Жақсыбай САМРАТ: Ортақ Отанға ұтымды жолмен орналастыру керек

670
0
Бөлісу:

Осыған дейін дүнгендер туралы білігіміз үстірт болып келген екен. Біз оларды ешнәрсемен жұмысы жоқ, басқа жұртты сыйлайтын, өз еңбегін сауған момын халық екен деп қана ойлайтынбыз.

«Бақсам бақа екен» дегендей бұлардың арасынан бұзық қылықтар көп шығады екен-ау. Депутат Бақытбек Смағұлдың айтқанына қарағанда басқасы түгіл жолды жауып алып, қазақтарды ауылдан өткізбей қинайды екен. Бұл олардың заңды сыйламайтындығын, мизамға бағынбайтындығын, мемлекетшіл санадан жұрдай екенін көрсетпей ме?

Мемлекетшіл демекші, бұл халық ешқашан өз алдына мемлекет болып, оны қорғау мен қолдаудың да мектебінен өтпеген жетілмеген этнос сияқты. Отыз жылдан бері өз алдына ту тіккен Қазақ мемлекетінің қоластында отырып, баяғы кеңестік жүйемен орыс тілінде ғана сөйлейтіндіктері де қатты ойлантады. Демек қазақ мемлекеттілігін де мойындағысы келмей отыр ғой. Егер бұлар Солтүстік немесе Шығыстағы орысы көп облыстардың бірінде отырып орысша ғана сөйлесе, оған таң қалмас едік. Ал Жамбыл облысы сияқты қалың қазақтың ортасында отырып қазақша сөйлегісі келмегендері… бұл енді, жұмсартып айтқанда, жарамайтын қылық екен.

Депутаттың да, басқаның да айтқан, жазған қылмыстық, дөрекілік фактілеріне «телі мен тентек қайда жоқ» деп кешіріммен қарайық десек те ақсақал адамға қол көтергендігінің өзі көргенсіз, ішкі мәдениеті төмен адамдар екендігіне назар аудартпай қоймайды. Қазақ түгіл ең бұзық деген халықтардың өзі, тіпті түрмеде де «за падло» деп жасы үлкен адамға қол көтермейді екен… Осындай қылықтары жалпы елді ашындырғандай-ақ бар екен.

Жә… оның несін айта береміз. Енді алдағы мәселеге келетін болсақ, оның былай шешілетіндігі сөзсіз: Бердібек Сапарбаев әке-көкелеп, жауырды жаба тоқып, арқадан сипап, дүнгендерді қайтадан қоныстарына қондырып, қазақтарды да мәймөңкелеп тыныштандырады. Үйлерін де бюджет ақшасын төгіп-шашып, оңдап береді. Сонымен «қазақпайский методпен» (жағынған, жалбақтаған «әке-көкелеу» осы «пайшылық») бәрін қалпына келтіреді. Сөйтіп, халықты татуластырған жақсы адам атанады. Алайда бұл мәселені түбегейлі шешу емес. Араға сына түскен соң ол біраз жылдар, тіпті айлардан кейін қайта қайталануы мүмкін.

Сондықтан… Президент Қ.Тоқаевтың өзі елдің қауіпсіздігін сақтау, тыныштықты берік қылу, ішкі тұрақтылықты бұзғызбау мақсатымен дүнген диаспорасының өкілдерін Қазақстанның өзге аймақтарына бөліп қоныстандыру туралы Жарлық шығаруы керек. Бұл баяғы КСРО-ның «спецпереселенеці» емес, бас-еркі өзіндегі азаматтар, тек оларды бейбіт өмір сүру мақсатымен әрі экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану үшін басқа жерлерге көшірген болып саналады.

Әрбір облыс әкімдеріне нақты сандарын көрсетіп, өз аудандарына 15-20 отбасыдан қоныстандыру міндеттелсін. Көшіп келген дүнгендерге үй, жер беріліп және көші-қон шығыны да өтелсін. Осыған кеткен қаражат дүнген ауылдарының үйлерін қалпына келтіруден әлдеқайда аз болары сөзсіз. Оның үстіне дүнгендер қазақ арасына сіңіп, шын мәніндегі достық орнайды. Ал араласпай, оқшауланып, өзді өзі отыра беретін болса, бұлар ескі әдеттерін қоймайды және қазаққа жат бола беретін сияқты. Ал ортақ өмір, ортақ мектеп, ортақ мешіт т.т. олардың қазақ ұлтына үйлесуіне, ортақ Отаны Қазақстанды өз үйі деп санауына жол ашады.

Әрине, мұндай көшіру заңсыз деп сыналуы мүмкін, өйткені дүнгендер де Қазақстанның тең құқылы азаматы, қайда тұрғысы келсе, сонда тұруға қақылы деген әңгімелер шығары сөзсіз. Ол үшін Қордай ауданы халқының өте тығыз орналасуы және ондағы қазақ халқы мен этнос өкілдері арасындағы кикілжіңдердің болуына байланысты халқы сиретіледі деген шешім шығарылып, қанша дүнген көшірілсе соншалықты қазақтарды да өз еркімен көшіру керек. Тіпті, екі халықтан да 25 пен 45 жастар аралығындағы жастар көшірілсе, ешкім де өкпелей алмайды. Мысалы, он мың дүнген жасы кетсе, соншалықты қазақ жастары да көшіріліп, оларға да жеңілдіктер жасалсын. Сонда бұл «қудалау» деген айыпқа құрық бермейді.

Қазақтар бұған ренжімеулері керек, өйткені, ата анасы, туыстары туған жерінде қалады. Ал жас азаматтар терістік облыстардан орын табады, онсыз да «Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасы бар ғой. Ал барған жерлерінде алған үйлерін он жылға дейін сата алмайтын, жалға алған жерлерін өткізе алмайтын тәртіптер қарастырылса, көшіп келгендер кете де алмайды. Егер ештеңеге қарамай кетсе барлық мүлкінен айрылып, көшіп қонуға төлеген ақшасын қайтаратын болса, ешкімі де бүлк етпес еді…

Біздіңше мәселе осылай шешілсе – барлық жаққа да тиімді болар еді.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу