Әліпбидегі диграфтарды үйрету қаншалықты тиімді?

Ұлт руханиятының өзегі –  ұлттық тіліміздің таңбалау жүйесін латын графикасына көшіру барысында біршама жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік деңгейде кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстар жоспары бекітіліп, халық болып жаңа бастамаға жұмыла қолдау көрсетілді. Қазақ жазуының бекітілген нұсқасы оқытылып, үйретіле бастады. Осы орайда, төл дыбыстардың таңбалануының ұтымды тұстары болғанымен, кейбір кемшін тұстарын да атап өту қажет. Нақтылап айтсақ,  Ии және Іі дыбыстарының бір таңбамен белгіленуі, sh диграфының (қосар таңба) жазу мен оқуда біршама қиындық туғызғаны анықталды.   Қазақ тілінің сөздік қорындағы көптеген сөздерде ш таңбасының қайталанып кездесу жиілігі жоғары. Мысалы, ауылшаруашылығы, шаштараз, шашбау, шет-шеттен, шашыратқыш,  шолпаншаш (өс) және т.б. Алғашқы үш сөзде ш әрпі екі рет, ал соңғы екі сөзде үш рет қайталанып тұр.  Енді осы сөздерді «aýylsharýashylyǵy, shashtaraz, shashbaý, shet-shetten, shashyratqysh,  sholpanshash» деп латын графикасымен жазатын болсақ, сөздердің тұрпаты ұзарып,  сөз құрамындағы әріптер саны көбейіп шыға келеді. Бұл, біріншіден, тілдегі  үнемдеу заңына қайшы келеді, екіншіден, әліпбиді балаларға үйрету кезінде  сөздерді, сөз тіркестері мен мәтінді  оқуда қиындық келтіріп, жазу процесінде уақыт ұзақтығын талап етеді.   Әліпбиде sh  диграфынан басқа сh қосар таңбасы «ч»  әрпінің орнына  ұсынылған. Ч әрпімен жазылатын кірме сөздердің саны тілімізде аз болғандықтан, тілді зерттеушілер «бұл таңбаны әліпбиден алып тастау қажет» деген ұсыныстарын айтып жүр. Бұл пікірмен де келісуге болады, өйткені  «чемодан»  сөзін  «шабадан» деп айту үрдісі бұрыннан бар. Сондай-ақ  ц, щ әріптерін  бекітілген әліпбиден алып тастау тәжірибесін осы ч әрпіне үлгі етіп, мақұлданған емле ережедегі  ц  орнына  s әрпін  қолдану ұтымды болғанын ескеруіміз қажет. Мәселен:  sement, kvars  (цемент, кварц) және т.б. кірме сөздердің  қазақ  тіліне тез бейімделетіні байқалды. Осы ретте ч әрпі кездесетін шеттілдік сөздерді (олардың саны өте аз) «пошта» сөзі сияқты тілдің заңдылығына икемдеп, тиімді әдістермен үйрету арқылы діттеген мақсатқа қол жеткізуге болады.   Қорыта айтқанда, әліпби түзуде тіліміздің үндесім және үйлесімдік ерекшеліктерін сақтау, таңбалардың ықшам әрі ыңғайлы болуын қадағалау, таңбаларға қатысты диакритикаларды орынды қолдану талаптары басты назарда болуы қажет. Жанар Исаева «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, ф.ғ.к.