Солдат махаббаты

736
0
Бөлісу:

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы

 

Биыл – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Сондай-ақ туғанына 110 жыл толатын аты әлемге жайылған даңқты қолбасшы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы туралы айтылған әрбір әңгіме сол дүбірлі Жеңістің жаңғырығындай естілетіні де даусыз.

Ішке енсем, Баукең «Қазақ әдебиеті» газетін оқып отыр екен. Сәлемімді алысымен газетте жарияланған Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановтың мақаласын көрсетіп:
– Мұны кейін оқырсың, қазір мені тыңда! – деді бұйыра сөйлеп. – Бұл 1942 жылдың қысында Старая Русь қыстағының түбінде болған оқиға. Капитан кезім, полк командирімін. Генерал майор Лузиков корпустың, генерал майор Чистяков дивизияның командирі.
Лузиков өте мәдениетті, білімді кісі еді. Испанияда әскери соғыс кеңесшісі болып істеген. Сол жақта Совет одағының Батыры атағын алған.
Демьянский деген қаладан Холмға қарай бұрылып бара жатқанбыз. Менің полкім ең алда еді. Жоғары жақ «көмек көрсетсін» деп майор Яковенко басқаратын шаңғышылар батальонын бізге жіберіпті. Іле-шала: «Тез алға жылжысын!» деген бұйрық та алдық. Шаңғышылар батальонының командирі майор Яковенкоға: «Васильево қыстағын жаудан тартып аласыңдар!» – деп бұйырып, таңсәріде алға жібердім. Басқа бөлімдерді де тұс-тұсқа аттандырып, әлгі шаңғышылар батальонының соңынан қуып бердім. Неге екенін білмеймін, көңілімде оларға деген күдік тұрды. Қуып жетсем, аумағы бес-алты гектардай кішкене тоғайға келіп тоқтапты. Бір жарым, екі шақырымдай жерде Васильево қыстағы тұр.
Қыстақты бірден атой салып алу орнына шаңғышылар тоғайда бізді ешкім көрмейді деп тап бір туған үйіне келгендей жайбарақат күйге енген. Менің жоспарым – тұс-тұстан бір мезгілде шабуыл жасап, жаудың зәресін ұшырып, жеңіске жету еді. Енді ол жоспарымның күлі көкке ұшқалы тұр.
Тоғай шетінде масхалат киген бір қап-қара қазақ отыр екен. Қасына жетіп бардым.
– Командирің қайда?
Ыңыранып жауап берер емес. Орнынан тұру ойында да жоқ. Сұрағымды екінші рет қайталадым. Үнсіз. Ашуымның келгені сондай шаңғымның таяғымен басынан тартып жібердім. Содан кейін ғана тіліне жан бітсе бола ма? Бір минөт қымбат кез ғой. Ентіге тоғай ішіне енсем, батальон командирі майор Яковенко да, солдаттар да жайбарақат тамақтанып отыр. Яковенко орнынан ұшып тұрып:
– Жолдас капитан, – дей беріп еді:
– Қыстақты неге алмадың?! – дедім сөзін бөліп. – Егер осыдан мақсатымыз орындалмаса, әскери трибунал алдында жауап бересің!
Солдаттар тамақтарын апыл-құпыл ішіп, орындарынан тік тұрды. Бір қарасам, Яковенко бәрін бір ізбен шұбыртып әкетіп барады. Мен тоқтатып, жан-жаққа бытырата жайдым. Әр солдаттың арасына бес-алты метрдей бос орын қалдырдым. Немістер бір ротадай ғана екен.
Безіп берді. Қыстақты ұрыссыз алдық. Бұл жерде психология ерекше роль атқарды. Бір ізбен барғанда немістер біздің солдаттарды оп-оңай қырып салар еді. Бес жүз, алты жүз адам жан-жақтан шашырай, қанат жая ұмтылғанда жау «бұлар көп екен» деп қатты састы. Шаңғышыларға сенбестен қуып жеткенім жақсы болған екен. Әйтпесе босқа қырылар еді. Сендер командирге басшылық жасау оңай дейсіңдер. Қайдағы оңай?!
Шаңғышылар батальонының комиссары Амбалов дейтін осетин екен. Яковенкомен қатқыл сөйлескен кезімде ол менен қорқып, тасада жасырынып қалса керек.
Васильево қыстағын алып, жауды сексен шақырым кейін шегіндірдік. Мәлік пен Төлегенді наградаға ұсындым. Шабуылды кеш, менің араласуымнан кейін бастағаны үшін Яковенконы, комиссар Амбаловты наградага ұсынбадым. Содан маған деген екеуінің де өкпесі қара қазандай. Екеуі де партия мүшесі, ал мен партия мүшесі емеспін. Ертесіне білдім, олар полкімнің комиссары Логвиненконың атына менің үстімнен шағым жазыпты.
– Яковенко мен Амбаловты наградаға ұсынған мына қағазға қол қойыңыз, – деп Логвиненко мені үгіттей бастады.
– Жоқ! – деп мен қол қоюдан үзілді-кесілді бас тарттым.
Ол бұл жайды ызаланып, генерал-майор Чистяковқа хабарлапты.
– Полк командирі қол қоймаса, мен оған қол қой деп айта алмаймын, – депті Чистяков. – Кімді наградаға ұсыну, ұсынбауды Бауыржан Момышұлының өзі біледі.
Оның адамгершілігін көр­мей­місің? Осы эпизодтан-ақ Чистяковтың кім екені танылып тұрған жоқ па?
Енді дивизия комиссары Егоров корпусқа менің үстімнен шағым жазады. «Дивизия командирі партия мүшесі емес капитан Момышұлының тілін алып отыр» деп Чистяковты да оңдырмапты.
Корпус комиссары жетпістегі Черчин деген кісі еді, корпус командирі Лузиковқа айтпастан маған келіпті. Аха-халап күліп, пәлен-түген деп алғаш сыр бермеді. Логвиненко сөзімізді тыңдап, сол жағымызда отырған. Бір кезде:
– Логвиненко, сіз өз ша­руаңыз­бен болыңыз. Мен полк ко­мандирімен оңаша сөйлессем деймін, – деп тастады.
Черчин Азамат соғысына қатысқан, ескі партия қызметкері, ақылды, айлакер, қалжыңбас кісі екен. Бөлмеде екеуміз ғана қалдық. Маған сынай, жымиып қарап:
– Бауыржан, – деді. Әскери тәртіп бойынша «жолдас капитан» деуі керек еді, олай деген жоқ. Мен таңғалып қарадым.
– Сен кешір, менің сенен жасым үлкен. Сол себепті атыңды атап сөйлеп отырмын. – Қуын қарашы.
– Құлағым сізде.
– Сен маған түсіндірші, Яковенкомен, Амбаловпен неге тіл табыса алмадың?
Мен болған жайды жасырмай баян еттім.
– Жауды жеңгені рас кой?
– Рас.
– Ана солдатты шаңғы таяғымен ұрғаның қалай?
– Сіздің бүйтіп сұрақ қоярыңызды білгенде, мен оны табанда қамауға алар едім.
– Жарайды, өткен өтті ғой. Өтінем, ана екеуін наградаға ұсынған қағазға қолыңды қой.
– Жоқ, жолдас корпус комиссары, мен қол қоймаймын. Бұл жайды дивизия командирі Чистяков біледі. Мен ол кісіні аттап өте алмаймын. Қойса, Лузиков қол қойсын.
Шал төмен қарап, темекі тартты да:
– Мінезің мінез-ақ екен! – деді ойланып. – Жарайды, ашу-ызаң тарқаған соң мүмкін жөнге келерсің. Мен кеттім. Арамыздағы әңгімені корпус командирі Лузиковқа жеткізем.
– Еркіңіз білсін.
Шалды аттандырып салдым. Ұрыс жүріп жатыр. Күллі комиссарлар соңыма түсіп алды. Штаб бастықтарымыздың шені – подполковник, батальон командирлеріміздің шені – майор, бәрі партия мүшелері. Партия мүшесі емес жалғыз менмін, тағы полк командирімін, шенім – капитан.
Алға кетіп барамыз. Бах деп Яковенко жараланыпты. Оны қарамағындағылар шанаға салып, госпитальға жіберіпті.
– Батальон комиссарын ша­қыр, – десем, жап-жас, мұрны қола­ғаштай таулық жігіт жүгіріп келді.
– Жолдас капитан, батальон комиссары Амбалов сіздің шақыруыңызбен келіп түр.
Пысық бәле екен, бірінші көруім.
– Батальон командирі госпи­тальға кетіп бара жатып не айтты?
– Жолдас полк командирі, оны келте тонға орап, шанаға отырғызғанымызда, маған қимай қарап:
– Момышулы прав и справедлив деп айтты, – деді.
– Ехе-хе-хе… Мм… Жараланып, госпитальға кетіп бара жатып айтқан мына сөзіне қарағанда Яковенко мені түсінетін адам боп шықты ғой. Жасы үлкен де еді. Мынау Амбалов та мені түсінгенге ұқсайды. Ехе-хе-хе… Мм..– деп ойланып тұрып қалдым.
– Яковенконың орнына кімді командир етіп қойған дұрыс?
– Меніңше, оған бірінші рота командирі Перпилов лайық.
– Ол қайда?
– Алғы шепте.
– Шақыр.
Амбалов жүгіріп кетіп, сәлден кейін Перпиловты ертіп келді. Жасы қырықта болу керек, шені – капитан. Аласа бойлы, сап-сары, көзі жыпылықтап қалған біреу екен. Соғыс, ұрыс адамды айнаға түсіргендей жалаңаштап көрсетеді. «Түсі жақсыдан түңілме» деген мақал бекер айтылмаған. Ары-бері қарап, ойға шомдым. Сол жағымда Амбалов, қарсы алдымда Перпилов тұр. Екеуін де бірінші көруім. Екеуін салыстырдым. Амбалов «батальон командирі Перпилов болсын» дейді. Бүйтіп қарап ойланып, «Перпиловке батальонды сеніп тапсыруға болмайды» деген қорытындыға келдім.
– Перпилов барып, өз ротаңызды басқара беріңіз.
– Құп болады.
– Батальон командирі Амбалов болады, – дедім.
Амбаловтың көзі шарасынан шыға жаздады. Ол командир емес, комиссар ғой.
– Бұйрықты қайталаңыз! – Ол көзі алақандай боп:
– Құп болады, жолдас полк командирі, – деп даусы діріл­деңкірей бұйрығымды қайталады.
– Сен жасқаншақтама. Батальонды бірлесіп басқарамыз, ұрысқа да бірге енеміз.
Айтқанымдай кейін көбіне Амбаловтың қасында жүрдім. Мазури қыстағын сәтті алғанымызда:
– Сен қорқақтап едің, егер басың жұмыс істесе, батальонды басқаруға болады, – деп арқасынан қақтым.
Корпус командирі Лузиковқа:
– Момышұлы дұрыс істемеді, – деген тағы шағым түсіпті. Лузиков мені телефонға шақырды. Бұрын көрген, сөйлескен кісім емес.
– Сәлеметсіз бе, жолдас Мо­мышұлы. Сізбен сөйлесіп тұрған Лузиков. Сіз комиссарды батальон командирі етіп тағайындапсыз. Оны тағайындамас бұрын ойландыңыз ба? Сіздің бұл шешіміңізге комиссарлар тегіс қарсы.
– Жолдас корпус командирі, ол қарсы болушылар Амбаловқа ұксап соғыса білмегендер. Шын мәнінде олар нағыз ұрысқа қатысып көрмегендер. Ал Амбалов, менің зерттеп анықтауымша, барлық кезде алғы шепте болып, батальон командиріне көмектескен. Ол маған батальон командирлігіне Перпилов лайықты деген ұсыныс айтты. Бірақ мен жағдаймен толық танысып, ойлана келе батальон командирлігіне Перпиловтен гөрі Амбалов лайықты деп шештім.
– Оған сенуге болады ғой?
– Дәл солай, жолдас корпус командирі.
– Маған біраз жай мәлім. Мен Иван Михайловичпен сөйлестім. Ол сені қолдап отыр. Бірақ бізде кейбір сөз таратушылар да бар. Жарайды, Иван Михайлович сенсе, мен де сендім. Армия туралы айта алмаймын, ал менің корпусымда комиссардың батальон командирі болғаны бірінші оқиға.
Корпус командирі, генерал Лузиков маған осылай деді.
Бұл жерде тағы да Иван Михайлович Чистяковтың образы көрінеді. Ол менен аттап өте алмады. Қандай адамгершілік! Бұған қосымша корпус командирі Лузиковтің адамгершілігін айтсаңшы!
Амбалов соғыс аяғында жараланды. Қазір тірі, реңді жігіт. Өзі текті жердің баласы дерліктей жақсы командир болды.
Баукең темекі түтінін ұрлей, терезеден сыртқа көз сап, біраз ойланып отырып:
– Е, бұл әңгіме Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановтан шығып кеткен екен ғой, – деді күліп. – Тыңда. Пойызбен Мәскеуге бара жатырмын. Мейрамханадан тамақтанып, купеме қарай келем. Менімен құрдас, заң ғылымының докторы Махмұт Сапарғалиев деген кісі бар еді. Бірнеше рет министр, облыстық, өлкелік партия комитетінің хатшысы, прокурор болған, ақылды, өте мәдениетті кісі еді. Кейіннен орнынан алынып, «Қазақстан» баспасында қатардағы редактор міндетін атқарып жүріп, жүрек талмасынан қайтыс болды.
Сол кісі жолығып қалды. Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы кезі.
– Бауке, жүріңіз, біраз әңгі­меселік, – деп купесіне ертіп барды. Біраздан соң Шымкент об­лыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ливенцов кіріп келді.
– Ә, Бауыржан, осында ма едің? Ең дұрысы, менің купеме барайық.
Келісе қоймап едім, Махмұт «жүр» деп болмады.
Купесіне барсақ, боржиған бір қара қазақ төрде отыр. Коньяк іштік. Анау боржиып, теңселіп отыр. Ливенцовтың мені ертіп барғанын жақтырған жоқ. Оны мен де сездім, Махмұт та сезді.
Сөйлестік. Боржиған қара Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов екен. Бір кезде қырлы стаканға толтырып коньяк құйып, менің алдыма қойды. Рюмке емес, стакан. Түсініп отырсың ба? Ана екеуі таңғала қарасты. Хасан өте дөрекі үнмен маған:
– Полковник, мына стаканды қолыңа алып, тамшы қалдырмай ішесің! Ішпесең, полковник емессің! – деді.
– Мынау итке не жоқ? – деп мен де ішімнен таңғалдым.
– «Ас иесімен тәтті» деген мақалды мен шығарғам жоқ, халық шығарған, – деп екінші бос стаканға коньякті толтырып құйып, алдына қойдым. Ливенцов пен Сапарғалиев аң-таң.
– Ал, «тамшы қалдырмай ішесің, әйтпесе полковник емессің» дедіңіз ғой. Сіз дастарқан иесісіз. Ішпесеңіз, мен сізді обком хатшысы деп санамаймын, – деп стаканды жоғары көтердім.
Анау екеуінің көздері шарасынан шығып барады. Ол бөгелген жоқ, бір-ақ көтеріп, ішіп салды.
– Ой, азамат екенсің, – деп мен де ішіп салдым.
Аналар аң-таң. Қазы-қарта жеп отырмыз. Хасан маған тиісе бастады. «Ой, масқара, мұнысы несі? Жоқ жерден шатақ шығып кетер ме екен?» – деп Ливенцов та, Сапарғалиев та қылпылдап отыр. Тағы өздері СССР Жоғарғы Советінің сессиясына бара жатыр екен.
– Есіңде ме, шаңғы батальонында жүргенімде мені ұрғансың?! – деп Хасан жоғарыдағы эпизодты айтып берді. Аналар аң-таң.
– Иә, есімде.
– Мен бүгінде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші секретарымын, СССР Жоғарғы Советінің депутатымын, қазір сессияға бара жатырмын, – деп тоқтап қалып, кенет: – Ал сен кімсің? Бар-жоғы полковниксің! – деді. Сөзінің астары қайда жатыр?
– Сол жолы ұрғаным үшін маған алғыс айтуың керек! – дедім дауысымды көтеріп. Ол орнынан ұшып тұрды.
– Әй, Хасан, отыр орныңа! Мынау сенің купең болады, – деді Ливенцов қазақшалап. Ол үнсіз бағынып, орнына отырды.
– Соғыс уақытының заңы бойынша мен сені атып тастауым керек еді. Оны істемегеніме қазір қатты өкініп отырмын. Атып тастағанымда сен Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы да, депутат та болмас едің. Маған алғыс айт дегенімнің себебін енді түсіндің бе? – Үн жоқ. Орысшалап сөйледім.
– Да, война представила мне это право. Вместо расстрела я его побил, а он вместо «спасибо» делает мне выговор! – деп даусымды көтеріп бара жатыр едім, Ливенцов:
– Хасан, үндемей отыр, – деп тастады. – Ал енді, Бауке, сөйлесіп болдыңыздар ғой. Ендігі кезек Махмұт екеуміздікі. – Хасан, сен полковник емессің. Ал, Бауыржан Момышұлы болса, обком хатшысы, СССР Жоғарғы Советінің де­путаты емес. Әрқайсыларыңның өздеріңе жарастықты орындарың бар. Баукеңді көргеннен кейін мына Махмұт екеуміз ақылдасып, осында шақырып келіп едік. Мұндай әңгіме есітеміз деп шақырған жоқ едік. Хасан, сен біздің қонағымызды сыйламасаң, Махмұт екеумізді сыйласаңшы! Бұл саған жараспайды, жолдас хатшы.
Анау бірдеме деп келе жатыр еді, Махмұт:
– Әй, Хасан, мына кісінің айтқанына қосарланбай тыныш отыр! – деп тастады. Хасан төмен қарап, үнсіз қалды.
– Жолдас хатшы, жолдас депутат, жаңағы сөздің бәрін сен айтқан жоқсың, мына бәле (рюмкені көрсеттім) айтты. «Әкесін жамандап атақ алған бала бала емес» деген сөз есіме түсіп отыр. Оны мен шығарғам жоқ, халық шығарған. Астарын өзің түсін. Командирін жамандап атақ алған солдатты мен де естіген емеспін, сен де естімеген шығарсың? Халқымыздың «Жылай-жылай арық қазсаң, күле-күле су ішесің» деген де сөзі бар. – Орысшалап сөйледім: – Товарищ красноармеец Бектурганов, я до сих пор остаюсь вашим командиром. Тебя как воина, как честного солдата благодарю за службу. Я очень рад, что ты стал партийным, государственным деятелем. Я поднимаю тост за здоровье твоих детей, твоей жены.
Қара кісі қызарғанда көгереді екен ғой. – Баукең маған қарап: – Сен сияқты сарылар қызарады, – деп қойды. – Хасан рюмкесін соғыстырып ішті де, төмен қарап отырып қалды. Ливенцовқа: – Осымен сөз аяқталды, – деп орнымнан тұрдым. Махмұт та тұрды. – Баукең мысқылдай күліп, маған:
– Бұл «солдат махаббатының» бір түрі ме, бір түрі емес пе? – деді. Мен үндемедім.
Енді осы эпизодқа қарама-қарсы бір оқиғаны айтайын. Холм қаласының айналасы орман, шалшық, батпақ. Қараңғы түн. Жау қорғанысы мықты. Дивизия командирімін. Алғы шепті аралап келе жаттым. Қолымда таяғым бар. Неге десең, айнала батпақ, шалшық.
Немістер көрмесін деп жасырынып жүреміз. Олар да бізден сақтанады.
Бір жерге келсем, бір солдат от жағып, қолын жылытып отыр. Тоғайдың іші, отын көп. Таяғыммен солдаттың басынан періп жібердім.
– Сіз мені неге ұрасыз?
– Сені ұру ғана емес, ату керек! – деді адьютантым аяғымен жаншып, отты өшіріп. Бұл оның: «Отты көрсе, немістер атады, сен ақымақ үшін құрбан боламыз ба?» – дегені ғой.
Арада үш айдай өткен. Бір күні бір сержант алдыма кеп әскери тәртіппен қалт тұра қалып, сәлем берді.
– Сіз мені таныдыңыз ба?
– Кешірерсіз, менің он екі мың солдатым бар, қайсыбірін есте сақтаймын?
– Сіз мені Холм түбінде ұрған едіңіз ғой?
Баукең дауыстай күлді.
Сүзіліп карадым. Жас кезім ғой, есіме түсті.
– Иә, мен сізді ұрғанмын.
– Сол үшін сізге рақмет. Сол оқиғадан кейін мен түзелдім, – деді ол. Өзі артиллерист, бөлімше командирі екен.
– Өте жақсы.
– Жолдас полковник, ұрғаныңызға алғаш ренжіп жүрдім, кейін ойланып, сізге деген ренішімді ұмыттым. – Бұл қызық сөз ғой, ә? Қолымды шекеме апарып:
– Қызметіңіз үшін рақмет, – дедім.
– Мен сізден кешірім сұрағалы келген едім.
– Қызметіңіз үшін рақмет, – дедім қолымды қайта шекеме апарып. Ол кетті.
Комиссарым Иван Михайлович Коньков қасымда тұр еді, маған былай деді:
– Жолдас полковник, жаңағы өте жақсы солдат екен. Сіздің ұрғаныңызды кек тұтпай рақмет айтты. Бұдан былай оны бақылап жүретін боламын. Саяси бөлім бастығы ретінде мен сізден оны Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттауыңызды өтінем. Ол – жақсы солдат…
Соғыс кезінде дивизия ко­мандирінің жауынгерлерін Қызыл Жұлдыз орденіне дейін марапаттауға хұқығы бар еді. Таңырқап қарап қалдым. Комис­сарымның тілін алып, оны Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттадым.
Соғыс аяқталды. Совет Армиясы Бас штабы жанындағы жоғары әскери академияны бітіргеннен кейін Сібірге қызметке бардым. Округіміздің штабы Иркутскіде еді. Кеңеске қатысып, пойызбен қайтып келе жатырмын. Красноярскіде жай интеллигент киімін киген біреу рұқсат сұрап, купеме кіріп келді.
– Сәлеметсіз бе, жолдас полковник.
Амандастым. Бұл кім деп отырмын.
– Мені танымадыңыз ба?
– Танымадым. Кешірерсіз, сіз кімсіз?
– Сіз қалайша ұмыттыңыз, мені Холм түбінде ұрған едіңіз ғой?
– Қалайша?
Ол бәрін айтып берді. Өзі Иркутскіде үлкен бастық екен.
– Сізбен кездесермін деп ешқашан ойлаған емес едім. Сыртыңыздан көріп қалып, шыдай алмастан келдім.
Бір шөлмек шарабы бар.
– Рұқсат етіңіз, жолдас полковник, – деп шөлмектің аузын ашты.
– Ұрғаныңыз осы уақытқа дейін есімде. Әйеліме айтсам, «полковник дұрыс ұрған» деп ішегі қатып күледі.
Москваға бара жатыр екен.
– Көңіл бөлгеніңе рақмет, – дедім. Кенет қалтасынан бір кітап алды. Қарасам, менің «Наша семья» кітабым.
– Қолтаңба жазып бер­сеңіз? Екі қыз, бір ұлым бар. Соларға көрсетіп, «мені ұрған командирімнің кітабы» деймін.
Фамилиясын ұмыттым. Аты Николай Андреевич. «Николай Андрейұлына, бұрынғы командирінен, терең құрметпен Б.Момышұлы» деп қол қойдым. Қатты қуанды.
– Бұл, жолдас полковник, менің отбасым үшін үлкен сыйлық. Енді балаларым сенетін болды, бұл – құжат, – деп күліп қоштасты.

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

20 − 15 =