Ерғали Бақаш: Сүйген жүрек болады екен ессіздеу

371
0
Бөлісу:

Ерғали Бақаш 1982-жылы Шығыс Түркістанның Іле облысы, Нылқы ауданы, Ластай ауылында дүниеге келген. 2003-жылы атажұртқа оралған. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. «Дала», «Жұрағат», «Алаш», «Дарабоз» журналдарында жауапты хатшы болып қызмет атқарған. Бұл күнде «Бөбек» Ұлттық орталығында редакциялық-баспа бөлімінің жетекшісі. «Жастық жалыны» жыр жинағының авторы.

***

Сұлу кеш түн қойнына кетті кіріп,

Қалды ымырт құры босқа жөткірініп.

Түтілген жүндей анау ақша бұлттың,

Қасына Темірқазық жетті күліп.

Көрінді сылаң қағып Ай да керім,

Көктемнің сағыныппын майда лебін.

Гүл емес, пана іздеген жарық нұрдан,

Көбелек-ау, жастығым қайда менің?!

Қарайды жұлдыз көктен төніп бізге,

Іңкәр боп қалды ма екен көріп түзде.

Көктемдей құлпырғанмен бар тіршілік,

Көз жасын жерлейтіндей көміп күзге.

Күз міне, дірдек қағып жапырақ тұр,

Құлазып қалады ертең  атырап тұл.

«Бармын ба, жоқпын ба», – деп тіршілікте,

Күрсінер терек байқұс аһылап құр.

Жоқ өкпе, жұпар аңқыр қоңыр кешке,

Ілесіп күн кешерміз өмір-көшке.

Санамда сары уайым салады ойнақ,

Сабырға шақыра алмай көңілді еспе.

***

Құс жолы анау соққанда қоңырауын,

Ақ бұлттардың түртеді Ай омырауын.

Енесімен көкке өрген қозылардай,

Жұлдыздардың қарашы жамырауын.

Еркін жайлап жарықты түн ақсиды,

Паналады көлеңке құрақ, шиді.

Кеберсіген даланың маңдайынан,

Жымиып кеп мөп-мөлдір бұлақ сүйді.

Бой суытты сал іңір сайрандаған,

Түнге беріп бар еркін тайраңдаған.

Қалт-құлт етіп аспанда қалқыған Ай

Қайық сынды жағада қайраңдаған.

Елпілдейді, қара түн жаны қалмай,

Жұлдыздарсыз аспаннан жалығардай.

Айдың бірақ қабағы ашылмайды,

Өле сүйген Күнді әлі сағынардай.

***

Сүйген жүрек болады екен ессіздеу,

Ғашық көңіл, құса-мұңы шексіздеу…

Мүмкін бе, дос, ойлап көрші жүрекпен,

Ақын болып сұлуларға көз сүзбеу.

Сүйді Абай да…

Пушкин де өртеніп,

Содан болар кетті олар ерте өліп.

Үрпісінен мынау ғазиз дүниенің,

Шаттық емес, өтеміз біз дерт еміп…

Сүйді жүрек ажалды да жек көрмей,

Шын досына балап оны бектердей.

Жұмақ барып, бал-бұлақтан су ішіп,

Хор қызымен өсіп-өніп көктердей.

Сүйді тағы…

Сүймеу күнә ақынға,

Сезімі оның бағынбайды ақылға.

Ажал келіп, маңдайынан сипалап,

Өлім келіп әкеткенше ақымға.

Сүю ләзім, сүймеу азап қиналдым,

Сүйген жанға дүние кең, иландым.

Асыр салып жүрген болар жұмақта,

Асқақ Хафиз аруымен Шираздың.

Оһо, қиял, аспандаттың не дейін,

Сүю,

күю,

бәріне де көнейін.

Дидарғайып дүниеде адамдар,

Мен сендерді сүймеген күн өлейін.

Билесек қой екеуміз…

Билесек қой екеуміз, майысып бір талдарша,

Бақытсыз боп жүрсек те, бақытты бір жандарша.

Бірақ билеу қолымнан келмейді ғой, қайтейін,

Тамашалап сондықтан отырамын хандарша.

Сарай салам қиялмен екеумізге лайықтап,

Босағадан аттарсың жан-жағыңды байыптап.

Жүзім шарап құйылар алтын түстес кесеге,

Сол шараппен оралар біз аңсаған ғайып бақ.

Зәмзәм шарап шалқытар, шымырлатып бойымды,

Айтқызбай-ақ, түсініп отырасың ойымды.

Аласұрған жүрек бұл емін таппай шарқ ұрып,

Мендік ғұмыр – сол ғұмыр қасіретке тойымды.

Жалт-жұлт еткен жанарың, жарқылына арбалып,

Шекті өмірім өтеді, шексіз мұңға жалданып.

Мәжнүн жүрек еншілер сүю дертін мәңгілік,

Теңдесі жоқ сұлулық құдіретіне таңғалып.

Аспан көңіл аласа, жұлдыздары сөнердей,

Сүю деген – мәңгілік өлмес, өшпес өнердей.

Шын ынтық жан махаббат қасіретінен мән іздеп,

Бақыт тілеп өзгеге, күліп жатып өлердей.

Дауыс

 

Ғарыштан бір дауыстың үні естіліп,

Барады жүректегі мұң ескіріп.

Онсыз да бір тыным жоқ мына өмірде,

Қойғаны-ай, жанды тәнмен күрестіріп.

Зер салсам жүрегімнің қақ төріне,

Күнә көп өкінетін сәттеріме.

Аузымнан шыққан сөзді жазып отыр,

Періштем жоғалмайтын дәптеріне.

Сол дәптер жолымды ашар жабылмастай.

Түнекке сіңіп кетсем табылмастай,

Бір елес қыр соңымнан қалар емес,

Ол менің мұңым ба әлде арылмастай?..

Шырақ ап, түсті артыма  мұң құдаша,

Тау болып үйіле ме құм құласа?

Абайдай ақиқатты айта ала ма?

Жиылып барлық ақын жыр құраса?

Ғарыштан бір дауыстың үні естіліп,

Жанымды ібіліспен күрестіріп.

Жеңіске жетеміз біз осы жолда,

Сенімді жібермесек үлестіріп…

***

Мен жазбын. Сен мәңгілік көктемсің,

Жүрегімде бүршік жарып көктерсің.

Гүлдей нәзік болғанымен болмысың,

Батырлық пен қайсарлықтан өктемсің.

Менің жаным жасын түскен көктерек,

Көз мейірің түссе ғана көктемек.

Жамалыңа қарау үшін қаймықпай,

Жанарыңның ұшқынындай от керек.

Бірақ, қайдан, балқып кетем қарасам,

Бақытты едім көлеңкеңе жарасам.

Тентек желдей көйлегіңмен ойнамай,

Самал болып шаштарыңды тарасам.

Бақыт бір күн созса қолын күлімдеп,

Қуаныштан жүректі мың тілімдеп.

Алып-ұшып барар едім алдыңа,

Сездіртпестен тұрғанымды дірілдеп.

Оты өшпеген сол бір үміт өндірдей,

Өлгенімше өтем оны сөндірмей.

Ақынға сен жымия сал, жәй ғана,

Қабағыңнан қайғы бұлтын төндірмей.

Әйел

Сүйеді жүрек үнсіз жылап іштен,
Дертіне ем таба алмай құлап ішкен.
Тұтқасын дүниенің ұстасаң да,
Жеңеді әйел бізді бұла күшпен!

Батыр бол, мейлі әлемді билеп-төсте,
Алдыңа келген жанды түйреп, тісте.
Бәрібір қу жаныңа тыныштық жоқ,
Жетесің отауыңа сүйреп кешке.

Мұз қатса қабағыңа ісің өнбей,
Тұра ма қайғы құрты ішіңе енбей.
Жыныңды қағып алар сабырымен,
Бар сірә, әйелдердің күші нендей?

Жеткізген арманыңа туың жықпай,
Жүресің алшаң басып буың шықпай.
Өмірдің рахатын еркек көріп,
Азабын көтерді әйел уын ұрттай.

Тарылып болмашыға күйіп-пісіп,
Қаңсимыз шөл даладай күйік қысып.
Еркелеу әйелге тән болса-дағы,
Ол бізді еркелетті сүйіп-құшып.

Кезіккен қиындықты бұйым көрмей,
Өмірі әйелдердің құйын-желдей.
Біреуге ана, біреуге қарындас боп,
Өтеді тіршіліктің сыйын көрмей…

***

Күнәдан пәк сұлулығың көзді арбап,

Қиял-құсым әлеміңді жүр барлап.

Көңілімнің бақшасына қонсаң ғой,

Жан тербетер, құдіретті сөзді арнап.

О, перизат!

Бұлбұл үнді гүлзарым,

Махаббаттың арқалатқан мұң-зарын.

Мәртпін, бірақ, шаһарым жоқ сыйлайтын,

Ал, Хафиздей түсіне алам қыз жанын.

Гүл мен қайың саған теңеу бола алмас,

Өйткені олар семсе қайтып оңалмас.

Тәңір сені қызғаныш қып жаратты,

Ғашық жанның жүрегінен жоғалмас.

Тыңда мені, айлалы өмір түлкідей,

Қырын қарап, жиырылғанша кірпідей.

Қас сұлулық болмаса егер жалғанда,

Ізгілік те, естілер ед түрпідей…

Күн мен Айдай дараланған бөлексің,

Зерттелмеген, жұпары мол түбексің.

Жан баласы көрген замат таңданып,

Кеуделерде дүрсілдеген жүрексің.

Көңіл шулап,

Жел жұлқыған емендей,

Әппақ өмір бәйек боп жүр енемдей.

Тереземнен сығалайды қоңыр кеш,

Бөлмеме сен жарық болып енердей.

Түн осылай…

Тымық түнге сіңіп кетсем, буланып,

Өз мұңыма өзім ғана уланып.

Рахаттанып жатар едім шынымен,

Бірақ, мені кетті дерсің… қуланып.

Ішімде өлген армандарым түске еніп,

Ту сыртымнан айбат шекті тістеніп.

Ат шалдырып, түнге бұрдым бетімді,

Кеше ғана кетсем-дағы түстеніп.

Түн осылай тартып кетті тереңге,

Түнек әлем айналдырмас кереңге?

Жұлдыздардың көптігінен не пайда,

Түспеген соң шұғыласы төменге?

Құшағына ап, қара түнді аймалап,

Ай барады көк жүзінен тайғанап.

Жұлдыз біткен жиналыпты бір жерге,

Ақ бұлттарды жібермек боп майдалап.

Түнге сыйлап, ойын, шаттық күлкіні,

Бұл жалғаннан ғайып болам бір күні.

Сонда менің буға айналып өр рухым,

Жер астынан білінеді бүлкілі.

 Түн менің жұбанышым

Түн мені түрткілейді,

Тұншығып қалатындай.

Ақ бұлттар күркірейді,

Тағы да жауатындай.

Тарс жұмып, көзімді ашсам,

Түнектен ораламын.

Тас түйін сөзімді айтсам,

Кебінге оранамын.

Несіне қымсынамын,

Түн менің жұбанышым.

Қол созып ұмсынамын,

Қылпылдап тұрады ішім.

Көрінбес көзге тұнық,

Бар онда ғажайып бір.

Құнықсаң түнге құнық,

Ықылас азайып тұр.

Түн деген қара кісі,

Қара атын қамшылайды.

Ақша бұлт жыламсырап,

Көз жасы тамшылайды.

 Мойындау

Түн түнекке айналып,

Қалғып кетті жұлдыздар.

Ай бұлттарға байланып,

Үдей соқты түнгі ызғар.

Жер жігінен қозғалып,

Шыр айналды ұршықтай.

Тіл ұшында сөз қалып,

Ниет еттім тұншықпай.

Аспан тыныс тарылтып,

Аласарып кеткендей.

Бірақ мұңнан арылтып,

Бір көгершін жеткендей.

Түннен сұрап көрімдік,

Жеттік міне, жарыққа.

Қап-қара боп көріндік,

Бірақ неге халыққа?

Оның сыры мойындау,

Аққа күйе жұққанын.

Қара түнде мұңайып,

Жалғыз қалам ұққаным…

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

4 × төрт =