Абаев шетелден әкелінген көліктерге қатысты: Ешкімге жеңілдік берілмейді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ЕАЭО елдерінен жеткізілген көліктерді тегін тіркеу ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның барлық азаматтары көлік тіркеуі үшін ақша төлейді. Мұнда ешкімге жеңілдік берілмейді. Ішкі істер министрлігі зерттеу жүргізіп, бір адамның бірнеше көлік әкелгенін анықтады. Мысалы, Алматы облысының тұрғыны 70 көлік әкелген, Атырау облысының екі тұрғыны 80 көлік жеткізген. Мұны жекелеген жағдайлар деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ, жалпы статистикада 500 қазақстандық 5 және одан көп көлік тасыған», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, бұл адамдар көлікті соңғы ақшасына алған жоқ, о баста заңнан ілік іздеп, пайда табу мақсатын көздеген.

«Мұндай көліктердің иелері жүйелі түрде жол ережесін бұзып келген. Шамамен 1 млрд теңгеге құқықбұзушылық тіркелген және оның 90% әлі төленген жоқ. BMW маркалы автокөлік иесі 450 рет ереже бұзған. Құдды бір әдейі жасайтындай. Бұл ретте маңызды шаралар қабылдау қажет. Әрине, үйде отырып сын айту, мемлекетті кінәлау оңай. Бірақ, сол жігіт қаншама кінәсіз адамдардың өмірін қиюы мүмкін еді», - деді Д. Абаев.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерді елге кіргізбеуді тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке бір айдың ішінде Қазақстан азаматтарының ЕАЭО елдерінен әкелген көліктерін уақытша тіркетуді тапсырды.

«Бұл көліктердің тіркелуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады. Мұндай көліктер техникалық регламенттің талаптарына сай болуы керек. Сондай-ақ, тіркеу сомасы мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу бір қолдан екінші қолға сатылып барып, жасалмауы тиіс. 2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көліктерін тұрақты тәртіпте тіркеп, кедендік баж бен утилизациялық соманы төлеуі тиіс. Болмаса ол көлікті елден шығаруы немесе заңнамамен тыйым салынбайтын басқа да амалмен мәселесін реттеуі қажет. Үкіметке Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін көліктерді бұдан ары кіргізбеуді және пайдалануға шектеу қою шараларын қолға алуды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.