Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ: Азат күнім, өзіңсің – мәңгі тілек!

805
0
Бөлісу:

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ – 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақлпақстан автономиялық республикасы, Беруний ауданы, Алғабас өлкесінде туған. Қарағанды Мемлекеттік Университеті филилогия факультетінің түлегі. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақтарға енді. Мерзімді баспасөзде тұрақты жарияланып жүр. Қалық қаһарманы Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының иегері (2015 ж). «Құмдауыт» жыр кітабының авторы. Шығыс шайырларының жырларын қазақ тіліне тәржімалап жүр. Бүгінде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі.

АҚ

Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,
Жанымды аққа сендірдім.
Өмір жайлы жазғым келді бірер сөз,
Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің.

Ақ қағазға қайта қайта қараймын,
Аппақ бәрі маңайдың.
Тағдыр жайлы жазғым келді бірер сөз,
Ол да сен боп күлімдедің арайлым.

Ақ қағазға қайта-қайта үңілем,
Аппақ екен шынымен.
Өлім жайлы жазғым келді бірер сөз,
Өзіңді ойлап, ол ойымнан түңілем.

Ақ қағазға қайта-қайта сүйсінем,
Ақ әлемнен көзіме кеп күй түнер.
Сезім жайлы жазғым келді бірер сөз,
Тағы сенің аңқыды аппақ иісің өр.

Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,
Жанымды аққа сендірдім.
Өзім жайлы айтқым келді бірер сөз,
Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің..

 

АУЫЛЫМ

 

Аттанарда түнеріп, түңіліп ед(і),

Қобыз кеудем әлі де күңіренед(і).

Тебірене қолыма қалам алсам,

Оралады ол ылғи да тіліме кеп.

 

Өскен жерім арзанға татыр қалай,

Безбенімен екшесін ақыл сарай.

Жалаң-аяқ құмда өскен қоңыр ұлға,

Құшақ ашты Сарыарқа жатырқамай.

 

Бала кезден бел буып, жондым желік,

Талай арман сыйлаған сол күндерім.

Уа, Ата жұрт мен саған асыққан ем.

Сәкен туған өлкені көргім келіп,

Қасым туған өлкені көргім келіп.

 

Лапылдаса кеудемде жалын еркін,

Бұл өмірдің тағдырды заңы дер кім?..

Әлі күнге өртеп жүр өзегімді,

Сенде қалған үміті қалың елдің…

 

ТУҒАН ЖЕР

 

«Бүтін өтті» десе егер сенбе, жалған,

Бүтін қалған жалғыз-ақ мендегі арман.

Бүгін кешіп жүргенім жарым-жан күй,

Жүрегімнің жартысы сенде қалған.

 

Сыртқы көзге түйісіп жатар жаны,

Егіз өзен секілді жат арналы.

Қос жанары бір жылап, бір күлетін,

Түсінгендей боп жүрмін Джаконданы.

 

Шала-шарпы сезіліп күшім кенет,

Жалбарамын «орға енді түсірме» деп.

Бүтін болған күндерім мазалайды,

Түсімде кеп.

 

О, Тәңірім!

Қалайша бүтінделем?..

Өмір сүріп келемін шүкір менен.

Санамнан да қорқамын бұл күндері,

Қалмай ма деп сау жері түтілмеген.

 

Өмір, өмір ең қымбат алтын, олжа,

Ойайлықпен түспейтін нарқы қолға.

Бүтінделем деп жүріп, жарты жүрек,

Тоқтап қалма әйтеуір жарты жолда…

 

 

АТЫ ЖОҚ ҚҰС

Қала аппақ, тартымды.

Шуақ күткен дымқыл бақ.

Қар бетінде әр түрлі,

Сәуле ойнайды жылтылдап.

 

Ызғар тартып өн бойым,

Кете берем түршігіп.

Жібитіндей тоң мойын,

Оянардай тіршілік.

 

Күрсінбеуі мүмкін бе,

Жара алмаса бүршік тал?

Түсініксіз бір тілде,

Көңіл айтар шымшықтар.

 

Бір құс отыр биікте,

Сайрағаны ерек тым.

Кеудемдегі күйікке,

Дәл сол дауыс керек-тін.

 

Қандай тәтті ырғағы,

Құлақ тостым тұра қап.

Қалғып, бірге тыңдады

Манаураған мына бақ.

 

Бай ғып көңілі жарлыны,

Елітетін хошын-ай.

Құс біткеннің барлығы,

Сайраса ғой осылай.

 

Кенет көзін жат қылды,

Табиғи саз жарқылы.

Басып кетті тәтті үнді,

Қарғалардың қарқылы.

 

Сайра құсым жалғай түс,

Қарымыңды қамшылай.

Біле алмады қандай құс,

Даусын айтшы

Даусын ай!

 

***

Армансыз жанар көрдім,

Маңына көрік болған.

Ақылсыз адам көрдім,

Сертінде берік қалған..

 

Рухсыз дене көрдім,

Өмірге өле ғашық.

Желкенсіз кеме көрдім,

Арманға келеді асық.

 

Сиясыз қалам көрдім,

Жазудан тоқтамайтын.

Тәубешіл заман көрдім,

Жауын да дос санайтын.

 

Мөп-мөлдір бұлақ көрдім,

Ешкім де таң қалмаған.

Құлпырған жұмақ көрдім,

Қорқақтар армандаған.

 

Жатырлас – талай көрдім,

Өзгеге күлімдеген.

Ағарған самай көрдім,

Әжімі білінбеген.

 

Құранды қабір көрдім,

Кірпіші тозып біткен.

Сынбайтын сабыр көрдім,

Уақыттан озып кеткен.

 

Лаулаған жалын көрдім,

Шоқ қайда?

Қайталадым.

Көрместің бәрін көрдім,

Ештеңе байқамадым..

 

Мейірім, шуағы жоқ,

Кең пейіл Құдай көрдім.

Өлердей қуанып ап,

Неліктен жылай бердім?!.

 

САҒЫЗ

 

Осы шығар талабы заманының,

Жамандықты шақыру жаман ырым.

«Сағыз әкеп берем деп уәде берші»,

Дейді күнде таңертең маған ұлым.

 

Біз бір мұңлық бәрінен мән іздеген,

Күліп қана қарайтын аңызға ерен.

Ымырт түсе оралам ошағыма,

Сағызбенен.

 

Дүкенші қыз байқатпай жан ызғарын,

Сағызда да сезеді маңыз барын.

Мені көрсе жымиып дайындайды

Сағыздарын.

 

Жарым кейде қабақты жиі аңдай кеп,

Ешбір қарсы келмейтін ұяңдай боп..

«Көп айтқанын қыласыз ұлыңыздың»,

Күрсінеді: «бұл сағыз зиян ғой» деп.

 

Арбалмайтын ескерту, қысымға да,

Осы мүмкін ең үлкен ісім дара.

Мен өмірді сүйемін, кейде осылай –

Уәдемді орындау үшін ғана…

 

САҒЫНЫШ

 

Кел бауырым айт маған ауыл жайлы,

Одан артық жаңалық табылмайды.

Бұрқыраған борпаңды мекен сырын,

Естімесем тынысым ауырлайды.

 

Төзім жайлы айт, сарқылмас сабыр жайлы,

Бар шындығын жүрегім қабылдайды.

81-ге бардың ба жолың түсіп,

Тозып біткен айтшы қос қабір жайлы…

 

Кеш гүлдей ме әлі де жиделері?

Қауын тасып жүре ме күймелері?

Қарлығашы көктемде келе ме ерте,

Қанатынан бұрқырап күй-дерегі?

 

Жеңгелерім тандырға нан жаба ма,

Жауып жатып ескіше ән сала ма?

Жиенбай ағам кафказша сөздер айтып,

Қызып алса әлі де паңдана ма?

 

Қаулап тұр ма көл бойы қарабарақ,

Нұрлан бауыр жүр ме әлі пада қарап?

Көшесі ше, у-шу ма сол баяғы,

Доп қуатын кездердей жалаң аяқ?

 

Мен де жүрмін тағдырмен жағаласып,

Қаншама рет жол таптым сан адасып.

Сағынышым жол сілтеп тұрады ылғи,

Армандармен ақ қанат араласып.

 

Құбылмалы өмір-ай құбылмалы,

Тұруға да құлықсыз жығылғаны.

Көнбіс, күңгірт көздерге қарап тұрып,

Қайнайды екен адамның зығырданы.

 

Кел бауырым ауылдың әніне қос,

Жарылардай боп жүрмін сағыныштан.

Бір қарасам маңымның бәрі де дос,

Біресе бәрі дұшпан…

81- Қарақалпақстандағы әке-шешем жерленген жер

 

***

Маңдайыма жазылған тізбекпенен,

Әлі талай көктемді, күзді өткерем.

Әлемде бір жұмбақ бар мен шешетін

Сол жұмбақтың шешуін іздеп келем.

 

Назымды айтып ешкімге бармасам да,

Тыпыршимын ойыма жармасам да.

Қызықтырып сол жұмбақ одан сайын

Қылаң беріп қояды анда-санда.

 

Қалам кейде шырмалып күдігіме,

Оңай емес бұл жоқтың жүгі түге.

Өзім іздеп табамын түбінде оны –

Өзім іздеп таппасам – қызығы не.

 

Сездіреді алыс жол тұяқ құнын.

Басып қоям жанымның жиі аптығын,

Іздеуменен мен оны, мына өмірден

Сарсаң болып өтетін сияқтымын.

 

Демеп жүрші сен мені оймақтай ән,

Емес сірә, бұл сапар жайдақ баян.

Кей-кейде дәл жауабы сол жұмбақтың

Таптырмаса екен деп ойлап қоям…

 

ҚОНАҚ

 

Үйіме жиі қонақ келеді,

Несібесімен.

Естеліктерді орап береді,

Есіме кілең.

 

Құшағым әр кез ашық тұрады,

Ниетім түзу.

Ынтық қып жүрген асықтырады,

Күйетін қызу…

 

Қонақпен ғана сезім кешемін,

Сиқыры бөлек.

Толастамаса көз ілмес едім,

Күй тұнып ерек.

 

Өзім де кейде қонақ боламын,

Келетін сол күй.

Кетерде қимай қарап барамын,

Елесіме ылғи..

 

Сағынышымды елік, маралдай,

Сүйемін құшып.

Тағы бір қонақ келіп қалардай

Иегім қышып…

 

ӨЛЕҢ…

 

Айқыш-ұйқыш болса да жолдар әттең,

Қуатыма қашан да қолқанат сен.

Өмірімді арнадым саған ғана,

Қарағаның жетеді оң қабақпен.

 

Алдымда жатты сындар,

Бірге таттық  ащысын, тәттісін бар.

Маңдайдайыма қос қолдап құдай жазған,

Өзіңдей бақ құсым бар.

 

Киең бар пәк мүсіндей,

Жердің  бар тәттісіндей.

Қадіріңді  үн-түнсіз қорғап келем,

Дақ түсірмей.

 

Өзің жайлы ой орайды кескіндене,

Тұра ұмтылам теңізін кешкім келе.

Өкініштен өлуім әбден мүмкін,

Тек кіріптар етпеші ешкімге де!

 

МАРАФОНҒА ШАҚЫРУ

 

Ал достарым марафонға келіңдер!

Жүгіріңдер Һас жүйрікше желіңдер.

Өмір  түгіл, арманына жүгірмей,

Өз құнын да білмейді екен тегінде ел.

 

Сондықтан да жүгірейік арманға,

Алғыс айтып нұрын төккен таңдарға.

Ұшқан құспен тілдесетін дәуірде,

Жүгіруден асқан не бар жалғанда.

 

Жүгірейік бой ұсынбай зар, мұңға,

Болмашыға жанарыңды талдырма.

Жүгірейік болашаққа зулайық,

Жорғаламай ешкімнің де алдында.

 

Жол ұшында бұрым сынды өрілген,

Алыс емес арман анау көрінген.

Көкіректе жанып тұрсын өр рухың,

Жүгіріңдер «жетем» деген сеніммен.

 

Өмір мынау қоштасу һәм қауышу,

Екі бөлік – жартысы бал, жартысы у,

Мен білетін жарыстың ең ұлысы,

Уақытпенен жарысу..

 

***

Теректердің көз жасын кешіп келем,

Жылағанын алайда есітпеп ем.

Батыр ана табиғат жұбатпақ боп,

Тербетеді «жел» дейтін бесікпенен.

 

Сырласқым кеп бұл маңды кездім күнде,

Тілдеспекші боламын жез тілінде.

Сен мұңайма дегендей сыбдырлайды,

Теректердің жылайтын мезгілінде.

 

Маусым келген қапырық шақта мына,

Аяушылық танытып жатқаны ма?

Не дегісі келді екен қайран терек,

Өтіп кеткен көктемін жоқтады ма?

 

Мазасын ап бір мұңға батырдым ба,

Бар айнала үлпілдеп жатыр мұнда?

Бұлт та келіп төнген-тін төбемізге,

Босап кетті көңілі шатырдың да…

 

Үңіліп ем оралмас сәттеріме,

Аңсамауға жетпей тұр дәт те міне.

Аңсай, аңсай ақыры амалсыздан,

Мен де жылап отырмын дәптеріме..

 

ЖАС АҚЫНДАР…

 

Жас шайырлар бақытты бұ күндегі,

Баз кешпеді өмірден түңілмеді.

Жатырынан сезді де сөз киесін,

Туа сала «Түркі» деп күбірледі.

 

Зулап барад(ы) өлеңге құмай боп кеп,

Тәңірілік мәңгілік тыңайды отпен.

Елі азат, цензура ғайып болған,

Оларды ешкім қыспады «Құдай жоқ» деп…

 

Шындық үшін берсе де барын мейлі,

«Қаймана» деп кеудесі зар илейді..

Бәрін-бәрін тұратын екшеп қатал,

Цензураның көкесі «арым», дейді…

 

Тарта жүріп тағдырдың зәһәрінен,

Туар айды байқады батар үннен.

«Өмір» дейтін мұхитқа келе сала,

Сусындады Мағжан мен Шәкәрімнен..

 

Сондықтан да тамыры терең еді,

Содан ылғи сезімге бөленеді.

Желкендерін кетсе де жел ұшырып,

Су түбіне кеткен жоқ кемелері.

 

Өткен күннің барлығы санада тұр,

Тама-тама тамшы тас жарады ақыр.

Бабалары қалдырған – ар жолымен,

Алашты іздеп – Аллаға бара жатыр!

 

 

ҚАЛАМ

 

Басымнан сипап ұсындың қалам,

Оқушы болдың енді деп.

Өзімнен-өзім қысылдым жаман,

Сенікі неткен кең жүрек.

 

Емімім менің Бердібек дедің,

Ұстаздарыңмын алғашқы,

Қамқорлығыңмен елжіреткенің,

Ал, түрің есте қалмапты.

 

Қара Қожаны жора тұтқанда,

Оянғандай-тын бойдағы үн..

Мейірің дархан болғандықтан да,

«Авторы сен» деп ойладым.

 

Мектеппен бірге құлағымызға,

«Азаттық» дейтін күй жетті.

Береке болды тұрағымызда,

Қалғанын «Қожа» үйретті.

 

Өмірдің мәні несібеде ме,

Ұққан-тын солай  жас басым.

Оқымай қойдым есейе келе,

Әдебиеттен басқасын…

 

Өмір дегенің қас-қағым, екен

Тербете берді ой нені?

Көзімді байлап тастады  ма екен,

Сайраның жылтыр көйлегі?

 

Көркімен жанды сыздатқан ғалам,

Адастырмады жолымнан,

Бердібек ұстаз ұстатқан қалам,

Түскен жоқ әлі қолымнан.

 

Көбіне іштей қаламын жалғыз,

Тұңғиық ойлар көп тербей.

Бердібек ұстаз қаламын жалғыз,

Тек маған беріп кеткендей…

 

***

Келер деген үміті мақұлданбай,

Таңды мені  күтумен атырғандай.

Шыға салып абдырап тұрып қалдым,

Әппақ қарды таптауға дәтім бармай.

 

Сиқырымен әрлейтін келер күнді,

Жарық қылар тұңғиық, төнер түнді.

Ғайыптан кеп қағазға тамып түскен,

Сиясы әлі кеппеген өлең сынды.

 

Ағаштар тұр тән енді  сіресер деп,

Байғұстарды жылы үйде түнетер ма ед…

Көрші қыз да шыға сап әзілдейді,

Қол ұстасып серуендер күн екен деп.

 

Жасырынған астыңа сірә мына,

Айналмайды жер мәңгі тұрағыңа…

Темір жолды тепкілеп бара жатқан,

Пойыз үні келеді құлағыма.

 

Ару қыздар қар сызып етекпенен,

Асығуда адамдар бекетке ерен.

Аппақ қардай кіршіксіз жүректер-ай,

Барлығын да бір үміт жетектеген.

 

ҚАСЫМНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ НЕМЕСЕ СЫРБАЙҒА ХАТ

 

Аман-есен барсың ба, досым Сырбай?

Өзегімді өртейді тосын бір жай.

Менің соңғы сәттерім болар сірә,

Уақыт тығыз, айтар-ем шошындырмай.

 

Сен білесің менің өр тағдырымды,

Өткізгем жоқ бекерге бар ғұмырды.

Елім үшін қан кештім, майдан кештім,

Соны ойласам кеудеме ән құйылды.

 

Демім бітіп барады сенемісің,

Көз жұмамын, өлмеймін, сезеді ішім.

«Мыңмен жалғыз алыстым» шегінгем жоқ,

Дұшпанмен де табыстым өлең үшін.

 

Қанат берді жақсыға құштар жаным,

Ізгілікке бар жігер күшті арнадым.

Амал қанша, сұм ажал мұрша бермей

Кетіп барады ішімде үш арманым.

 

Жасын іркіп тұр анау, аспан әрең,

Үлгерем бе, қоштасып Астанамен?

Саған ғана ақтарам, құрып кетсін

Қорқытқысы келгендер баспанамен.

 

Жырмен жарық қылғанда маңайды Алла,

Арман болды-ау мен сынды талайларға.

Сенесің бе Сырбайжан текті өлеңде,

Ассам деп ем, данышпан Абайдан да.

 

Ойламадым ешкімнен төменмін деп,

Мына өмірге көз тіктім өрем гүлдеп.

Француздар Гюгоны күткендейін,

Армандадым құрметке бөленгім кеп.

 

Кете берді білмедім мазам неден,

Оянып-ап отырмын азан менен?

Онегиннің хатындай Татьянаға,

Қара өлеңмен бір роман жазам деп ем.

 

Туған жердің кеудемде күйі қалған,

Маңдайымды тау-шыңдар сүйіп алған.

Биік жүрдім өмірде жасығам жоқ,

Тіреу болған осындай биік арман.

 

Өкпе айтқам жоқ ешкімге, арланбадым.

Өмірдегі өлең ғой тарлан бағым,

Әлі талай биікке апарады,

Орындалмай кеткен сол армандарым…

 

АҒАШ ШАНА

 

Шана тебу қыс қызығы бүгінгі,

Соны сезіп, көңіл-күйі бүлінді.

«Сырғанаққа барам мен де, түс қайта»,

Деді ұлым – «ертіп алып інімді».

 

Үнсіз кеттім жақ ашпан.

Ұл алдында қашып келем оғаштан.

Ертесіне көз алдында шананы,

Жасап бердім ағаштан…

 

Ойын қуған балғын, бала кезімде,

Әкем соққан шана бар-тын өзімде.

Дәл солай ғып жасап бердім айнытпай,

Әр шегесін малып алып сезімге.

 

Бала деген періште ғой, сенем бек,

Махаббатсыз пәк жүрегін көр емдеп.

Шананы алып мойыныма асылды,

«Әке сені қатты жақсы көрем!» деп.

 

Енді міне шаршаса да білегі,

Шана теуіп мәз болады, күледі.

Тоңғанына қарамастан інісін,

Мінгізіп ап сүйрейді де жүреді.

 

Сенімімді алға тартам күдікті ап,

Жаз ұқпаса жанымызды күз ұқпақ.

Белгісіз бір сезім тырнап ішімді,

Сырттарынан тұрам ылғи қызықтап.

 

Балалықта көп ойлану керек пе,

Асқар таудай әке жүрсе көмекте.

«Өмір» дейтін мұз айдында зырлап жүр,

Арманы да, шанасы да ерекше…

 

***

 

«Құдайың бар» дейді маған Жұмекең*,

Түнім дағы күн екен.

Айтуынша Жаратушы Иемнің,

Ең сүйікті Құлы екем.

 

Алып шығып қиындыққа тап болсам,

Қорғайды екен ар алдында ақ қалсам.

Деді сосын: «Сеніміңнен айрылма,

Өмір деген қатпар сан».

 

Ылғи неге түсе берем отқа кеп,

Тағдырымыз «Ар» дейтұғын сот па тек?

Дәтім бармай тағы отырмын сұрауға,

Сонда қалай,

Сізде Құдай жоқ па? – деп…

 

*Жұмекең – жанашыр апай Жұмабике

 

***

Мен сендердің барлығыңды кешірем,

Сертім осы бекіген.

Құдай өзі сабама әкеп түсірді,

Сәл астамсып кетіп ем.

 

Қарша борар сөздерді де кешірдім,

Қиып түсер көздерді де кешірдім.

Азатсыңдар менен болған өкпеден,

Мен жайлы ойың өзгерді ме?

Өшіргін..

 

Сатқындардың жаласын да кешірдім,

Шын достардың наласын да кешірдім.

Бәрің, бәрің азатсыңдар өкпеден,

Кәрісің бе?

Баласың ба?

Өшірдім..

 

Иектеуді қояр емес қотыр мұң,

Күнін кешіп келген екем соқырдың.

Жүрегіме салмақ салған батпандай,

Тек өзімді кешіре алмай отырмын..

 

***

Үлбір жүзін кең етек аспан өпкен,

Бар сиқыры кәріге жасқа жеткен.

Қарай берме сүзіліп бұлай қалқам,

Менің күтіп жүргенім басқа көктем.

 

Әділеттің дәмі бар балды күреп,

Әкеледі ол, күтумен талды жүрек.

Әр жыл сайын келмейтін, тым ерекше,

Бір ғасырда келетін жалғыз рет.

 

Жанарларын бар-жоққа қадағанға,

Өмір атты осынау аламанда.

Кез келгеннің көздері көрмейді оны,

Мейірімін төккенмен бар адамға.

 

Жақын келіп қалғанын түйсінемін,

Күй түлерін, жанымның үйтілерін.

Ол көктеммен қауышқан жүректер бар,

Сыртымыздан сеземін сүйсінерін.

 

Күте-күте болсам да әр күн әлек,

Жұқтырғам еш кірбің нарқыма тек.

Іздемеймін, ол іздеп келеді өзі,

Кішірейер жәйім жоқ алдына кеп.

 

Жалықпаймын күтуден жетсе демім,

Тізем талып тозса да өкшелерім.

Менің тірі жүргенім шын болса егер,

Ол келеді, келеді ол, бек сенемін!

 

***

Мен өкінішпін

Өзекті өртейтін дыбыссыз,

…тілетін қылышсыз.

 

Мен сағынышпын,

Кеудені сазына қуырар,

Бір зәм-зәм суы бар.

 

Мен қуанышпын

Жанарда тынымсыз шарқ ұрар,

Әріпсіз оқылар хаты да әр.

 

Мен күлкімін

Көз жастың орнына жүретін,

Басқа уақ білмейтін бір есін.

 

Мен бақытпын

Бар жанның басына қонатын,

Солайша қадірсіз қалатын.

 

Мен үмітпін

Үзілген сәттерді жалғайтын,

Өзіне көңілі толмайтын.

 

Мен сезіммін

Көздерді көрместей қылатын,

Тамшы шық ішіне тұнатын.

 

Мен армын

Ақ жолдан аттамас, дені нық,

Өз-өзін бітірер кеміріп.

 

Мен сеніммін

Күмәнді білмейтін,

Өлсе де өлмейтін…

 

***

Сенбеуші едім ырымға,

Сену сірә ұятты.

Дәл осы сәт бұрын да,

Болып өткен сияқты.

 

Анау қызды еш, бұрын,

Күйіп-жанып сүйіп пе ем?

Ерек қырдан кешқұрым,

Құшақтап гүл жиып пе ем?

 

Бұған дейін сол қарттың,

Қолтығынан сүйеп пе ем?

Жалғыз жаяу жол тартып,

Дос болып па ем ниетпен?

 

Сүрініп те, құлап та,

Еміренбей ешкімге.

Жұққызбастан кір, аққа,

Дүр боп өмір кештім бе?

 

Неге бұлай ұқпаймын,

Мен ғана ма дөп білмес?

Неге есімнен шықпайды,

Естеліктер ескірмес?

 

Түрі жоқ бір тынатын,

Бақпас көңіл қошыма.

Естеліктен тұратын,

Өмір деген осы ма?

 

Тұңғыш жайлы жыр

 

Біз әкеден алты ұл ек,

Қоспағанда төрт қызды.

Әкемізге тартып ек,

Қыздарды анам жеткізді.

 

«Көпір сыйлар азапты,

Түйеге де ең үлкен».

«Кішісі емес қазақтың,

Күшігі бол өмірде».

 

Әке орнына әкедей,

Дана болған сол тұңғыш.

Ана орнына мәпелей,

Пана болған сол тұңғыш.

 

Бір даулы жәйт қозғалса,

Сол Тұңғышты түтетін.

Ал, болашақ сөз болса

Содан үміт күтетін.

 

«Ондай тіреу қай жан бар,

Тұңғышымда ой, сана.

Ортаншыны байқаңдар»,

Дейтін – әкем жәй ғана…

 

Әлі күнге біз дейтін,

Аман-есен жүрсін деп.

Кейде таңмен іздейтін,

Кеше түске кірдің деп.

 

Көңіл оты маздаса,

Жылап алам бөлекте.

Ұйықтайтын қаз-қатар,

Бала күнім елестеп.

 

Кейде шошып оянам,

Аян беріп тұңғыш үн.

Кенжетайдың ойы аман,

Сағындың ба, күлкісін?

 

Сағынышпен емдеші,

Сезімдердің құндысы.

Тұңғыштардың  кенжесі,

Кенжелердің тұңғышы.

 

08.11.2016 ж

Қарағанды

 

***
Жауа түсші
Жауа түсші аппақ қар,
Жер бетінде жатып алсын бақ мақпал.
Кіл жақсылық ала келші өзіңмен,
Жамандықты таптап бар.
Жауа түсші аппақ қар.

Жанарымды жаулап алды шаттық мың,
Алақанға қондырмақ боп аптықтым.
Адамдарға көрсет қандай боларын,
Тазалықтың, пəктіктің.

Аулама қон, далама қон, қон қырға,
Мен өскенмін сол далада сол қырда.
Тоңса тоңсын тəнім мейлі тек қана,
Арманымды, ойларымды тоңдырма.

Жатсаң дағы табандарға таптала,
Сен мен үшін боп қаласың пəк қана.
Құрметіңе орнатамын түбінде,
Мəңгі-бақи ерімейтін – Аққала…

Тағдырыңды жазғыра алман суық деп,
Қолыма қон, жаныма қон қуып кеп.
Өтінерім кеуделердің көктемде,
Күнəларын жуып кет…

***

Келер деген үміті мақұлданбай,
Таңды мені күтумен атырғандай.
Шыға салып абдырап тұрып қалдым,
Әппақ қарды таптауға дәтім бармай.

Сиқырымен әрлейтін келер күнді,
Жарық қылар тұңғиық, төнер түнді.
Ғайыптан кеп қағазға тамып түскен,
Сиясы әлі кеппеген өлең сынды.

Ағаштар тұр тән енді сіресер деп,
Байғұстарды жылы үйде түнетер ма ед…
Көрші қыз да шыға сап әзілдейді,
«Қол ұстасып серуендер күн екен» деп.

Жасырынған астыңа сірә мына,
Айналмайды жер мәңгі тұрағыңа…
Темір жолды тепкілеп бара жатқан,
Пойыз үні келеді құлағыма.

Ару қыздар қар сызып етекпенен,
Асығуда адамдар бекетке ерен.
Аппақ қардай кіршіксіз жүректер-ай,
Барлығын да бір үміт жетектеген.

***

Аңқылдағым-ау аңқылда тағы,

Өз жалыныңа жандың ба тағы?

Осы болмысың кеудеңді талай,

Солқылдатады..

 

Жалпылдағым-ау жалпылда тағы,

Жаныңның аз ғой аңқылдағаны.

Құшағыңды жай шаяндарға да,

Қойныңа кіріп шағып жатады.

 

Елпілдегім-ау епілдеп қалшы,

Күлгенін көр де, кеңкілге салшы.

Жаныңды бүріп жалғыз қалғанда,

Еңкілдеп алшы..

 

Еңкілдеп алшы кіргенше есің,

Төбеңе келіп төнгенше бесін.

Сарқылсын жасың, иегің сосын

Кемсеңдемесін.

 

Осылай көңіл самғар ма тосын?

Шуақ бол, нұрлы таңдарға қосыл.

Кейбір көздерден өзіңді көрсең,

Таң қалма сосын…

 

***

 

Бүгін тағы удай маспын өлеңге.

Бір құдірет тартып барад тереңге.

Сол тереңнен қайтпай қалсам сенбеңдер,

Мені өлді дегенге..

 

Өзегімді өртейді ойлар тырналап,

Аспан дағы ашпай қойды-ау бір қабақ.

Өкініштер өлтірмекші болады,

Жүрегімді жұлмалап.

 

Беу, жүрегім!

Сімірші бір һақ нұрын.

Сіміретін, түңілетін шақ бүгін.

Ал сезімге тиіспеші, тиіспе

Басып алсын аптығын.

 

Бір құдірет тартып барад тереңге,

Бүгін тағы удай маспын өлеңге.

Сол тереңнен қайтпай қалсам сенбеңдер,

Мені өлді дегенге…

***

Тағы да үндемедің,
Дегің келіп тұрса да бірдеңені.
Əлде мұның сырымды кеудемдегі,
Айтқызбай біл дегенің.

 

Қалай жүрсің түк демей күнім көптен,
Кездер ұмыт болды ма бұрынғы өткен?
Күндер күнге осылай жалғаса ма,
Бар-жоғым білінбестен?

 

Бар мен жоқтың арасы, бүріседі ішім,
Балы өтірік, жазмыштың түршегі шын.
Жоқ болып-ақ кетер ем ойланбастан,
Бармын мəнгі,
Мен бармын
Бір сен үшін!

 

ҚОҢЫР ӘУЛИЕ. ҮШ ТІЛЕК

Құлшындырып Құранның сүрелері,
Жасыбай көл кеудеме жыр егеді.
Құран оқып болды да шырақшы ата:

«Бір-бірлеп кір, Үш тілек тіле», –деді.

Атамекен!
Бөледің сонша нұрға,
Тарих жатыр ашылмай қанша қырда.
Бабамның рухы сіңген жұмағымды,
Жаппар Ием,
Ешкімге олжа қылма!

 

Азат күнім!
Өзіңсің – мәңгі тілек,
Қазақ бүгін сен жайлы әнді білед(і).
Досқа таба, дұшпанға күлкі қылмай,
Елдігімді мәңгілік ет!

Соқтығысып сан түрлі күбір мида,
Халқым үшін бар біткен тұғыр пида.
Анамның тіліменен жазарымды,
Жазып қалдыратындай ғұмыр сыйла!

 

***

Өңменімді бір өксік өрт еткенде,

Көздеріңмен барасың өртеп сен де.

Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым,

Бір шуақ мөлт еткенде.

 

Бір шуақ мөлт еткенде,

Шара бар ма ноқтасыз тентектерге?

Мендік сезім жайлы ойлап үлгердің бе,

Жүрегің селт еткенде?

 

Жүрегің селт еткенде,

Сеніп қалма секемшіл ертектерге.

Сезім деген өмірді сезіну ғой,

От кеудеңді әлдене теңселткенде.

 

От кеудеңді әлдене теңселткенде,

Қылықтарың көзіңді ерке еткенде,

Әуірімен жанымды өртеп-өртеп,

Мендік өлең ғұмырды келте еткенде.

 

Мендік өлең ғұмыр келте еткенде,

Кешігер ме ек,

өмірге келсек те ерте?

Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым,

Мөлт еткенде,

Бір сезім мөлт еткенде…

 

13.09.2016 ж.

Қарағанды

 

***

Балалық шақтың дерегін,
Аңсай да іздей беремін.
Баяғы жазу, сол жазу,
Жазумен әлі келемін.

Жаратқан өзің демегін,
Өзіңе ғана сенемін.
Жазудан табам бақ тапсам,
Көресімді де көремін.

Тербесе жанды өрелі үн,
Бəрін де төгіп беремін.
Жазуға келгем өмірге,
Жазылған күні өлемін.

Жазумен әлі келемін,
Жазумен ғана өлемін.
Жазылмай кетсе кей жарам,
Жазуда қалар дерегім…

***

Acау ойлар босап кетіп көгеннен,

Мына әлемге сыймай әлі келем мен.

Менің жазу үстелімді жағалап,

Ұлым мені қызғанады өлеңнен.

 

Мен отырам қабағымды нұр шылап,

Балам болса бір кіреді, бір шығад(ы).

Қаламымды бақылайды таңырқап,

Қойғысы кеп бір сұрақ…

 

Қылығымен көңілімді қарық қып,

Ойнағысы келе ме әлде, жарықтық?..

Әлденені қайта-қайта былдырлап,

Ұйықтап кетед(і) талықсып.

 

Ал, сұрағын қоймай жатып түсінгем,

Балалық-ай сондай жұмбақ пішін бе ең?!

Сұрағына жауап жазып отырам,

Күбір-күбір ішімнен.

 

Қабағыма ұя салған жасымнан,

Адырна бұлт, өлең нөсер асынған.

Парағыма төпеп-тепеп тынады,

Оған дейін басылман.

 

Қанша жылдам зуласаң да бөкен күн,

Сырға толы суретіңнен от емдім.

«Отаным» — деп ұрандап жүр біреулер,

Ал мен кейде өз ұяма бөтенмін…

 

Ұйқысынан оянып ап, арайлы,

Шолып шығып, шаттық толы маңайды.

Қабағымнан маңып бара жататын,

Сол бұлттарға ұзақ-ұзақ қарайды…

 

***

 

Аппақ көктем!

Тал бойына жұпарын сақтап жеткен.

Жарылардай танауым күйде отырмын,

Аңқыған мақпал лептен.

 

Көксіз дағы құдірет, күш бар мұнда,

Ақ жүректер бұл жайлы тіс жардың ба?

Күміс көктем, ерек тым, содан болар

Оралмауы бек мүмкін құстардың да.

 

Тербей жеткен ойлар ғой өткен қыстан,

Көңіл қары наурызды өпкен тұста.

Марғау тірлік мәні жоқ, жалықтырды,

Нем бар менің әйтпесе – көк пен құста.

 

Сөге көрме сезін тек тылсым нұрды.

Қабағында аспанның бір сыр тұрды.

Көктем деген жарығым – күлімдеу ғой,

Күлімдемей жүргенің күрсіндірді.

 

Солай күнім дел-салмын таң атқалы,

Бұл һәлімді кей көздер жаратпады.

Күй кеудемнің шанағын күмбірлетті,

Күнтізбенің жыртылған парақтары.

 

ГҮЛСІЗ МЕЙРАМ

Анам туған күн бүгін!
Түріп тастап дүниенің түндігін.
Құмды өлкенің қырмызысын өбектеп,
Көктем кескен кіндігін.

Бəйшешекпен бірге қауыз жарған гүл,
Күнге ғашық қылған екен арман кіл.
Үзіп кетіп «Жазмыш» дейтін ызғар жел,
Жанарларда сағыныш боп қалған жыр.

Көздерімнен көшсе дағы көп көктем,
Жылу сезбей ескен майда өкпектен.
Қабағымда қатып қалып қырау, қар,
Ерімейтін боп кеткен.

Жанымды ұқпай жан мүлдем,
Тілдесемін кеудемдегі жаңбырмен.
Гүл біткенге қорғанышпын, сол гүлді
…сыйлаудан да қалдым мен…

Солай шеше – өлең менің жеңісім,
Бар қимылым жүректерге ем үшін.
Əрбір күнім гүл сияқты жұпарлы,
Сен туған күн –
Гүлсіз мейрам,
Мен үшін!

 

***

Дес бермей дүрсін дауылға кілең,
Жаңылмай келем сабырдан.
Түсімде ылғи ауылда жүрем,
Ауыл да мені сағынған.

Алғабас бейқам, əр таңың есте,
Көңілдің жайнар бағы тез.
Аңсап жүр бүгін борпаңын кешкен,
Жыр құмар балаң қағілез.

Шежірең сенің, бас алмас аңыз,
Анамның сіңген сүтінен.
Күз келсе болды жас алмасамыз,
Күйбең дейтұғын күпімен..

Мені аңсап жылда бұрқырап тұр ма,
Ақша көлімнің қоғасы?
Үлкен Отаудың сарқырап тұрма,
Өткел бермейтін сағасы?

Кеудемде жүрмін тың əнді үкілеп,
Парызым əлі өтелмей.
Ата-анам жатыр дұғамды тілеп,
Бізден не қайран десердей.

Тағдырдан енді сый күтпе мұңды,
Шер бар ма кеудең жұтпаған.
Соңыра шабар жүйріктер сынды,
Жауырыныңдағы жүкті алам.

Жазғырма көрме сағынбай жүр деп,
Жидең мен тұтың кеш гүлдер.
Алдымда əлі таңым бар күлмек,
Қорқып жүргем жоқ ешкімнен.

Ұсақтық күтпе, жеткемін толып,
Тұла бойымда – тұлпар дем.
Барамын аңсап көктемің болып,
Қабағымдағы бұлттармен…

 

ЖАРЫҚ

Көктен жерге телміреді көп жарық,
Кеудем тұсын кернейді арман от қарып.
Тереземнен есеп сұрап тұрады,
Қап-қара түн оқталып.

 

Көптен бері аспан да үнсіз, мен де үнсіз,
Ол жаңбырсыз түнереді, мен жырсыз.
Жапырағын қар астына жасырып,
Кеудемізге көшіп алған теңбіл күз.

 

Ұлпа бұлттар жинамаса етегін,
Түндер, түндер – ойларымның мекені.
Қараңғылық мені әлемнен жасырса,
Қауыштырар тек қиялдар жетегі.

 

Көктен жерге телміреді мол жарық,
Ай-аруым көз тартады топ жарып.
Арасынан өлең жұлып аламын,
Жүректерге олжа ғып.

 

Адастырмас алтын – сабыр көбеммен,
Сенім – семсер, сүрінсем де бөгелмен.
Көп жарықтың арасында көз тартып,
Ең жарығы болып сәуле төгем мен!

 

***

 

Жақсылыққа жүрегі жерік ағам,

Құдай өзі сыйлаған сені маған.

..Ерке қалқа: «Түсімде Ұшып жүрсіз

Ақ ұшақпен ағатай», – деді маған…

 

«Жеңгең менен балалар елде қалды,

Дейсіз тағы: «сағынам енді оларды».

Ақ жол тілеп алысқа жетелейді,

Аппақ бұлттар, мамық төс, керме жалды.

 

«Басқа амал жоқ «Қош!» деуден енді бізде,

Сағым құшқан маңайды, шерлі күз де.

Жақын күнде самғайсыз зеңгір көкке,

Бұрын-соңды бір самғап көрдіңіз бе?»

 

Баурады ма зәу көктің нұр әсері,

Алқымымнан алды ма жыр әсемі?

Жер бетінде жанымды ешкім ұқпай,

Аспанға ұшып кеткенім рас еді.

 

Көктен бәрі өзгеше, маңай, дала.

Көзімді арбай береді арайлана.

Көкейімде бір сұрақ: күнім сенің

Кіріп кеткем түсіңе қалай ғана?

 

20.11.2017 ж.

 

АЙ ҚЫЗ

 

Қасы қара қарындас ақ күртелі,

Кірпіктерің өңінен бақ бүркеді.

Еш кірбіңсіз келбетің күйге бөлеп,

Қараңғыдан адаспай таптым сені.

 

Жасқаншақтау жүзіңнен мөлдіреген,

Қауыз жара қоймаған гүлді көрем.

Күннің нұры сіңбеген сағағына,

Қылдай нәзік тағдыр-ай үлбіреген.

 

Көп ішінде ерексің, аппақсың сен.

Ақ боп қалу қашан да жақсы ат білсең.

Қарғам тәтті қылығың ең ұлы жыр,

Сол табиғи қалпында сақтап жүрсең…

 

Жаттап жүрсең жырымды өзің жайлы,

Мөлдірлігі етер-ді көзіңді әйгі.

Бір-ақ сәттік толғаныс, ғұмыры ұзақ,

Тазалығы мәңгілік бұзылмайды.

 

Жанарына аспанның жас қамалды,

Жел де әнекей бір әнін бастап алды.

Көрініп жүр осылай ай секілді,

Онсыз өмір қараңғы, тас қараңғы…

 

***
Сезім қайда баяғы біз құмартқан,
Байқалмайды ештеңе күзгі бақтан.
Минуттардың қадірін еске салар,
Мағынасыз ғұмыр-ай сырғып аққан.

Асқақ еді аңқылдақ түп арманым,
Осы күйін көңілдің ұға алмадым.
Көпке кірсем неліктен жер тарпимын,
Жалғыздыққа неліктен құмар жаным?

Жұмбақ күйі бұл тылсым қала беред(і),
Көкірегімде бір жалын жанады ерек.
Мен ешкімді мазалап жүргенім жоқ,
Бір құдірет мазамды ала беред(і)?

Аманатқа – қиянат күнә дей ме,
Қиянатшыл шығармыз сірә кейде?..
Төрт құбылам төрт жол боп түйдектеліп,
Жырға айналып барады мына дүние…

 

 

ТҰМАР

Уа, Азаттық!
Кешір мені қадіріңді білмесем.
Қыраның боп ақ бұлтыңа сіңбесем.
Ту ғып ұстап Баба жұрттың төсінде,
Алшаң басып жүрмесем.

Уа, Еркіндік!
Кешір мені танымасам киеңді,
Қасиетіңнен әрбір кеуде күй емді,
Кейде саған сүйеу бола алмай қап,
Өзіңе кеп сүйендім.

Уа, Бостандық!
Кешір мені сезінбесем бағаңды,
Сенсіз күнім қараң-ды.
Сені сүю үшін берген әсілі,
Құдай менің санамды.

Уа, Тұмарым!
Кешір мені табылмасаң кеудемнен,
Төбеңе кеп қап-қара бұлт төнгенде.
Найзағайың болып түйрей алмасам,
Топырағың бұйыра ма көмгенде?

Уа, Құдірет!
Кешір мені бола алмасам лайық,
Ер жігітке батпан салмақ бұл айып.
Біз екеуміз шуақ шашып халыққа,
Күн сөнгенше тұрайық.

Уа, Байлығым!
Кешір мені өр рухыма тұрақтап,
Жамандықты маңайымнан жырақтат.
Жүрегімнің төріне орна, өйткені,
Шаң жұқтыру бір-ақ сәт.

Уа, Азаттық!
Кешір мені жазылмасам жырың боп,
Айтылмасам әнің боп.
Естілмесем үнің боп.
Арым, жаным, барымда бол – мәңгілік,
Сенсіз менің – күнім жоқ!

СЕНСІЗ МЕНІҢ – ҚҰНЫМ ЖОҚ!

 

ДОСТЫ ҚАЙРАУ(Ерболатқа)

Таңмын досым, деміңнен сырыл естіп,
Күйің қашып көріп пе ед(і) бұрын өстіп?!.
Тобығыңнан келмейтін дүниемен,
Таппай жүр-ау, пәк жаның бір үндестік…

Өзегіңді өртей ме жалын-сынақ,
Бой ұсынбай тыпыршып жаның бірақ.
Жұлқынасың, тулайсың, ал, бір күні,
Тілегіңді Тәңірім қабыл қылад(ы).

Сосын еске ап күлесің барлығын да,
«Бекер көмген екем» деп жанды мұңға.
Жеңіл көшіп жүресің құс секілді,
Риза боп бар ғұмырға.

Кім түсінсін һәліңді менен артық,
Сырылыңнан келемін шемен артып.
Үзілейік тік тұрып үзілсек те,
Өңімізден өрелі өлең аңқып.

Солай досым, еңсеңді тау ғып ұста,
Жаздыкүні қарытпай жанды мұзға.
Әлі талай биік бар бағындырар,
Әлі талай асу бар алдымызда…

 

***
Қайтыс болды көрші ата.
Қу жалғыздық қалжыратты-ау, шаршата.
Жас жігітше жүруші еді елпілдеп,
Әзілдерін алшы ата.

Қыс киімін елден ерте шешіпті,
Көктемеден күтті ме екен несіпті?
Кеше ғана қос білегін түріп ап,
Жуып жатқан кіреберіс есікті.

Ұзақ жуды, қозғалғанды ем біліп,
Бәрімізді тыңдығына сендіріп.
Орындыққа жайғасып ап содан соң,
Көп отырды, көшкен бұлтқа телміріп.

Дүниенің қимай шаттық, ғажабын,
Кеудесіне түйді ме екен ғазалын?
Елестететіп бейіш бақтың қақпасын,
Күтті ме екен ажалын?

Кім бар, қайда, ада мүлдем күнәдан?
Кетті өмірден тағы, жақсы бір адам.
Өткен көктем жесір әжей қайтқанда,
Сол еді ғой, ағыл-тегіл жылаған…

Неге шуақ сезілмейді мына әннен,
Желге айналып алыссам ба тұманмен?
Көршілерім қайтқан сайын, ажалдың –
Көрші қонып жүретінін ұғам мен…

АҚ ПЕЙІЛ

Ойнақтаумен қайнап шығар тереңнен,
Ашық-жарқын мейірімі мол елден.
Аппақ-аппақ ниеттерге оранған,
Алғыс жиып келем мен.

Алғыс алып келем мүлде арымай,
Маңдайыма қадап алып Жарым Ай.
Көп кірбіңнен арылады жүрегім,
Алғыс айтсам тарыдай.

Алғыс айтам – Аспаныма арайлы!
Алғыс айтам Анаға аппақ самайлы.
Әкеме кеп алғыс айтсам жарқырап,
Бәрі маған қарайды.

Әлі менің қойылмаған нүктем көп,
Алғыс айтып біткем жоқ.
Айналама жасасам да жақсылық,
Алғыстарын күткем жоқ.

Алғыс жайлы көп дестем,
Жан-Арыммен осылайша серттескем.
Ақымаққа алғыс айтам, кім білсін,
Мен оларсыз сан жеңіске жетпес пе ем?..

Алғыс саған – Азаттық!
Өзің жайлы болса шіркін, сөз ақтық.
Жер Анам мен Жаратқанға мың алғыс,
Өмір берген – Қазақ қып!

***
Неге өзімді жеккөремін кейде мен,
Тау көңілім әлденеге жүр алаң?
Бір күнәдан қалдым ба екен дін аман,
Күндей нұрлы ойменен?

Неге кейде жеккөремін өзімді,
Сағынуды үйретті ме жалғыздық?
Улы шөпті қорғадым ба андыз ғып,
Жұмып алып көзімді?

Неге кейде мен өзімді жеккөрем,
Арасында адастым ба мұнардың?
Әлде қатты жақсылыққа құмармын,
Жүректегі отпенен?

Кейде өзімді жеккөремін мен неге,
Жақсы көре алмадым ба ешкімді?
Ести алмай келемін бе есті үнді,
Аласұрған кеудеде?

Неге бұлай тыпыршуды қоймадым,
Қияли боп барамын-ау осы мен?
Мені жалғыз қалдырмаңдар өтінем,
Күндей нұрлы ойларым!

ҚАЛА КҮЗІ

Қала күзі, ірге шулап,
Тың тыңдайды ақ қайың.
Бірде күліп, бірде тулап,
Құбылар күн сәт сайын.

Селдете кеп жаңбыр да анық,
Басылады әп-сәтте.
Күн тұрады тандырланып,
Әуірлі бір мақсатпен.

Өзен сынды тыраштанып,
Елпең қағар шалшық су.
Күннің көзі ағаш жанын,
Сары мұңнан аршып тұр.

Ал миымды қақыратып,
Кеміреді ой аямай,
Сол ойлардың жапырағын,
Отырамын саялай.

Қала күзі мұңды уілмен,
Арбамаққа сайланар,
Қаламымдай мың дүбірден,
Қорғар қару қайда бар?

Тілдесе алмай саяқ ұдай,
Тұнады іштен маңай бар.
Көркіне оның баяғыдай,
Таң қалмайды жанарлар…

Сары ала тон сірә құнды,
Ол дағы ертең тоналмақ.
Келе жатқан сұрапылды,
Жылайды ағаш хабарлап…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу