Мейірімділік жүрек жылуынан басталады

335
0
Бөлісу:

Адамзат қауымдасып өмір сүрмесе  жаратылыстағы ең алпауыт күш иесі динозаврдан да бұрын жер бетінен жойылып кетер ме еді. Қауіп-қатері көп алғашқы қауымдық құрылым ғасырлар қойнауында, тарихтың терең түбінде қалса да, бүгіндер дамыған жаһандану заманында өмір сүріп жатқанымызбен жеке адам жалғыз өзі қоғамнан тыс  ешқашан толыққанды тіршілік ете алмайды. Сондықтан да ата-бабаларымыз «Адамның күні адаммен» деген болар…

Өкінішке орай, бұл өмірдің мәні мен сәні сыйластықта, жақсылық жасауда және қайырымдылық пен мейірімділікте екенін біз үнемі ескере бермейміз. Күнделікті күйбең тірлікпен, тіршіліктің қамымен жүріп ол туралы ойлануға, қоғамдағы саяси, әлеуметтік және басқа да құбылыстарға қарайтын мұршамыз болмайтыны да рас. Қасымызда тұратын көршілердің үйіне бас сұғып, аман-саулығын сұрайтын кез де өте сирек болатыны жасырын емес. Соған қарап, біздің «безбүйрек» болып бара жатқанымызды бірден байқауға болатын шығар. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» деген заманда өмір сүріп жатқанымызды мойындауымыз керек, жан-жағымызды қайтсем көбірек пайда тапсам деген жанталас жайлаған. Қанша тыраштанса да кедейдің бәрі бірдей бай болып кетпейді, қанша байыса да бай ешқашан Құдай болмайды. Бұл өмірдің өзі көрсетіп отырған ақиқат. Дегенмен қайырымдылық пен мейірімнен мүлдем жұрдаймыз деп бүкіл қоғамға қара күйе жаға салуға болмас. Бес саусақ бірдей емес, адамдардың да жаратылысы әртүрлі. «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» – демекші, таршылықтан тайсалмай, баршылықтан басы айналмай қиналғандарға қол үшін беріп, жанындағыларға мейірім шуағын шашып жүрген жандар да жетерлік.

Біз таңдап алған  мына капиталистік қоғамның нарықтық қатал заңы ұлтымызға үлкен сын болды. Социалистік жүйеде ондаған жылдар бойы өмір сүрген еліміз алғашқыда есеңгіреп қалғаны белгілі. Жаңа жүйеге жатсына қараған жұрттың басым бөлігі не істерін білмей абдырап, бұрындар бізге беймәлім, белгісіз бір әлемге тап болған-ды. Есін ерте жиғандар, еті тірі пысықайлар ғана нарықтық кезеңге тез бейімделе білді. Оның үстіне егемендік алысымен көзді жұмып нарыққа бірден қойып кеткен кезеңдегі әділетсіз жүргізілген жаппай жекешелендіру науқаны да халықтың тұрмысына кері әсерін тигізді. Қолында билігі барлар ата-баба, әкелерімізден жеткен ұлтымыздың ортақ байлығын көбірек қарпып, қарапайым көпшілік өз үлесінен айырылып далада қалды.   Сөйтіп қоғамдағы тұрғындарымыз арасында әлеуметтік-тұрмыстық жағынан алғанда алшақтық пайда болып, жыл өткен сайын байлар мен кедейлер табы көз алдымызда қалыптаса бастады. Оны бүгінгі күні шаруашылығы шашылып қалған ауылдардан ғана емес, қала өмірінен де күнделікті көріп жүрміз. Тұрмыстық тығырыққа тірелген тұрғындарымызды қолдау мақсатында былтыр Алматы қалалық әкімдігі аясында «Қайырымдылық және әлеуметтік жауапкершілік бөлімі» ашылған-ды. Әділін айтсақ, бұл кеште болса өте дұрыс қабылданған шешім болды. Көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен өзге де әлеуметтік жағынан нашар қамтылған қоғам топтарын қолдаумен арнайы айналысатын мекеменің құрылуы құптарлық жағдай. Бұрындар мұндай бөлім ешқашан болмаған-ды, сондықтан бәрін басынан бастауға тура келген.  Оның құрылғанына небары он-ақ ай болса да бірқатар игі істердің ұйытқысына айналғанын байқаймыз.

«Қайырымдылық  – тұрмыстық түйткіл мен тағдыр тәлкегіне түсіп қалған қасымызда жүрген қарапайым адамдарға  деген қамқорлық. Мейірімділік жүрек жылуынан басталады, шынайы ниеттен ғана туындайды. Сондықтан қамқорлық, мейірімділік деген сөздердің мағынасы тым тереңде, оның жауапкерщілігі мол, көтерер жүгі де ауыр» – дейді бөлім жетекшісі Рахилям Махпирова.

Расында да, өмірге деген үміт отын өшіру алдында тұрған ауыр сырқат меңдегендер, мүгедектер, бойынан қуаты кетіп дәрменсіз күй кешкен қариялар, қасында жанашыры қалмаған жалғызілікті жандардың жағдайын көзбен көрудің өзі кімге де болса жеңіл соқпасы белгілі. Олардың әрқайсысының өз өмір соқпағы, өз тағдыры бар, алдымен соны түсіне білу қажет. Сондықтан бұл іске білікті, адам жанын түсіне білетін, жақсылық жасауға жаны жақын тұратын азаматтарды топтастыру керек болды. Қуантарлығы ондай адамдар біздің қоғамда баршылық екен. Міне осындай мақсатпен топтасқан ұйым қатары күннен күнге толығып келеді. Еріктілердің сапында жастар ғана емес, жасы егделер мен көпбалалы аналар да бар. Өйткені олар қайырымдылық пен мейірімділіктің маңызын жете түсінетін жандар.

      Ұйым өз жұмысы барысында, әрине жағдайы жақсы, кәсіпкерлікпен, бизнеспен айналысатын, өзгелерге қамқорлық көрсетуге ниетті азаматтармен байланысқа шығып, солардың тікелей көмегіне жүгінеді, сол арқылы оларды да ортамызда орын алған әлеуметтік қиындықтарды жоюға жұмылдырады. «Көмекке мұқтаж жандардың тізімін жасау өз алдына, сонымен бірге демеушілерді іздестіруге тура келеді. Ол үшін түрлі компания өкілдерімен, белгілі кәсіпкерлермен байланыс орнатып жағдайды түсідіреміз» – дейді бөлім қызметкері Динара Кенжалиева. Ал, оның оңай жұмыс  емес екені белгілі.  «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші, қарабастың қамымен ғана жүргендерді қарапайым адамдардың мүшкіл жағдайы ойландыра бермейтіні рас. Бұл жерде түсіндіру, өзіміз өмір сүріп жатқан ортақ қоғамға деген көзқарасын өзгертіп, санасын оятуға түрткі болуға тура келеді.

Көмек қолдарын созуға дайын жандар көп болғанмен оған мұқтаж жандардың бәрін толықтай қамту мүмкін емес. Оның себебі түсінікті. Айталық Алматыда қала әкімдігінің дерегінше 14 мың 612 көпбалалы ана тұрады екен. Оның 4 мың 533-і «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Қазір олар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып жатыр. Мәселен, 3 мың 283 отбасының 1-3- баласына 96 мың теңгеден, ал төртінші және одан көп балаларына 159 мың теңгеден біржолғы жәрдемақы төленген. 14-22 мың теңгеге дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыны 8 мың 495 отбасы алады. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 6 569 отбасыға 31 мың теңгеден астам жәрдемақы ұсынылады екен. Асыраушысынан айырылған отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған, бір балаға – 25 мың теңгеден астам, екі балаға – 44 мың теңге, үш балаға – 55 мың теңге; төрт балаға – 58 мың теңге, бес балаға – 60 мың теңге; алты және одан көп балаға – 63 мың теңгеге жуық. Осындай жәрдемақымен 14 579 адам қамтылған.  Бұл әрине мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек, оны ешкім жоққа шығара алмайды.Бірақ бүгінгі қымбатшылық кезеңінде осы қаржының өзі отбасының аса қажет, бірінші кезектегі сұраныстарын толықтай өтей алмасы белгілі. Өйткені тұтынатын  тауарлар, әсіресе азық-түлік бағасы әлсін-әлсін көтеріліп тұрғындардың сатып алу қабілетін төмендетіп жібереді.  Сондықтан мұқтаж отбасылардың саны өзінен өзі арта түседі. Оларға қоғамдық ұйымдар мен демеушілер тарапынан қамқорлық көрсету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып та келеді. Өткен он ай ішінде бұл бөлім арқылы барлығы жеті мыңға жуық мұқтаж адамдарға түрлі көмектер көрсетілген екен. Соның қатарында азық-түлік, киім-кешек, үйге аса қажет техникалық құрал-жабдықтар, мүгедектерге арналаған арбалар, ауру балаларды тегін медициналық тексеруден өткізу,  шетел тілдерін  тегін оқыту, жаттығу залдары мен бассейндерге ақысыз қатыстыру, Елордаға эксурсия жасауға жолдама алып беру сияқты көптеген қызмет түрлері бар. Осының бәріне жомарт жандар қыруар қаржы жұмсағаны анық.

Атап айтсақ, «Аман-жол М» ЖШС көмегімен бірнеше рет демеушілік акциясы жүргізілген. Соның нәтижесінде қаламыздағы 355 отбасы үйге қажет электронды және өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Одан басқа өткен шараларда тағы да әлеуметтік-тұрмысы төмен үш жүзден аса отбасына  азық-түлік таратылды, мүгедек балалардың  неврологиялық ғылыми-клиникалық орталығынан тексеруден өтіп емделуіне ықпал етті.

Осы жерде мынандай да бір жағдайды айта кеткеніміз орынды сияқты. Айтарлықтай қамқорлық акцияларын өткізіп жүрген кейбір белсенді демеушілеріміз өздерін жарнамалағанды жөн көрмейді. Сондықтан демеушілік жасаған кәсіпорындар мен олардың иелерінің аттары белгісіз болып қала береді. Бұл енді әркімнің өз қалауына байланысты болмақ. Ең бастысы олар мұқтаж адамдарға деген жанашырлық таза ниеттерін, қамқорлықтарын көрсетіп келеді, шынында да оны жалпақ әлемге жария ету міндет емес шығар. Осындай мейірімді жандардың көмегімен көпбалалы отбасынан 9 бала ағылшын тілін тегін үйренуге жіберіліп, 8 адам мүгедектерге арналған арбаларға ие болды. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында  Н. Сац атындағы мемлекеттік балалар мен жасөпірімдерге арналған орыс акемиялық театрында демеушілердің қолдауымен  әлеуметтік жағынан нашар қорғалған отбасыларынан 700 бала қатысқан үлкен мерекелі іс-шара өткізілді. Концерт қойылып сыйлықтар табысталды. Сол сияқты «Sport Complex BossTan» ұжымы көпбалалы отбасы мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 50 адамға фитнес залға бір жыл бойы тегін қатысуға билеттер берді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай «KAZ Minerals Project B.V. Industrial Construction Group» компаниясы ауқымды шоу бағдарлама ұйымдастырып 32 отбасы балаларына киім-кешек, тәтті тағамдарға толы сөмкелер сыйлады.  Ал келесі бір демеушілер 100 балаға «Майями аквапаркіне» баруға мүмкіндік жасады. Осындай қайырымдылық көрсету ұйымдарының қатары өсіп келелді. Мысалы, «Біз Адамбыз – Біз Біргеміз» қоғамдық қайырымдылық қоры осы ақпан айының басында Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты «Айнабұлақ-3» ықшамауданында өзінің «Мейірімді» атты әлеуметтік дүкенін ашып тегін жәрмеңке өткізді. Көпбалалы отбасыларына киім-кешек, азық-түлік таратылды. Жаңадан ашылған әлеуметтік дүкен аядай бөлмеде орналасқанмен алға қойған мақсаттары айқын. Жергілікті билік бұл қайырымдылық дүкеніне алдағы уақытта қажетті қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.

Бүгінгі біздің қоғамдағы  толық шешімін таппай жатқан мүгедектер мәселесі де көпшілікті алаңдатады. Әрине, мұндай мәселе дүниежүзіндегі барлық елдерде бар. Жер бетіндегі экологиялық жағдай бұған тікелей әсер етіп отырғанын әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар тұрақты түрде айтып келеді. Оны әрбір мемлекет өз мүмкіндіктеріне қарай шешіп жатқаны белгілі. АҚШ, Еуропа мемлекеттері сияқты дамыған елдерде мүгедектерге көрсетілетін қызмет өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары екені де түсінікті. Қазіргі таңда кейбір ресми деректерге қарағанда Қазақстанда 674,2 мың мүгедек тұрады екен. Оның 417,7 мыңы  зейнет жасында, 85,1 мыңы немесе 12,6%-і — 18 жасқа дейінгі балалар. Соңғы бес жылда мүгедектігі бар адамдардың саны 7,5 пайызға көбейген.  Елімізде осы топтағы адамдарға мемлекет тарапынан тұрақты түрде қамқорлық көрсетіліп келеді, оны жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанда мүгедектер мен оларға күтім жасайтындарға да республикалық бюджеттен белгілі бір мөлшерде жәрдемақы қарастырылған.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобына, ауру себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты белгіленеді. Ең төменгі күнкөріс шегінің өсуіне қарай жәрдемақы мөлшері де жыл сайын ұлғайып отырады. Өткен жылдарда жарияланған ресми деректерге қарасақ 508 700 адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алып келіпті. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 600 мыңға жетуі әбден мүмкін. Мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс шегін тиісті коэффициентке көбейту арқылы тағайындалатынын ескерсек, қазір елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 284 теңге.

Жалпы және кәсіби аурулардан, еңбекте мертiгуден мүгедек болғандарға:

I топ – 54 306 теңге (1,92 коэф)

II топ – 43 275 теңге (1,53)

III топ – 29 416 теңге (1,04)

Он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 39 598 теңге (1,4)

Бала кезінен бері мүгедек жандарға:

I топ – 54 306 теңге (1,92)

II топ – 44 972 теңге (1,59)

III топ – 33 941 теңге (1,20)

Қазір мемлекет басшысының тапсырмасымен кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналарға немесе олардың қамқоршыларына қосымша мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінгі күні аталған жәрдемақы 10 мың отбасыға тағайындалды, оның мөлшері – 29 699  теңге. Бұл біздегі ресми деректерде көрсетілген мәлімет. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге  шамамен жылына 400 миллиард теңгедей қаржы жұмсалады екен. Бір қарағанда өте қомақты қаржы болып көрінгенмен бұл сома да еліміздегі мүгедек жандардың барлық қажеттілігін толық жаба алмайды. Тағы да сол алдында айтқан инфляция, азық-түлік пен күнделікті  тұтынатын тауарлардың әлсін-әлсін қымбаттауы осыған  тікелей себеп болып отыр. Сондықтан қоғамның бұл тобына да демеушілер тарапынан қамқорлық керек екені бесенеден белгілі. Ондай іс-қимылдар бар, жер-жерлерде атқарылған бұл бағыттағы жұмыстарды байқап жүрміз. Соның бірі ретінде Алматыдағы «С.А.Наурызбаев» жеке кәсіпкер ұжымы «Астория» мейрамханасымен бірлесіп түрлі сырқаты бар 170 балаға мол дастархан жайып, арнайы сыйлықтарын ұсынды. Осы тектес шараларға Айжан Нұрмағанбетова, Мұрат Мұтырғанов секілді қазақстандық белгілі эстрада жұлдыздары қатысып балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап келеді. Белгілі әнші Айжан Нұрмағанбетова Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында өткен «Балбала» атты балалар шығармашылығы байқауына қатысушылардың өнерін тамашалуға 450 балаға шақыру билеттерін таратты.

Қоғамдағы тағы бір әлсіз топ – жастарының ұлғаюына байланысты қуатынан айырылған қарт адамдар, бұрындар еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер. Оның ішінде қазір қатары сиреп қалған Ұлы Отан соғысына қатысып елімізді қорғаған майдангерлер мен тылде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлеріміз де бар. Жас келген сайын сырқат меңдеген, кейбірі қарайласатын жақындарынан айырылған жалғыз басты жандар да қамқорлықты қажет етеді. Бұл мәселе биылғы «Волонтерлар жылында» қазір белсенділік көрсетіп жатқан ерікті жастардың басты міндеті болғаны дұрыс. Ондай бастамалар жоқ емес, енді соны тұрақты шараға айналдырса біздің ардагерлеріміз үшін үлкен көмек болары анық.

Ардагерлер қоғам назарынан мүлдем тыс қалды деп айта алмаймыз. Өйткені әр аудандарда олардың өз «Ардагерлер кеңесі» бар, сол арқылы әрбір адамның қалай өмір сүріп жатқаны анықталып, есепке алынып отырады. Ауырып-сырқаттанғандарға медициналық көмек көрсетіліп, санаторийларға жолдама беріліп тұрады. Оған қоса әрбір мереке сайын аудан әкімдігі және қоғамдық ұйымдар өз тараптарынан сый-сияпат көрсетіп, түрлі шаралар ұйымдастырады. Сондай шаралардың бірін «С. А. Наурызбаев» кәсіпорыны өткізген болатын. ҰОС ардагерлерін, батыр аналарды және қаладағы ең ұзақ жасаған қарияларды «Қариялар айлығы» аясында құттықтап, 36 ардагерге түрлі сыйлықтар мен азық-түлік себеттерін тарту етті. «Sunray» сұлулық салоны 30 ардагерлерге тегін қызмет көрсетті. Қала бойынша мұндай шаралар барлық аудандарда бір ай бойы өткізілген.

Әлеуметтік қиындықтарды жеңуге арналған бағдарламалар бізде баршылық. Бірақ, соның бәрі толық орындалмайды. Мысалы мүгедектерді өзгеге жаутаңдатып қоймас үшін оларды мүмкіндігінше жұмысқа орналастыруға арналған бағалы бағдарлама бар. Бұны бағалы бағдарлама деуіміздің себебі, алатын жалақысынан басқа жұмысқа орналасқан адам өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде, ешкімнен кем емес екендігін сезініп, өзінің елімізге тигізер пайдасын көріп, көңілі марқаятыны белгілі.Бұл мүгедек жанға ғана емес, он екі мүшесі сау адамға да рухани жағынан әсер ететіні белгілі.

Өкінішке орай, жарияланған деректер бойынша Алматы қаласында мүмкіндіктері шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша 2018 жылға бюджеттен бөлінген қаржы толық игерілмей қалған. Жоспар бойынша 770 адам жұмысқа орнастыру керек болса ол небары 11 пайызға орындалған, осы мақсатқа бағытталған 105 миллион теңгенің 24 миллионы ғана игерілген. Осы әлеуметтік маңызы зор мәселеге салғырт қарағандары үшін ешбір лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылмаған. Бұл туралы қалада өткен  бапасөз мәслихатында Әлеуметтік қызметкерлер, мүгедектер мен волонтерлер ассоциациясының төрайымы Гүлнұр Хәкімжанова мен «Азамат әлеуеті» қоғамдық қорының өкілдері ашына айтқан болатын.

Адамдардың бір-біріне қайрымдылық жасауы жаңадан ашылған ғылыми жаңалық емес, ол қазақ халқының қанында бар, ғасырлар бойы ұлтымыздың күнделікті тұрмысында дәстүрге айналған құнды қасиет. Керек десеңіз – ол имандылық, намаз оқу, қажылықты өтеу, ораза ұстау сияқты қиналғандарға садақа беру де мұсылманның негізгі бес парызының бірі болып есептеледі. Сондықтан біз үшін бұл үйреншікті жағдай ғана, тек қана соны сақтап, дамыта білуіміз қажет. Мейірімділік пен қамқорлықтың тәрбиелік мәні де зор, ол жастарымызға ізгілікті үйретеді. Соның бір ғана мысалын айта кетелік. «Сарбона-Қазақстан» институтының төртінші курс студенттері волонтерлік қызметпен ааналысып қана қоймай, өздері де қолдарынан келгенше қайырымдылық жасай бастаған. Жаңа жылдық мерекеге жинаған қаржыларын мейрамханаға жұмсамай Г.Базарованың отбасындағы мүмкіндігі шектеулі балаға мініп жүруге болатын қашықтықтан басқаратын электромобиль сатып алып бергені осыны көрсетпей ме?!.

Осы мақаланы дайындау барысында мына бір деректер назарымызға ілікті. Елімізде 2,5 млн. адам баспанаға мұқтаж екен.Жергілікті атқарушы органдар берген  мәліметтерге қарағанда соның қатарында 1,2 топтағы 38 814 мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 18 639 отбасы баспана кезегінде тұрған көрінеді. Бұл біздегі жағдайдың мәз еместігін көрсетеді. Құдайға шүкір, елімізде миллиардер мен миллионерлер жетіп артылады. Ақшаларын шетелге шашпай, олар да қайырымдылыққа бет бұрып, осындай мүгедек жандарды баспаналы етіп қуаныш сыйлап, алғысын алса артық болмас еді.

      Ашығын айту керек, әдетте біздер көпшілікке арналған қоғамдық істерге жүре қарап, оның қаншалықты маңызды екеніне лайықты мән бермейміз. Оның қасында дайын, қолға беріп қойған бюджет қаражатымен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметті өзімізше биік мәртебе көреміз, кең кеңседе отырып алып, мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсағанға мәз боламыз. Өкініштісі, сол міндетті де өз деңгейінде адал атқара алмай, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған ақшаны жымқырып, жемқорлыққа салынатын лауазымдыларды күнделікті көріп жүрміз. Шеттерінен ұсталып түрмеге қамалып жатса да бұл қылмыстың  тоқтайтын түрі жоқ. Оның қасында қоғамдық негізде, ерікті түрде қиналған жандарға тегін көмек көрсетіп жүрген қайырымды адамдардың елімізге қосып жатқан үлесі әлдеқайда көп дер едік. Жемқорлардың жемсауында кетіп қарапайым халыққа жетпей қалған қаржының орнын толтырып, қиналғандарға қол ұшын бергендерге, мүмкіндігінше қамқорлық көрсетіп жатқан жандардың игі істері үшін алғыстан басқа не айтуға болады!..

Зейнолла АБАЖАН.

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу