"Ұлан" - ұрпақ үні, ұлт үні

Бала – біздің болашағымыз. Бала тәрбиесі өте күрделі де нәзік құбылыс. Тәлімді тәрбие алмаған бала он жерден білімді болса да, оның болашағы бұлыңғыр болмақ. Міне осы тұрғыдан алғанда республикалық балалар басылымы «Ұланның» алар орны ерекше. Сондай-ақ, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан «Ұлан» балаларды балалықтан даналыққа жетелеп келе жатқан бірден бір басылым. Биыл 90 жылдық торқалы тойын атап өткелі отырған газет осы уақыт аралығында қаншама ұрпақтың санасын жетілдіріп, тәлімді тәрбие берді десеңізші. Біз әріптестерімізді және кішкентай оқырмандарымызды осынау мерейтойларымен құттықтап, «Ұланның» өмірі ұзақ болсын, ұрпақ үні, ұлт үні болып қала берсін!» деген тілегімізді білдіре отырып газеттің бас редакторы Жадыра Нармаханованың «Қазақ үні» үшін арнайы жазған мақаласын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз. – Сәлеметсіз бе! «Ұлан» газетінен едік, бұрынғы «Қазақстан пионері»... – Тамаша! Мен осы газетпен өсіп едім... Редакция қызметкерлерінің ең жиі еститін сөзі осы. «Осы газетпен өсіп едік» дейтіндер көп. «Ұлан» – әрқашан қазақ баласының төл басылымы болған газет. Кейде газет туралы естімегендер болса, түсіндіреміз. Тарихынан сыр шертеміз. Айтпақшы, биыл «Ұланның» жарыққа шыққанына 90 жыл толып жатыр. Газет 1930 жылы 14 нау­рызда «Жас Алаш» газетінің 5-6 беттерінде газет ішіндегі газет болып жарық көрді. Алғашқы атауы «Пионер» болды. 1930 жылы 5-қарашада «Пионер» газеті Алматы қаласының Гоголь көшесіндегі №9 үйге өз алдына дербес басылым болып бөлініп шықты. 1937 жылдың наурыз айынан газет «Октябрь балалары» деген атаумен шыға бастады. 1941 жылғы 28-маусымдағы санынан кейін соғыс жағдайына байланысты уақытша жабылды. 1946 жылы 9-мамырда «Қазақстан пионері» деген атаумен қайта жарыққа шықты. 1980 жылы 14-наурызда шыға бастағанына 50 жыл толуына орай және жас ұрпаққа саналы тәрбие беру жолындағы еңбегі ескеріліп, «Қазақстан пионері» газеті «Құрмет» орденімен марапатталды. 1990 жылдан бастап «Қазақ­стан пионері» газетінің атауы «Ұлан» болып өзгерді. «Ұлан» газеті 2002 жылы Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын «Балалар басылымы» номинациясы бойынша иеленді. Газетті әр жылдары Ә.Исмайылов, Ә.Ыдырысов, С.Бердіқұлов, Ф.Оңғарсынова, У.Қалижан, Б.Қойшыбаев, Ғ.Доскен, Б.Сүлейменов, С.Қалиұлы, Е.Жеңісұлы, Б.Батықұлы, Ж.Әбділда секілді қаламгер-журналистер басқарды. Міне, газетті оқымаған адамға осыны тарқатып айтып береміз. Осы сөзімізді жазып отырғанда, әлеуметтік желіден Бейбіт Сапаралы ағамыздың мынадай пікірін оқыдық: «Қазақстан пионері» – «Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер газетінің 1989, 1990, 1991 жылдарғы сандарында біздің де қолтаңбамыз қалғаны рас. Тәуелсіздік алдындағы дүбара кезеңде жас өскіндер қатарын ұлтжанды рухта тәрбиелейміз деп ондаған керемет айдар ашқанбыз. Газеттің 300 мыңдай таралымы да қосымша күш-қуат беретін. Компартияның тасқұрсау тәртібін бұзып, аға басылымдар үндемей отырғанда «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын» деп мектеп оқушыларының атынан хат ұйымдастырып, мыңдаған қолдау қолын жинатып, қоғамдық өмірді дүр сілкіндіргенбіз. Қазақ газет-журналдарының арасында алғашқылардың бірі болып, қазақша «Ұлан» атын еншілегенбіз. М.Құрсабаев жетекшілігімен 29 бағдарламадан тұратын «Атамекен» қоғамдық балалар қозғалысын бастап кеп жіберіп, еліміздің отыз шақты ауданында аса ауқымды іс-шаралар өткізгеніміз де есімде. Тұрсын Жұртбайға «қинап отырып» жаздыртқан «Дулыға» айдары мақалалары кейін екі томдық кітап болып басылды. «Біз де бала болғанбыз!» айдарымен жазылған Олжас Сүлейменов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы зерттеулер рухани ортаны дүр сілкінтіп, ол да жеке кітап болып басылды. Осылайша тізбелей беруге болады». Көрдіңіз бе, «Ұлан» балалардың газеті» деп мұрын шүйіре қарайтын басылым емес. Ықпалы зор. Балада үлкендерде жоқ күш, сенім, ынта-жігер бар. Қаласа, ғажайыпты бір-ақ сәтте жасай алады. Қай ата-ана баланың бетін қайтарғысы келеді дейсіз. Бәрі де баласы қалап тұрса, амал жоқ дегеніне көнеді. Мәселе баланың нені қалайтынында емес пе! Әттеген-ай дейтін тұсымыз да бар. Қазіргі бала кітап, газет-журнал оқуға құмбыл емес. Неге? Әрине, оған ата-ананың да ықпалы бар. «Керегін интернеттен алады. Интернет тұрғанда газет-журналды қайтеді?» деген сөзді де естідік. Әке-шеше баласының «құлағын көтеріп» тұрса, «мылтықтың басуына құланның қашуы» дөп келмей ме?.. Егер баланың еркіне салсаңыз, мектепке бармай, күндіз-түні смартфон шұқылап отыра берер еді. Бір сәт үйіңізде жүрген балаңызды елестетіңізші. Иә, оның қолында телефоны бар. Жұрттың баласынан қалмасын деп әпердіңіз. Бірақ сол телефонды балаңыз қалай пайдаланып жүр, зер салып көрдіңіз бе? Егер балаңыз мектепке бармаса, қандай күй кешесіз? Сөз жоқ, жолын тауып мектепке баруын, жақсы оқуы үшін репетитор жалдап әлек боласыз. Мектеп бағдарламасынан тыс кітап, газет-журнал оқу жағын аса маңызды деп санамайсыз. «Онсыз да қазіргі сабақ ауыр, миын ашытпайын» дейсіз. Бірақ газет-журнал, көркем әдебиет балаңыздың рухани дамуына, адамгершілік, патриотизм, ерік-жігер сезімін қалыптастыруына ықпал етеді. Ал оқымаған бала сол сәтте не істейді? Телефонмен ойын ойнап, әртүрлі әлеуметтік желіде уақытын бос өткізуі де мүмкін. Ал ол балаға өмірлік азық бола ма? Ойланып көріңізші. Жазылу науқаны жүріп жатқанда, әлеуметтік желілерде: «Қазақша газет-журналдар баяғы ақын-жазушыларды айта береді. Жаңа заманның көшіне ілесе алмайды. Техника, кәсіпкерлік, шетелде білім алу туралы жазбайды. Сондықтан, балаларға қызық емес» деп жазғырды біреулер. «Ұланның» бір жылдық (2019 жыл) санына тақырыптық зерттеу жүргізіп көрдік. Газетте 70-тен аса айдар бар. «Алақай!», «Балақай», «Қалақай», «Толағай», «Ұлан»-ақпарат», «Өздерің жазған хаттардан», «Жақсылық жасап жарыс», «Ал біздің мектепте», «Жауқазын», «Балғын бояу» айдарлары нөмір сайын шығып тұрса, одан кейінгі жиі шыққан айдарларға қараңыз (әр айдарда қандай мәселе көтерілетініне назар аударыңыз): 1. «Сенің замандасың» (әр салада жетістікке жеткен жасөспірімдер мен жастардың ісін үлгі етіп мақалалар мен сұхбаттар ұйымдастырылады. «Замандасың жасап жатқан іс сенің де қолыңнан келеді» деп ынталандырады); 2. «Күншуақ» – балалардың жүрегіне мейірім шуағын шашып, жақсылық жасауға шақыратын айдар. Онда тағдырдың қиын­ды­ғына мойымай, алға ұм­тылған өмірге құштар жандар, қайырым­дылықпен айналасатын ізгі ниетті адамдар жайында жазылады. 3. «Білім елінде» – білім саласында болып жатқан жаңалықтарды қамтып, ғылым тілін игеруге шақырады; 4.«Жырақтан білім іздесең» – шетелде оқитын қазақ жастары арқылы балаларды білімге, отаншылдыққа қызықтырады; 5. «ІТ және инновация» – балалар мен жасөспірімдерді жаңа технология саласына баулиды, сол сала мамандарының кеңестерін ұсынады; 6. «Ата-ана бұрышы» – ата-аналар мен мұғалімдерге, аға-әпкелерге бала психологиясы, тәрбиесі жайында мамандар кеңесі мен тәжірибесін бөліседі; 7. «Кәсіп түбі – нәсіп» – балаларды кәсіп жасап жатқан адамдар өмірі мен кәсібін таныстыру арқылы кәсіпкерлікті насихаттайды; 8. «Балаларға базарлық» – балаларға арналған ертегі-әңгімелер, тақпақтар, жаңа мультфильмдер мен кітаптар туралы мәлімет береді; 9. «Кім болам?» – балаларға түрлі мамандықтарды таныс­тырып, бағыт-бағдар қалыптастыруына атсалысады; 10. «Жүзден жүйрік» – әр салада ең мықты шыққан балаларды, жастарды насихаттайды; 11. «Тастүлек» әскери-отан­шыл­дық клубы – әскери адам­дардың, қару-жарақ, Қазақ­станның әскери әлеуеті, әскери өмірдің тәртібі туралы баяндайды; 12. «Әуез» – музыка саласының мамандарын, аспаптарды насихаттайды; 13. «Туған жерге тағзым» – Қазақстанның әр аймағын таныстырады, адамдардың туған жеріне жасап жатқан жақсылықтарын насихаттайды; 14. «Ақсарай» – театр, цирк өнерін дәріптейді; 15. «Әдемі әуестік» – әртүрлі адамдардың ерекше хоббиі, жинайтын коллекциясы арқылы балаларға үлгі етеді; 16. «Алтын арқау» салт-дәстүрлер отауында қазақтың болмысы, түсінігі, салт-жоралғысы туралы кеңінен әңгіме етеді... Осы айтып отырған дүниеміздің қайсысы қазақ баласының танымына жат, түсінуіне «томпақ» келеді? Қайсысы керек емес? Жетпіс айдардың бәрін тізбелеуді жөн көрмедік. Әйтпесе, балаға керектінің бәрі бар. Біз оқырманға, ұстаздар мен ата-аналарға мынаны айт­қымыз келеді: Сіздер­дің шәкірттеріңіздің, балала­рыңыздың арасында өлең, әңгіме, ертегі жазатындар бар ма? Сурет салатындар ше? Ерекше өнерімен көпшіліктің көзайымына айналып жүрген балалар да бар шығар? Білім бәйгесінде топ жарып, олимпиадаларда, ғылыми жоба жарыстарында оза шауып жүрген шәкірттеріңіз болмауы мүмкін емес. Ендеше, сондай талапты да талантты балалар туралы «Ұлан» газетіне жазыңыздар. Балалардың салған суретін, жазған әңгіме-ертегілерін, өлеңдерін, жұмбақтары мен жаңылтпаштарын бізге жолдаңыздар. Оқушылар бірігіп, игі іс істеп жүрген шығар; Кітапқұмар балалар бар шығар; Ол туралы да басқаларға үлгі етіп неге жазбасқа?! Бірден айтайық, мұның бәрін жариялау тегін. Ол үшін ешкімге, ешқандай ақы төлеудің қажеті жоқ. Тек қана балалар «Ұлан» газетіне жазылса болғаны. Сыныпқа ортақ бірнеше данаға да жазылуға болады. «Ұлан» газеті бөлшек саудада жоқ, тек жазылу арқылы тарайды. Балалардың жіберген материалдарының жарық көрген-көрмегенін тек жазылған балалар ғана көре алады. Сондай-ақ, газет бетіндегі түрлі конкурстар туралы хабардар болу үшін де газетке жазылудың маңызы зор. Тіпті, балалар ештеңе жазбаған күннің өзінде, жоғарыда атап өткен айдарларды оқып, шет елдерде білім алу, тәлімдемеден өту, мамандық таңдауға қатысты көптеген пайдалы ақпараттар ала алады. 90 жылдан бері жарық көріп келе жатқан балалардың төл басылымынан балаңызды алыстатып алмаңыз. Ендеше, балаларды балалықтан даналыққа бірге жетелейік! Жадыра Нармаханова, «Ұлан» газетінің бас редакторы qazaquni.kz