«АНТИФАШИСТ» КОПБАЕВТЫҢ КЕРЕКУГЕ САПАРЫ

1767
0
Бөлісу:

Атышулы «антифашист» Бахытжан Копбаев Шымкенттен жолға шықпай тұрғанда-ақ Керекудегі шовинистік, нигилистік көзқарастағы топтарға вацап желісі арқылы астыртын ақыл-кеңес берген көрінеді. Оларды қайткен күнде де Павлодар атауынан айрылмауға шақырып, алдағы кездесуде өзінің осы атауды барынша қорғайтынын айтқан. Сонымен қатар өзіне қарсы сын материалдар жарияланған әлеуметтік желілерді мемлекеттік БАҚ деп атап, мемлекеттік органдарды радикалдық бағыттағы ұлтшылдарды қолдауда деп айыптаған. Сондай-ақ Шымкент пен Ресейдің Түмен қаласы аралығындағы ұланғайыр жер «Сарыарқа» аталады деген өтірігін шындық есебінде өткізгісі келіпті. Көне түркі заманынан бері қолданыста жүрген Кереку атауын Киряков деген орысша атаудың қазақшаланған нұсқасы деп, және бір өтірікті ұрып жіберіпті! 

Бірақ өзімен кездесуге орыстілділерден гөрі қазақтілді жұртшылықтың көбірек келгенін көрген ол ұлтаралық жанжал туып кетуі мүмкін екенін болжаса керек, бастапқы сөзінен тайқып кетті. Сонда да жиында шу көтерілді. Павлодар атауы жөніндегі мәселе күн тәртібінен түсіп қалғанына күйінген орыстілді топтар оған ашулы мінездерін көрсетіп бақты! Сөйтіп, жиын еш нәтижесіз у-шумен аяқталған еді.

Бұдан кейін Б. Копбаев кәсіпкер ретінде Павлодар ауданының Ольгинка ауылындағы «Маяк» шаруа қожалығына барып, өсімдік дайындайтын гидропониктің жұмысымен танысыпты.

Шаруашылық қожайыны мен гидропоник директорының кім екенін түрлі дерек көздерден іздестіріп анықтадық. Сөйте тұра, олар мен Б. Копбаевтың арасында қандай байланыс барын біле алмадық.

Бахытжан әлеуметтік желідегі бір жазбасында Керекуге ресми тұлғалардың шақыруымен келгенін айтқан болатын. Сапары аяқталар алдында өзіне қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановқа және облыс ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Садыбековке ризашылығын білдіріпті. Екеуін тіпті «Супер мега движующиеся люди!» деп мадақтапты. Демек, керекулік шенеуніктер мен шымкенттік «антифашистің» арасында қандай да бір байланыс болғаны ғой. Соның құқықтық негізділігін білу мақсатында облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов мырзаға Ашық хат жазғанмын. Әкімнің баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет жауап ретінде пост жазып, хат иесін жағдайдың анық-қанығын білмей тұрып біреулерге жала жаппауға шақырыпты…

Баламен бала болып қайтейін, «Баспасөз қызметі сенің қолың емес екен. Алдымен мәдениетті жауап беруді үйренгенің жөн шығар» деген пікір қалдырып едім, әлгі постын дереу өшіріп, тым-тырыс бола қалды. Әйтеуір, ертеңінде Алмас Батановтың өзі менімен байланысқа шығып, Б. Копбаевты шаруашылық мәселелері бойынша қабылдағанын растады. Ал Нұрлан Садыбековтан еш хабар жоқ. Солай бола тұра, оны және Бақытжанды жұмыс уақытында түрлі жобаларды талқылап, демалыс күндері саунаға бірге барып жүрген жолдас жігіттер деп ойламаймын…

Шымкенттік «антифашист» енді мамыр айында біздің өңірдегі Екібастұз қаласына келуді жоспарлап отыр. Еркін күреспен айналысатын оқушы балаларды жарысқа әкелмекші екен. Негізгі мақсаты спорттық шараға қатысу ма әлде тағы да саяси шара өткізу ме, кім білсін?..

Жергілікті шенеуніктер оны тағы да қабылдай ма екен?..

Әйтсе де, алдын ала бал ашып, болжам жасамай-ақ қояйық. Біресе кәсіпкер, біресе спорт жаттықтырушысы кейпіне енетін атышулы «антифашистің» біздің өңірдегі сапары қалай өтетінін дер кезінде білеміз ғой.

Солай десем де, өткен ғасырдың сұрапыл тоқсаныншы жылдарында бизнесмен кейпіне енген «братвалармен» бірлесіп жұмыс істеген шенеуніктердің есіме түсіп тұрғаны…

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

14 − он =