Әл-Фараби мұрасы мен жаңа заман үндестігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында әл-Фараби мерейтойын ысырапшылдыққа жол бермей, осынау ғұлама тұлғамыздың еңбектерін халық арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.

Бүгінде Ұлы ғалымның трактаттарының қолжазбалары Каир, Дамаск, Бейрут, Ыстамбул, Париж, Мадрид, Лондон, Тегеран, Нью-Йорк қалаларының кітапханаларында сақталған. Оқырман назарына зерттеушілердің осы бағыттағы келелі ойлары ұсынылып отыр.

Әл-Фараби – ортағасырлық ғылымның қай саласы болсын үздік білім иесі энциклопедист, ғұлама ойшыл. түркі ислам әлем философиясының жұлдызы, адамзаттың ұстазы.Ұлы бабамыз өз заманында ақыл ой мен білімнің мәнін терең зерттеп, ғылымның барлық салаларынан аса зор мұра қалдырды. Ғұламаның ғылыми еңбектерін қайта қарау барысында ғалымды Шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикадан жүйе жасаған ағартушы оқымысты ретінде танимыз. Оның пікірінше, жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін үш нәрсенің ерекшелігін жүйелеп алу керек: - баланың ішкі ынта-ықласы, құмарлығы; - ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы; - сабақ процесінің алатын орны. Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына ерекше мән берген. Көшпелі халық – табиғат перзенті. Бұл жөнінде Шоқан Уәлиханов: «Далалық орданың тұрғыны – қазақ өзінің моральдық қасиеті, ақыл-ой қабілеті жағынан әлдеқайда жоғары тұрды, осынау дала көшпенділерінің ақынжанды боп келетіні, ой-қиялының жүйріктігі өзіндік ақындық қабілет, дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында болса керек», – деп көшпелілердің ерекшеліктеріне мән берген [3].Әлемге әйгілі Әл-Фарабидің өзі де бабаларыда осындай ортадан шыққанын мақтанышпен айтуға болады. Араб-ислам мәдениеті әлем елдеріне тарала бастағанда Орта Азияның ауқатты адамдары балаларын мұсылман ғылымын меңгерту үшін алыс елдерге жібере бастағаны тарихтан білеміз. Ата жұрттан тиісінше білім алғанәл-Фараби кейіннен жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина, логика, этика, метафизика, жағрафия, әдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым салаларынан 164 (200) атақты трактаттарын жазды. Өкінішке орай, бүгінгі ұрпақтың қолына тигені 40-қа жуық, өзге еңбектерінің көпшілігі бізге жетпей жоғалған. Араб тарихшысы ибн Халликан «әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген» деп жазып қалдырған. Мың жылдан асса да ол жазған рухани мұра ғылыми құндылығын әлі жоймай келеді. Бұл Фарабидің ұлылығы мен данышпандығының айғағы. Ойшыл ғалым Фараби «Ғылымдар энциклопедиясында» Аристотельден өзіне дейінгі 1300 жылғы ғылымға талдау жасап, кейінгі ұрпаққа құндылығы аса зорэнциклопедиялық еңбек қалдырды. Бұл еңбек Фарабиден кейін де 500 жыл бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспес кітабының бірі болып, жоғары мектептерге ғылым негіздері жөніндегі басты оқулық ретінде оқытылды. Әл-Фараби Алланың құдіреті мен ұлылығын басты орынға қойды. Жаратқаннан күнә-қателіктерден тазартып, таза ақылды нәсіп етуін сұрап күндіз-түні дұға қылған. «Дін кітабы» еңбегінде: мынандай үзінділер бар: «Уа, Алла! Пендеңнен надандық пердесін сыпырып, пәнилік кінәраттардан пәк ете гөр. Өзің разы болатын іс қылуды нәсіп ет! Уа, Алла! Мәртебемді биік ет! Әр ісімнің соңын қайырлы қыл! Мақсат-мұраттарымды асыл қылып, іске асыр! Уа, шығыстар мен батыстар­дың Иесі! Уа, Раббым! Бойыма тек­тілік пен бекзаттықты бер, пайғамбарлардың кереметтерін көрсет, байлардың бақытын бер, данышпандардың даналығын дарытқайсың, тақуалардың тақуалығын танытқайсың! Маған ақиқатты ақ қылып көрсет! Жалғанды жалған етіп көрсет. Уа, Алла! Даналықтың ең биік деңгейіне жеткізіп, пә­кизат періштелеріңнің әлеміне жақындат! Осы жолдарға талдау жасай отырып ұлы ойшылдың бар өмірі Алладан өзі тілеген тілегі қабыл болды ғой деп қорытындыға келуге болады. Себебі: Әл-Фарабиге әлемге танымал ұлы тұлға, ойшыл, ғалым, түркі, ислам әлемі философиясының жұлдызы, халықтың өзі Аристотельден кейінгі адамзаттың екінші ұстазы деген атау берді.Бұл тұста ұлы бабамыздың өзіде Аристотельді аса жоғары бағалап, ұстаз санаған. Бүгінгі таңда «Қоғамды қандай адам басқаруы тиіс?» деген сұрақ кімді болса да ойландыруы мүмкін. Қоғамды ақылды, бiлiмдi, сабырлы, ізгiлiктi билiкпен ұштастыра алатын қабiлеттi адам басқаруы керек. Адамдардың арасында қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбиементалім,т.б.бастықұндылықтарболукерек дейді. Мемлекет адамдары басқа күш арқылы емес, тек теориялық ақыл-парасат арқылы күшті мемлекет бола алады дейді. Ұлы ойшыл өз заманында қоғамда тумысынан табиғат берген он екi қасиетi бар адам басқаруы тиіс дейді [4]. 2014 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямызды жариялаған болатын [5]. «Мәңгілік Ел» идеясының үш тұғыры ретінде – Түрік қағанаты мемлекетінің Күлтегін бітіктасында жария етілген саяси актісі – манифесі, әл-Фарабидің саяси-теориялық философиясы және Жүсіп Баласағұнның құқықтық мем­лекеттік қағидалары қарас­тырылды. «Мәңгілік Ел» – әл-Фарабидің саяси-теориялық философиясының негізі. Ортағасырлық ойшыл ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап кетті. Әл-Фараби «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндаған [6]. Ұлы ғұламаның: «Адам ақыл-ойының арқасында ғана адам болды, Еркiндiк толық орнаған қоғамда Әлеуметтiк әдiлеттiлiк орнайды», –деген ғылыми тұжырымдары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан жағдайында да өз құндылығын жойған жоқ. Әл-Фарабидің музыка саласындағы «Музыканың ұлы кітабы» жарық көрген соң оны дүние жүзінің барша ғалымдары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп таныған. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге әкелген. Қазір музыкада 7 нота болса, Әл-Фарабидің еңбегінде нота саны – 12. Сол бес нотаны әлі күнге дейін ешкім тапқан жоқ [7]. Арабтар Фарабидің музыкалық шығармаларын осы уақытқа дейін пайдалануда. Әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы»– музыка өнерінен толық білім беретін еңбек. Фараби әмбебап ғалым ретінде өз заманында жақсы дәрігер болғаны белгілі. Ұлы ойшыл дәрігер мыналарды білуге тиіс дейді: (6- қасиет) Біріншіден, адам ағзаларының ерекшеліктерін білу; Екіншіден, ауруды дұрыс сақтау және қалпына келтіру үшін қолданылатын шараларды білу; Үшіншіден, аурудың түрлерін себептерін білу, оны жоятын жолдарды білу; Төртіншіден, дәрігер сау және сырқат мүшелердің айырма­шылықтарын білу; Бесіншіден, тамақтану тәртібі, дәрі-дәрмекті қолдану жолын білу қажет; Алтыншыдан, ауру адамның денсаулығын нығайту жолдарын меңгеру. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ұлы ойшылдың 10 томдық шығармалар жинағын Лотос-Астана баспасы дайындап шығарды, оған қоса 20 томдық «Қазақ халқының философиялық мұрасының» II, III, IV, XV томдары Әл-Фарабиге арналған[7]. 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валютамыздың 1, 200, 1000, 2000, 5000 теңгелерінде Әл-Фараби бейнеленді. Ұлы ғалым Бағдат, Хоросан, Каир қалаларында болып, өмірінің соңғы жылдарын бұрынғы Шам шаһарында, кейінгі Дамашық (Дамаск) қаласында өткізіп, 80 жасында дүниеден өткен ғалым түркілер арасынан шыққан Шығыс ренессансының өкілі. Қорыта айтқанда, Аристотель Әл-Фарабидің арқасында Аристотель болды. Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі герек философиясымен Әл- Фарабидің еңбектері арқылы танысты. Кейіннен оның ізбасарлары арқылы дамытылды. Міне, сол үшін Отырардан шыққан ұлы перзент– Әбу Насыр Әл-Фараби бізге қымбат. Шам шаһарында қайтыс болғанда оны сол елдің әміршісі Сайф ал-Даула өз қолымен жерлеген. Ұлы ғалымның мүрдесі Сириядағы Баб әс-Сағир зиратында жатыр. Елбасы Сирияның Дамаск қаласына 2007 жылы барғанда қыпшақ Әл-Фараби деген жазуы бар қабірде құраноқытып тәу етті. Ол Фарабидің мавзолей құрылысын жүргізуге, Бейбарыстың мавзолейін қалпына келтіруге келіскен.Келісім жасалып, 2011 жылы соғыс басталғанға дейін95 пайызы біткен.Енді ұлы ғалымның асыл мұраларын 1150 жылдығы қарсаңында қазіргі сол аймақтағы жергілікті тұрғындар мен мемлекет басшыларының парасаттылығы мен уақыт еншісіне тапсырғаннан басқа лаж болмай тұр.

Ердәулет БЕРЛІБАЕВ, тарих ғылымының кандидаты, доцент

Сафура ҚАЛДЫБАЕВА, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, тарих магистрі

qazaquni.kz