыны ауыз сусыз отыр) Азамат Шаймерденов. Енді біздің соттың , яғни биліктің алдында таңдау тұр! Еліміздің әлемге әйгілі зиялылары мен Парламент депутаттары, Олимпиада, әлем чемпиондары бастап, 200 мыңдай адам ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа жазылған Ашық хатқа  қол қойып, қолдаған Ислам Әбішевті талайдың ақысын, мемлекеттің миллиардтарын жеп кеткен әлдебір алаяққа айырбастап жібере ме, жоқ, мемлекеттің трилионын қорғаған Ерді Елмен бірге қорғап қала ма, ең басты мәселе осында! Яғни, біздің билікке мемлекеттің қаржысын қорғаушы керек пе, жоқ ел қаржысын тонаушы керек пе? Бұған 18 ақпанда сағат 16:00-де көз жеткіземіз! Бұған бүкіл еліміз көз тігіп отыр! Мен өзім бір жылға жуық, 11 айдан бері қадағалап келе жатқан осы Ислам Әбішев пен Серік Түкиев ісінде жоғары біліктілік көрсеткен, тергеушілердің  қолдан жасанды құрастырған жалған ісінің күл-талқанын шығарған белгілі адвокат Абзал Құспан бастаған қорғаушылар Мәкіш Есқараевқа, Ерлан Макеновке, Саян Жүнісбайға, Алмас Әбдірахмановтарға зор алғысымды білдіремін. Олар тергеушілердің әр ісінің быт-шытын шығарып жатқанда сондай жалған жамаулы істі жамылып,  тек  соттауды талап етіп отырған "соқыр" прокурор С.Сүлейменов үшін  залда тыңдап отырған ел ұялып кетеді... Сонымен бірге 20-дан аса куәгердің барлығы, тергеушілер алып келген куәгерлердің бәрі де Ислам Әбішевті жақтап сөйлеп, тергеушілердің жоспарының быт-шыты шықты... Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро тергеушілерінің  жаласына шыдамай, тергеуші мен прокуратура қызметкерін атып жаралап, содан соң өзін атып, мерт болған ҚазСушар мекемесінің бұрынғы бас директоры Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан Жампозов өзіне тергеушілердің қысым жасағанын, өзінің жазып берген түсінігін тергеушілердің жыртып тастап, өздері дайын жазба ұсынып, соған қол қойдырғанын, қазір де қысым жасап жатқанын, сол үшін соттан қорғаушы сұрайтынын жеткізді. Ал Шаймерденов "Ислам Әбішев пара сұрады" деген "Қазбайлық Астана" ЖШС  басшысы А.Төлегенов өздерінен ешкім пара сұрамағанын және ешкімге пара беру ниеттері жоқ екенін, Ислам Әбішевті тек сыртынан ғана білетінін жайып салды. Сонымен пара беруші жоқ болып шықты бұл істе... Астанадағы сотқа ақборан мен аязға қарамай, зейнетақыларын жұмсап елден келіп жатқан ел ағаларына, ақсақалдарға, азаматтарға  ризамыз.  Әлемге әйгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 75 жасқа толған мерейтойын елімізден бұрын Англия апта бойы тойлаған Дулат Исабеков бастаған Көпен Әмірбек, Мырзагелді Кемел,  Марат Тоқашбаев, Болат Мырзалиев,  Қыдырбек Рысбекұлы, Әлібек Шегебай, Ұларбек Дәлей, Дастан Кенжалин, Төлемырза Темірбекұлы, Алтынбай Мұса, Ақын Ордабай, Мәди Манатбек, Бауыржан Қарағызұлы және тб зиялы қауым өкілдеріне, әр сот сайын хабарласып отырған белгілі қоғам қайраткері Сабыржан Махмет бастаған өңірдегі  жанашыр азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде қолдап, қорғап отырған, әділеттік үшін күресуші мыңдаған азаматтарға алғысымыз шексіз! Сот залынан күнделікті ақпарат беріп отырған белгілі журналистер Өмірзақ Ақжігіт, Сәуле Әбілдаханқызы, Азамат Тасқараұлы, Мадияр Жалғасұлы (Жас Алаш), Зауре Мырзаходжаевалардың еңбектері өз алдына бір төбе. Еліміз тарихында ең бірінші рет бұл сотта  қоршау ішінде тұрған сотталушы Ислам Әбішев қазақ ақындарының жырын оқыды. Сот залында бірнеше рет ақындар жыр оқыды!  Сол кезде ғой, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Исекең туралы арнайы мақала, айшықты жыр жазған көрнекті ақын Темірхан Медетбек: "Сот залын мүшәйраға айналдырып жібергенсіңдер ме? Жыр оқылған жерде жақсылық болады. Жақсылықтан басқа жасағаны жоқ Ислам ініміз жайлы жақсы хабар күтеміз"-деп хабарласқаны... Өзінің жеке қаржысына мектеп, мешіттер, ауыл, көптеген баспанасыз адамдарға үй салып беріп, ел игілігі үшін жүздеген миллиондарын жұмсаған  адал да, ақниет атпал азамат, намазын қаза қылмайтын нарқасқа Ислам Әбішев  Су ресурстары комитетінен 7 миллиардтай көлемде тендер алып,  жұмысын істемей кеткені үшін  Азамат Шаймерденовпен келісім-шартты бұзып,  ол комитетті сотқа бергенде сотта жеңіп шыққан  адам өзі соттасып жүрген қауіпті сексот, алаяқтан 60 миллион пара алмақшы болды дегенге есі дұрыс адам сене ме? Тергеу орындарының үш ай жасырын тыңдаған жазбасында да бір тиын сұраған сөзі жоқ.  Түк болмағасын Азамат Шаймерденов Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы вице-президенті Серік Түкиевке өзі ұсыныс жасап, Голландиядағы чемпионатқа демеуші боламын деп аударған 10 миллион теңгені "параға" аудара салады... Азамат Шаймерденовтің  Ислам Әбішевке жала жабардың алдында ауыр қылмыс жасап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро тергеушілерінің қармағында жүргені, өзі де бұрын Қаржы полициясында істегені анықталды... Ал  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро "Ислам Әбішев пара алу үстінде ұсталды" деп жалған ақпарат таратып, интернетке жүзі көрінбейтін бір белгісіз адамның ақша алып жатқан видеосын салып қойған, оны көрген кез келген адам бұл Әбішев екен ғой деп ойлайтыны анық... Айтпақшы, ол жалған видео әлі тұр...  Ал Ислам Әбішев бір тиын да пара алған емес. Ол осы сот барысында 100 пайыз анықталды. Егер міндетті түрде Әбішівті соттау керек болса басқа қылмыс ойлап табу керек!..  Сонда есіл ерлер бір жылға жуық уақыттай тас түрмеде  әлдебір алаяқтың жаласымен жазықсыз отыр. Ұлттық мүддені қорғап жүретін Ислам Әбішев соттың орыс тілінде жүруіне қарсы болды! Ал сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуге прокуратураның өзі қарсы болып, Ислам Әбішев пен адвокат Абзал Құспанның табандылығының арқасында сот арқылы Ресей тілінен Қазақ тіліне ауысты - не деген масқара! Міне, біздің Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылындағы "Ұлтсыздық" саясатының жемісі! Қазақ Елі астанасында соттың Қазақ тілінде өтуіне Заңды қадағалаушы прокуратураның өзі қарсы! Ал елордада істі толыққанды қазақша жүргізе алатын бір де бір сот жоқ! Біздің еліміздің тарихында бұрын-соңды Ислам Әбішев ісіндей сот болған емес! Өйткені, бұл сот: 1.Еліміз бойынша қоғамдық  зор резонанс тудырған; 2.Прокуратураның әділетсіздігі мен ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Халыққа Жолдауында тура сыналғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро тергеушілерінің  ашық заңсыз әрекеттері мен барып тұрған былапыт арандатушылығы әшкере болған; 3.Сот жүйесіндегі негізгі сот жүргізу тілі - мемлекеттік тілдің іске аспайтын бейшара халін - ел астанасы  бас қаладан басталған барып тұрған заңсыздықты көрсетіп берген; 4.Сотталушыны еліміздің 200 мыңға жуық адамы Ашық хатқа қол қойып, қолдаған (бұл бұрынғы   көрсеткіштен 100 еседей жоғары -рекордтық деңгей) сот болды! Осындай тарихи сотқа  құрметті сот Қажымұқан Мекемтастың судья болғаны әрі бақыты, әрі соры. Бақыты болатыны - өмірде осындай да  алапат  дарынды, айрықша іскер,  триллион үнемдеп, сол кезде ұсынылған миллиардтаған "сыбағадан" бас тартқан адал адам болатынын өз көзімен көрді. Бақыты болатыны - өзінен бастап елордадағы барлық судьялардың сот жүргізу тілі -мемлекеттік тілді білмейтіндері әшкере болғаны (2 беттік қаулыдағы 24 сөйлемнен 76 қате шықты), өзіне сотталушылар мен қорғаушылар үш рет сенімсіздік білдіріп, сот залын үш рет тастап шығып, үш рет қайтып келгені ешнәрсе емес - бес айдың ішінде қазақ тілін жап-жақсы үйреніп алды. Жалпы Ислам Әбішев ісін әр айда әр судья жүргізгенде, елордадағы 5-6 судья мемлекеттік тілді үйреніп шығар еді... Ең бастысы - Қажымұқан Мекемтастың бұл істі жүргізу бақыты болатыны - егер ел күткен әділ шешім шығарып,  қазақ сот билігінің әділдігін әлемге паш етіп, Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті сот залынан ақтап  босатып жіберсе, тарихта әділ сот деген атпен қалатыны! Одан соң Қажымұқан Мекемтас мырза жұмыстан шығып кетсе де, ешқандай жұмыс істемей-ақ  әділ сот деген ерекше құрметті аты асырар еді.... Ал соры болатыны - егер ертең елдің қоғамдық пікірі әлдеқашан ақтап қойған  Ислам Әбішев пен Серік Түкиевке әділетсіз үкім шығарып,  соттап жатса, өзінің атына тарихта мәңгілік ұрпағына кетер қара таңба басылатыны! Ал мен  құрметті сот Қажымұқан Мекемтастың бақытты болуын қалаймын! Соңғы сөзді сот айтады! Қазыбек ИСА, "Қазақ үні" газеті Qazaquni.kz