Абайдың "Евгений Онегин" романын қазақшаға аударуы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйектің 2-і күнгі Қазақстан халқына Жолдауында биылғы Абай Құнанбайұлы жылына қатысты ұлы тұлға мерейтойын жоғары деңгейде өткізіп, заңғар ойшылдың еңбектерін лайықты дәріптеу туралы нақты міндет қойды. Төменде осы тақырыпта белгілі ғалымның тосын тұжырымы ұсынылады. Орыстың ұлы ақынын алғаш қазақша сөйлеткен қазақтың ұлы ақыны Абай болатын. Ол А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын өзгеше аударды. Қалай аударған деп, үңіле қарасақ, біраз қызғылықты жағдайларды байқаймыз. Ең алдымен, аудармада романның композициялық құрылымы мүлдем өзгеріп кеткен. «Евгений Онегин» А.С.Пушкинде өлеңмен жазылған роман болса, Абайда екі жастың жазысқан сүйіспеншілік хаттарына негізделген. Бұл турасында М.Әуезов «Абайдың хаттарымен баян» етілген роман (эпистолярный роман) қалыптасқан тәрізді» - деп жазады. Шартты түрде аударманың дәл және еркін түрлері бар десек, «Евгений Онегин» еркін аударылған. Абайды романның оқиға желісі қызықтармайды. Белинский аса жоғары бағалап, «орыс қауымының айнасы» санаған шығарманың Абай сол кезде орыс жастарының сезім-сырлары мен адамшылық болмысына назар аударған. Аударғанда, алдына орыстың алдыңғы қатарлы жастарын оқырманға үлгі ету мақсаты қойылғандықтан да автор осыған жету үшін лириканы, оның лирикалық хат түрін сәтті таңдай білген. Қазақшасында романдағыдай оқиғаның желісі суреттеліп жатпайды. Онегин мен Татьянаның бір-біріне жазысқан хаттарын лирикалық толғау түрінде беру арқылы екі жастың ғашықтық сезімдерін жарқырата көрсету үстінде толыққанды образдар жасалынды. Ең бастысы Пушкиннің «Евгений Онегин» романынының негізгі идеясы, рухы Абай аудармасында толық көрініс тапқан. «Пушкинді» дәл аудармашылар бола берер, бірақ жаңағы айтылғандай, оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес» деп жазады М.Әуезов. Көп зерттеушілер Абай Пуш­киннің романынан толық емес, тек үзінділерін ғана аударды деп жүр. Шындығында да көлемді роман Абайдың аудармасында бір-бірімен байланысы нашар сегіз бөліктен тұрады. Романның оқиғасы, көлемі, құрылысы сақ­талынбаған. Аударманың түп­нұсұсқаға жақын келіп («Онегин­нің сипаты», «Амал жоқ қайттым, білдірмей», «Ленскийдің сөзі») жататын, сонымен бірге алыстап кететін («Татьянаның сөзі», «Тәңірі қосқан жар едің, сен», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Құп білемін сізге жақпас») жерлері де бар. Қалай десек те Абайдың аудармасында көркем шығармаға тән өзіндік композициялық тұтастық та бар: алғашқы «Онегиннің сипаты» романның прологі іспеттес те, ал Онегиннің, Татьянаның хаттары, Ленскийдің сөзі жеке тараулардың, соңғы «Онегиннің өлердегі сөзі» эпилогтың қызметін атқарып тұрғандай. Жанры жағынан келетін болсақ, бір-біріне ғашық екі жастың махаббат сезімдеріне толы хаттар түрінде жазылған лирикалық роман болып шыққан. Сөйтіп Абай қазақтың алғашқы эпистолярлық лирикалық романын негізін салды. Абай романды неге осылайша аударды дегенде, алдымен қазақ оқырмандарына түсінікті болу жағын ойлағандықтан, екіншіден шығыс әдебиетінде бұрыннан бар нәзирашылдық дәстүрді қолданғандық деп білген жөн. Қалай десек те аудармадағы мұндай алшақтықтарға Абай саналы түрде барғандай. Керек десеңіз, ұлы Абай ұлы Пушкинмен «мен бұл тақырыпты былайша жырлар едім» деп, өнер жарыстырып та тұрған сияқты. Академик З.Ахметовтің «ақынның өнер жарысына түсетін, сыналатын бір тұсы – осы басқа ақындардың шығармасына үңіліп, соны өзінше қалай айтып жеткізгені» («Абай» энциклопедиясы. А., 1995, 456-ет) дегені бар. Осы тұрғыдан келсек, «Евгений Онегинді» аударғанда, қазақтың ұлы ақыны Абай орыстың құдірет ақыны А.С.Пушкинмен ақындық жарысқа түсіп, иық теңестіреді; өзінің де поэзия әлеміндегі дара алыптардың бірі екендігін дәлелдейді. Қазақ әдебиетінде А.С.Пушкин шығармаларының аударылуын арнайы зерттеген С.Абдрахманов «Евгений Онегин» романының тәр­жімасын зерттей келе «Пушкин романының кейіпкерлері арқылы Абай да өзінің лирикалық көңіл-күйін ашқан. Аударманы лирикаға айналдырған. Абай өзінің «Евгений Онегинін» негізінен алғанда, аударма тәсілімен туындатқан. Шығармашылық еркіндікпен қарап, қазақ қауымына бейімдеп келтірген. Бойында нәзиралық сипаттары бар аударма дейміз» – деп, пікір түйеді. Ақын, драмашы, прозашы І.Жансүгіров 1937 жылы Ілияс «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударады. «Евгений Онегин» романының үзінділерін А.Құнанбаевтың тәржімалағаны белгілі. Бірақ ол шығарманы толық емес, үзінділерін еркін қазақшалаған. Абайдан кейін ол шығарма қазақшаға толық күйінде аударылмай келді. Ондағы басты қиындық ол романның көркемдік әлемін қазақшалаудың сол кездегі қазақ ұғымына ауыр болуынан еді. Классикалық Онегиндік шумақ қазақ өлеңдерінде қолданылмаған болатын. «Евгений Ониегинді» қазақ тіліне аударудың тілдік, көркемдік мәселелері жеткілікті еді. Осындай қиындықтарына қарамастан, І.Жансүгіров Пушкин­нің таңғажайып шығарма­сын қазақ тілінде сөйлетуге бел буған еді. Төгілген тердің, қыруар еңбектің нәтижесінде «Евгений Онегиннің» қазақша аудармасы біршама сәтті шықты деуге болады. Романның мелодикалық, ритмикалық ұйқас­тары сол қалпында сақталды. Осы аударма алғашқы толық және дәл аударылған саналады. Абай аталмыш романның бірінші тарауын аудармаған. Пушкин романның басындағы «Арнау сөзін» Ілияс былай аударады: Достан, осы-ақ келген қолдан: Шала, сықақ, шала мұңнан. Елі өзінен, ұлы арманнан Жас жемісім, жұбанудан Таң күзеттен толғанудан Өспеуімнен, өшкен жылдан, Салқын ақыл байқауынан Күйгенг көңіл, түйген сырдан – Ала-құла жазылған сөз Құмарлана қолыңды сөз. Пушкиндегі келте қайыру Ілияс аударуында да қысқа қайырылады. Сонымен қатар, Ілияс аудармасы бір жағынан, асыл нұсқаға барабар түсіп, екіншіден, қазақшылық жағынан да көрікті де келісті болып, әдемі қиысып отырады. Сонымен, «Евгений Онегин» Пушкиннің өзіндегі 14 жолды шумақпен өз ұйқасы, өз өлшемі және әр жолдың мағына тұспалын өз қалпында беріп, тіл бейнесі де қазақшасына тұсау салмай, өзінше үлгімен жасалған. Ілияс Жансүгіровтің аудармасы сол жылдарда үлкен жетістік ретінде бағаланды. Әсіресе, ақынның түпнұсқаға аса мұқият қарағаны сүйсінтеді. Кей тұста тіпті сөзін көзінен тізіп тұрып санаса да дәл шығатындай еті Түпнұсқа мен аударманы жолына жолын салып тұрып салыстырсаңыз да дәлме-дәл, тіпті сөзіне сөзін түнгендесеңіз де толықтай дерлік табасыз. Сөйте тұра көркемдігі де тәп-тәуір сақталған деуге болады. Алайда, аудармашының тым дәлдікті қамдап кеткені көп тұстарда әріпшілдікке апарып соқтырғаны да кездеседі. Пушкинде: Прошла любовь, явилась муза, И прояснилась темный ум. Свободен, вновь ищу союза Волшебных звуков, чувств и ум. Жансүгіровте: Өтті сүю, жетті муза Айқындалды күңгірт ақыл. Боспын, шығам союзына, Ой, сезімнің, үннің сиқыр. Бұл аударманың жетістігі – аудармада түпнұсқаға құрметпен қараудың, автордың өзіндік өрнегін қалайда сақтаудың қажеттігін дәйім есте ұстағандықтан да толыққанды аударманы дүниеге әкелгені. Кемістігі — «Әр жолдың мағына түспалын өз қалпында беретін» үлгіні ұстанамын деп жүріп, көп жерде поэзиялық сұлулықтан ажырап қалатындығы. Пушкин романының Қ.Шаңғыт­баев аударған нұсқасы 1949 жылы жарық көрді. Бұл аударма да Пушкиннің туғанына 150 жыл толуы қарсаңында қолға алынған болатын. Ол кезде мына дүниеде І.Жансүгіровтей адам болмағандай саналатын, оның Пушкин романын аударғаны да ауызға алынбайтын щақ еді. Екінші жағынан – әлем әдебиетіндегі ұлы туындыларды қайта-қайта аудару дәстүрі өскен елдердің бәрінде де бұрыннан бар. Қ.Шаңғытбаевтың 1949 жылғы аудармасы – өзінің мүмкіндігінен көп төмен, тәжірибесіздіктен елеулі кемшіліктер жіберілген нұсқа. Академик С.Қирабаевтың сол тұста жазған «А.Пушкин шығармасының аудармасы туралы» атты мақаласында» 1937 жылғы 3 томдықтың, 1949 жылғы 1 томдықтың елеулі кемшіліктері нақпа-нақ көрсетіле келіп: «Қ.Шаңғытбаев жолдас «Евгений Онегин» сияқты ұлы шығарманың идеялық мазмұнын түсінбеген» деген баға беретіні де осындай себептерден болатын. Абай да «Евгений Онегиннің» шумағын да, уәзінін де сақтамай аударған. Бірақ оның жөні басқалау. С.Мұқанов мүны былай түсіндірген: «Онегиндік шумақты» Абайдың сақтамауы ол шумақты қазақшалауға әлі келмегендіктен емес, қазаққа ұғымсыз болар деген ойдан туған болу керек». Шынында да дәл сол кезде өлеңмен жазылған орыс романының қазақ таңдаушысының қүлағына сіңімді бола қоюы қиын еді. Жалпы, Абайдың Пушкиннен аудармаларының бағын айрықша жандырып жіберген тағы бір жай – сөзіне сай ғажап әнін қоса шығарғаны екенін де есте ұстаған жөн. Пушкиннің зергерлігі айрықша танылған бұл шығармасын аударудың басты қиындығы ұлы ақынның туындысын аудару ұлы ақынның ғана қолынан келетіндік еді. Олай болу тек Абайдай даныш­панның ғана қолынан келді. Сондықтан да Абай аудармалары 100 жылдан астам уақыт өтсе де ақын атаулыға алдырмайтын асу болып келе жатыр. Ал Абай атасы салып кеткен жолды жалғастыру бақыты біздің әдебиетте ақиық ақын І.Жансүгіровке, 20-шы ғасырдағы поэзиямыздың асқан зергері Қ.Шаңғытбаевқа бұйырғаны – ортақ олжамыз. Сонымен Қ.Шаңғытбаев бас-аяғы отыз жылдай тынымсыз еңбек етіп, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне сәтті аударып шықты. Өзіне дейін осы романды аударған Абайдың, Ілиястың тәжірибелерін ой елегінен өткізіп, жақсы жақтарынан үйреніп, кемшін соғып жатқан тұстарын ескеріп отырғандығы анық. Бұған дейін де біршама аудармалар жасап, «Евгений Онегинді» әбден ысылған кезде қолға алғаны өз жемісін берді. Бұл турасында Осы романның қазақша аударылуын арнайы зерттеген С.Абдрахманов былай деп жазады: «1949 жылғы алғашқы аудармасындағы кемшін-кетіктерді уақыт келе сана сарабына салып, тәжірибе жинаған, әбден шеберленген, кемелденген кезінде түгелдей қайта аударып шыққан Қуандық Шаңғытбаевтың еңбегі де рухани ерлік деп бағалауға әбден лайық. Шаңғытбаев аудармасы дәлдігі, көркемдігі, түпнүсқаның рухын, ауанын сақтауы жағынан поэзия аудармасына қойылатын ең биік талаптарға дерлік жауап бере алады. Әсіресе, Онегиндік шумақ уәзіні соншалықты қатаң сақтала түра,шығарманың поэтикалық көркемдігіне нүқсан келмегені сүйсінтеді» (С.Абдрахманов. Біздің Пушкин. Астана, 1999, 183-бет). Жалпы, А.С.Пушкин шығарма­ларын аудармаған, оған қалам тартпаған жазушы, ақын кемде-кем. Олардың қатары сонау Абай, Ыбырай заманынан бері қарай өсуде. Солардың ішінде ұлы Пушкиннің бас шығармасы «Евгений Онегинді» Абай бастап аударып, шоқтығы биік өзінше бір көркем дүние жасады. Бұл шығарманы Абай еркін аударып, орыс ақынымен өнер жарыстырғандай болса, одан кейінгі аударған І.Жансүгіров пен Қ.Шаңғытбаев төлтумаға неғұрлым жақындай түскенін көреміз. Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, С. Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор qazaquni.kz