Түркияда Абай жылы ашылды

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Түркия Мәдениет министрлігі, ТҮРКСОЙ ұйымы мен «ТРТ Аваз» телеарнасының қатысуымен Түркиядағы Абай жылын салтанатты түрде ашты. Салтанатты шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, «ТРТ Аваз» директоры Седат Сағыркая, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, сондай-ақ Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің елшілері, шетелдік дипломаттар, зиялы қауым өкілдері және қазақстандық студенттер қатысты. Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероглу Абай – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, түркі тілдес халықтардың рухани қазынасына баға жетпес үлес қосып қана қоймай, қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті.  Кеш соңында Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан және Әзербайжан әртістері Түркияның Президенттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Абайдың музыкалық мұрасын орындады. «ТРТ Аваз» телеарнасы салтанатты шараны толығымен түсіріп, 350 миллион көрерменге көруге мүмкіндік берді. З.Қабиоллаұлы qazaquni.kz