Қазақ күресі елордадағы бес мектептің бағдарламасына енгізіледі

Елордадағы бес мектепке пилоттық жоба ретінде Қазақ күресі спорты дене шынықтыру пәніне енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Өткен жылдың қазан айында Қазақ күресі федерациясының өкілдері федерацияның президенті қызметін маған сеніп тапсырған болатын. Осы уақытқа дейін біз атқарылуы тиіс шаруалар мен шараларды реттеп, жұмысты жүйеледік, жоспар құрдық. Соған сәйкес, бірқатар кешенді жобаны іске асырғалы отырмыз. Біздің негізгі мақсат – Қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеру», - деді Қазақстан Республикасының Қазақ күресі федерациясының президенті - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Федерация президентінің айтуынша, осы мақсатта ең алдымен Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу жұмысы қолға алынған. «Қазіргі таңда Қазақ күресінің 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалды. Ол оқу бағдарламасында күрестің әліппесінен бастап өзіндік спорт түрі ретінде барлық қыры, оқыту жолдары қамтылған. Алдағы оқу жылы пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласында бес мектепте дене шынықтыру пәндеріне Қазақ күресі енгізіледі. Әлемнің көптеген елінде ұлттық спорт міндетті түрде мектепте оқытылады. Сол себепті жұмысты реттеп алу үшін бастапқыда бес мектепке факультативті пилоттық жоба ретінде енгіздік», - деді Дәурен Абаев. Өз кезегінде федерацияның бас хатшысы Бақдәулет Сәбитовтің Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу бастамасы осыдан үш жыл бұрын көтерілгенін еске салды. Ал Қазақ күресін дамытудың 2016-2021 жылдары дамыту стратегиясында 2020 жылы Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізу жоспары болған. «Біріншіден 5-11 сынып арасында кәсіби тұрғыда дайындау жоспарлануда. Ал 1-4 сынып аралығында Қазақ күресінің акробатикалық жаттығуларын үйрету қарастырылған. Қыздар арасында да, ұлдар арасында да біз балуандарды дайындауға әзірміз. Дегенмен, әр оқушының өз таңдауы бар. Сол себепті біз гимнастика федерациясымен келістік. Яғни, балаларды қалағандары Қазақ күресінен бөлек гимнастиканы үйрене алады», - деді ол.