Абылай Рысбеков: Әрбір азамат  мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқаны жөн

493
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісімен мен этносаралық қатынастар саласындағы атқарып жатқан шаралары туралы аз жазылып жүрген жоқ.

Елімізде тұрып жатан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған аталмыш құрылымның бүгінгі таңда қандай маңызды жобалармен айналысып жатқаны туралы білгісі келетін оқырмандарымыздың саны аз емес.

Осы орайда «Қазақ үні» ақпарат агенттігі редакциясының тілшілері өңірлерде тиімді жұмыс жасап жатқан этномәдени бірлестік өкілдерімен, Ассамблея өкілдерімен сұхбаттасып, олардың ел ынтымағын біріктірудегі басты жұмыстары туралы білуді жөн көрді.

Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, облыстық қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Рысбеков Абылай Серікбайұлы «Қазақ үні» оқырмандарына өз орталықтарының жұмысы туралы баяндады.

– Қазақстан халқы ассамблеясы, соның ішінде жеке өздеріңіздің этномәдени бірлестіктеріңіз атқарған іргелі жобалар қандай? Мысал, ретінде атап көрсетсеңіз…

Біздің қазақ елінің біртұтастығы халқымыздың ортақ құндылықтарына негізделген. Осыған сәйкес біздің қазақ еліне деген ыстық ықыласымыз бен шынайы ниетімізді білдіру мақсатында бірқатар іс-шараларды қолға алдық. Соның ішінде осы этномәдени бірлестіктің ауыз толтырып айтатыны, «Қазақ еліне мың алғыс» монументінің бой көтеруіне атсалысқанымыз.

Өткен жылғы маусым айының 24-жұлдызында облысымызға қарасты Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты арыстық ағайындарға қолдан келгенше көмек қолын создық. Мұнымен бірге Шымкентте орналасқан №3 балалар үйіне жыл сайын көмектесуді дәстүрге айналдырғанбыз. Бұдан өзге Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруындағы бірлік пен татулықты ту еткен кез-келген іс-шараларда қырғыз этномәдени бірлестігі барынша белсенділік танытып, өздерінің мүмкіндіктерін көрсетіп жүр.

– Этномәдени бірлестіктеріңіздің құрылу тарихы қандай?
 – Балташ Сапарбаев – қырғыз этносының белсенді өкілі. Ол 2005 жылы облысымыздағы қырғыз этномәдени бірлестігінің қалыптасуына ықпал етіп, бірнеше жылдан бері облыстық қырғыз этномәдени бірлестігі Ассамблеяның құрамдас бөлігі болып, оның қалыптасуына өз үлесін қосып, жауапкершілікпен жұмыс істеп келеді.
– Қоғамдық келісімді дамытудағы Ассамблеяның рөлі қандай?
Бүгінгі таңда қоғамдық келісімді дамытудағы Ассамблеяның рөлі орасан зор деп санаймын. Өйткені бұл институт халықтар арасындағы татулықты, бірлікті дәріптейтін бірден-бір ұйым.  Сонымен қатар, Қазақстанның Ата Заңында бекітілгендей, елімізді мекендеген кез-келген этностың құқықтық мәртебесін ашып көрсетіп, өз этносымыздың салт-дәстүрлерін сақтауға мүмкіндік беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауда ролі артып келеді.
– Этномәдени бірлестіктер Мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру бойынша қандай шаралар атқарып жатыр?
– Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сондықтан осы елдің азаматтары ретінде әрбір азамат  мемлекеттік тілді қолдануға және оны дамытуға үлес қосқаны жөн. Бүгінде облысымыз үшін қазақ тілі – ортақ тіл болып табылады. Балаларымыз міндетті түрде қазақ тілінде білім беретін оқу орындарында білім алуда. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді терең білу үшін облыстық ҚХА ұйымдастыруындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамытуға арналған жобалар мен курстарға белсене қатысып келеді. Қатысып ғана қоймай, оң нәтижеге ие болып, зор жетістіктерге жетуде.  
– Алдағы уақытқа қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіздер.
Біз қырғыз этномәдени бірлестігі алдағы  уақытта осы елдің патриоты ретінде мемлекеттік саясатты қолдай отырып, қоғамдағы азаматтық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге ат салысамыз. Өз ұлтымыздың салт-дәстүрін сақтап, мемлекеттік тілді, қазақ елін сыйлай және құрметтей отырып, ұрпақтарымызды бір елдің біртұтас халқы ретінде тәрбиелеуді көздейміз. Бейбіт елдің астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, достық пен ынтымақты нығайтуға бір кісідей атсалысып, жұмыла жұмыс жүргізуге үнемі дайынбыз!

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу