"СЕНБЕСХАНДАРҒА" БІЗДЕН ДҰҒАЙ СӘЛЕМ...

"Мұңлық-Зарлық" деген керемет тәлімді қиссада Күлмес-хан деген кейіпкер бар. Бізде бүгін ондай дәті қатты адам жоқ, есесіне "Сенбесхан" (Фома-неверующий) көп. Мысалы, олар Ислам Әбішевті танымайды-білмейді, бірақ, "жемқор" екенін біледі, таза екеніне сенбейді. Ал, тым тығыз болмаса да, аздап араласқан мен сенемін. Сенетінімнің себебі мынау: Бар жиған-терген дүниесін сатып, ақшасына самолет жасалып, майданға жіберілгені жайында Сталиннің хатын алған Әбіш қарияның немересі 2000 жылы Ордабасы ауданының әкімі болып тағайындалғанда: -өз үй-жайы мен компаниясының мүлкін кепілдікке қойып, банктен аудандағы 3000 шаруа қожалығына кредит алып берген; -компаниясының есебінен ай сайын ауыл әкімдіктеріне жалақыға, жарыққа, т.б. 1млн.200мың теңге жәрдем беріп тұрған; -компаниясының есебінен Темірлан кентінде 340 орындық мектеп салып берген, оған өзінің ия әкесінің атын берейік дегендерге көнбей, «оны салған компания жұмысшылары» деп, «Батсу» компаниясының атын қойған; -Шұбарсу саяжайына бірден 300-ге жуық оралман отбасы көшіп келгенде асарлатып салынған мектеп, емхана, мешіт, полиция ғимаратына керек құрылыс заттарын да өз компаниясының есебінен көтерген; -Өскеменде мешіт салынуына мұрындық болғанда оған компаниясы 100 мың доллар құйған; -2008 жылы Оңт.Қазақстан облысында су тасқынына бөлінген 18 млрд.теңгенің 1,5 млрд.теңгесін штаб бастығы ретінде құрылыс, тасымал жұмысын арзандату есебінен үнемдеген; -Өскеменде «мүсіншілердің халықаралық симпозиумын» өткізу арқылы олардың қала көркін кіргізіп тұрған көп мүсінді тарту етуі немесе аз ақшаға істеуі арқылы миллиондаған қаржыны үнемдеген; -2012 жылы 397 млрд.теңгенің жұмысын 93 млрд.теңгемен бітіргеннен кейін қызметтен қуылған, -2017-18жж қабылданып қойған 1,5 трлн.теңгелік мемлекеттік бағдарламаны 535 млрд.теңгеге түсіріп, 1 триллиондай үнемдегені үшін жаламен түрмеге түскен; -ең ақыры кеше соттағы сөзінде: «Түрмеде отырған 10 айдың ішінде өткен өмірімді саралап, менің ұялатын, өкінетін жерімнің жоқ екендігін көрдім. Егер қайтадан бастау мүмкіндігі болса, тағы да дәл осылай жүріп өтер едім», яғни, 2013 жылы «қазынаның қаржысын үнемдеймін деп жұмыссыз, есесіне тергеудің астында қалдың, енді қызметке қайта барсаң ондайды қоятын шығарсың?» деген жұбайына «қайталайтын жағдай болса, тағы солай істеймін» деген сертінен таймаған! Сіз де сенетін болсаңыз - бөлісіңіз. Сенбейтін болсаңыз - себебін айтыңыз. Өмірзақ Ақжігіт, Қазақ үні