Алтай Көлгінов өзінің отставкасы туралы сұраққа жауап берді

Елорда басшысы Алтай Көлгінов аудан әкімінің пара алу фактісінен кейін отставкаға кету туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін халыққа есеп беру кезінде журналистер ашық микрофон алып, Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловтің ұсталуына байланысты сұрақ қойды. Осы орайда тілшілер қала басшысының отставкаға кетуге қатысты ойын сұрады.

"Бәрі заң бойынша болады. Заң не дейді, солай жасаймыз", - деп қысқа ғана қайырды Көлгінов. Сосын бірден басқа микрофонда тұрған адамдарға сөз берді.

Айта кетейік, халыққа есеп беру кезінде залда Асқар Есіловтің әкесі Сансызбай Есілов те отырды. Ол бұрын әкімнің орынбасары болған. Одан кейін мәслихат пен қоғамдық кеңестің төрағасы қызметін атқарды.