Отаршылдықты дәріптеуге жол жоқ!

Ертістің Кереку өңірі әлімсақ заманынан бері атамекеніміз екені айдай ақиқат! Ғайса пайғамбар тумай тұрған дәуірдің өзінде біздің түпкі аталарымыз осынау өңірді жаз жайлады, қыс қыстады. Қазақ «қазақ» атанбаған кезеңде сақтар, ғұндар, түркілер, қимақтар, қыпшақтар дейтін атауларды иемденген арғы аталарымыз осынау өңірге қоныс салды, мал бақты, егін екті. Алтын орда, Ақ орда, Қазақ хандықтары заманындағы аталарымыз жасанып келген жаумен жан аямай шайқасып, Ертістің Кереку өңірін көздің қарашығындай қорғап бақты. Қолбасшылардың ат үстінде үзеңгіге шіреніп тұрып жеңіс туын желбіреткен кездері көп, баһадүрлердің бастары майдан даласында домалап қалған күндер де болды! Ақыры, XVIII ғасырдың алғашқы кезеңінде патшалық Ресей империясының мұздай қаруланған әскери экспедициялары Ертістің Кереку өңіріне еніп бекіністер сала бастады. Солардың бірі 1716 жылы тұрғызылған Ямышев бекінісі болса, екіншісі 1720 жылы салынған Коряков Яр, Коряковский, Коряков деген атаулармен тарихқа енген форпост еді. (Бұл жерлердің көне атаулары Жәміш, Кереку жар екенін ғалымдарымыз дәлелдеген). Патша әскерлері кейін бекіністер шебін құрып, қазақтарды Ертіс бойынан біртіндеп ығыстырып шығарды! Отаршылдықтың осы өңірдегі ордасы сияқтанған Коряков форпосты кейін станицаға айналды, 1861 жылы патша жарлығымен қала мәртебесіне және Павлодар атауына ие болды. Айтып, айтпай не керек, бабаларымыздың қанымен, әжелеріміздің көз жасымен суарылған киелі мекенде дәл қазіргі шақта өмір сүріп жатқан сіздер мен біздер «Бұл жер қазақтардікі емес, ежелгі орыс жерлері!» дейтін керауыздарды өз көзімізбен көріп, сөздерін өз құлағымызбен естиміз деп ойладық па! Атышулы тарихшы Марина Тереник ойдан шығарылған әлгі аңызды тарихи шындық есебінде жергілікті тәуелсіз орыстілді басылымдардың бірі «Новое времяда» оқтын-оқтын жариялап отырды. Сол жарияланымдар Славян мәдени орталығының демеушілігімен «Павлодар – Не Кереку» деген атпен кітап болып жарық көрді! Павлодар қалалық мәслихатының хатшысы В.Н. Вихлянов пен Славян мәдени орталығының төрайымы Т. И. Кузина екеуі бірлесіп жазған мақалада бұл өңір Павлодар уезі атанып тұрған кезде Ресейдің Омбы губерниясына қарап еді, амал не, 1920 жылы Қырғыз Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасының құрамына қосылып кетті деген өкінішті ойларын жария етті («Павлодар или…», «Городская неделя» 13.07. 2005 ж.). Павлодар География үйінің директоры Александр Вервекин «Білім және мәдениет» телеарнасының жүргізушісі Даниил Глумовтың Павлодар қаласында дайындаған «Неизвестный Казахстан» бағдарламасына қатысқанында бұдан ондаған мың жыл бұрын тіршілік еткен мамонттардың облыс аумағынан табылған қаңқа сүйектері мен патшалық кезеңнен қалған ғимараттар жайын тілі жеткенінше тәтпіштеп тұрып баяндады! Тек біздің бабаларымыз құрған қағанаттар мен хандықтар тарихынан бір-екі ауыз сөз айтуды көңілі хош көрмегені сезілді. Сол А. Вервекин патша әскерлері бекіністерінің қалдықтарын іздестіріп, «Иртыш и его крепости» атты документальды фильм түсірді. Онымен тынбай, Ресейдің Орыс географиялық қоғамы Омбы аймақтық бөлімшесінің төрағасы Игорь Вяткинге ұсыныс жасап, «Бухгольц жолдарымен» атты экспедицияның ұйымдастырылуына бастамашылдық танытты. Нәтижесінде, Омбы айлағынан 35 адам мінген 5 желкенді қайық (яхта) Ертіс өзенімен жүзіп, және оларды қолдаушы топ мінген автожасақ «Омбы-Павлодар» тас жолымен жүріп отырып, Қазақстан Республикасының аумағына енді. Экспедицияның мақсаты: патша әскерлері бекіністерінің қиранды қалдықтарымен танысу, 1716 жылы И.Д. Бухгольц жасағы тұрғызған Ямышев бекінісінің орнында ескерткіш белгі орнату… Осылайша, олар Ертістің Кереку өңіріне қанды жорықпен келген жасақ тарихын біздің елде насихаттап, дәріптеуді көздеді! Оқиғаның мән-жайын жете түсініп тұрып қалай үнсіз қалайық! «Ресейде қоғамдық ұйымдар 1382 жылы Мәскеуді жаулап алып, өртеп жіберген Алтын Орданың билеушісін насихаттау мақсатында «Тоқтамыс хан жолдарымен» атты экспедиция ұйымдастыруды көздесе немесе 1812 жылы дәл солай Мәскеуді жаулаған Франция императорын ұлықтап, «Наполеон жолдарымен» атты экспедиция құруды жоспарласа губернаторлар құп көрер ме еді! Жалпы, Ресейде сепаратистік көзқарастағы қоғамдық белсенділер тарапынан ресми мемлекет тарихын бұрмалауға, Ресей Федерациясы аумағының тарихи-құқықтық негізділігін терістеу әрекеттеріне жол беріле ме?..» – деген ауыр сөздерді айтып, облыс басшылығын қатты сынадық! Сөйте тұра, әкімдікте отырған ақ жағалы ұлықтардың қандай да бір іс-әрекеттер жасайтынына сенбей, қоғам белсендісі Қайролла Кәженов екеуміз Старая Ямышева ауылына экспедициядан бұрын барып, жағдайды бақылауға алдық. Әйтеуір, әлгілер Лебяжі ауданындағы Ескі Ямышев елдімекеніне бастапқыда жоспарлағанындай 5 желкенді қайықпен емес, бір микроавтобусбен және бірнеше жеңіл көлікпен барды. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында А. Вервекин және басқалар бастапқы райынан қайтып, Ертіс өңірінің экологиясын сауықтыру, өзен суын тиімді пайдалану, «Омбы-Павлодар» бағдарындағы кеме қатынасын реттеу, екі облыс арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсу мәселелері жөнінде сөйледі... Менің пайымдауымша, бұл жайт әкімдіктің біздің жан айқайымызды дұрыс түсініп, кешірек болса да қажетті қорытынды шығаруының нәтижесі. Дегенмен, бұдан біршама уақыт бұрын 2020 жылы ішкі, сыртқы саяси күштер, жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтар Павлодар қаласының негізі қаланғанына 300 жыл толуын мереке ретінде тойлау мәселесін көтеретіні жөнінде жасаған болжамым шындыққа айналуда. Еске алатын жайт, олар 1990, 1995, 2000, 2005, 2010, 2015 жылдары Павлодардың 170, 175, 180, 185, 190, 195 жылдықтарын тойлау жөнінде облыс, қала әкімдіктеріне ұсыныс түсіріп отырды. Бірақ жергілікті мемлекетшіл азаматтар патша әскерлерінің қазақ жеріне басып кіріп, бекініс салғанын тойлау егемен елдік пен тәуелсіз мемлекеттілік қағидаттарына қарсы әрекет! – деген уәж айтып, БҰҰ тарапынан отаршылдықты қандай түрде болса да дәріптеуге тыйым салынғанын алға тартты. Айтпақшы, Кеңес үкіметі кезеңінің өзінде Қаматай Батталов бастаған бір топ соғыс және еңбек ардагері Павлодар қаласы партия комитеті ғимаратының алдына барып, патша бекінісінің 170 жылдығын мереке ретінде тойлауға рұқсат етілсе, өздерінің наразылық шарасына шығатынын мәлімдеді! Абырой болғанда, сол кезде де, кейінгі кездерде де қала басшылығы ондай мерекенің өткізілуін қолдаған жоқ! Естуімізше, қазіргі қала әкімдігі басшылығы патшашыл-кеңесшіл топтардың ыңғайына жығылып, ішкі саясат бөліміне қаланың 300 жылдығын ұйымдастыруға тапсырма беріпті. Бұл сыбыс шындыққа негізделсе, облыс, қала басшыларынан мемлекеттік ұлттық саясатқа кереғар келетін, ұлтаралық шиеленіс тудыруы ықтимал шараны күн тәртібінен алып тастауын сұраймыз. Өтінішіміз өтпеген жағдайда, біз, жергілікті мемлекетшіл азаматтар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына, Қазақстан Халқына Ашық хат жолдауға мәжбүр боламыз. Сөйтіп, жергілікті билікті бір кездегі Ресей патшалығының қазақ жерінде жүргізген отарлау саясатын дәріптейтін іс-шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр деп айыптап, сенімсіздік білдіретінімізді жария етеміз. Мұның соңы наразылық шарасына ұласып кетуі ықтимал. Шенеуніктеріміздің құлағына алтын сырға, алдыңғы жылы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов пен халық қалаулылары 300 жылдықты тойлау мәселесін қарамай, тек қала күніне арналған мәдени шараларды мақұлдады. Арман ҚАНИ, Павлодар қаласы.