«МЕНІҢ РУХЫМДЫ СОТТАЙ АЛМАЙДЫ!» Ислам Әбішевтің соттағы сөзі

Бөлісу:

ХАЛЫҚТЫҢ ШЫНАЙЫ АЛҒЫСЫНАН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ!

СОЛ ҮШІН БАРЛЫҚ ҚИЫНШЫЛЫҚҚА ШЫДАУҒА БОЛАДЫ! 

(Ислам Әбішевтің сотттағы жарыссөзде сөйлеген сөзі)

Құрметті сот! Құрметті сотқа қатысушылар! Менің және Түкеевтің қорғаушылары басты сот талқылауында біздің толық ақталуымыз заңды талап екендігін бұлтартпастай дәлелдеп шықты. Әрине, ендігі жерде бұл істің нүктесін қоятын өзіңіз. Сондықтан, мен сөзімде істегі мәселелерге көп тоқталмаймын. Оның орнына: «Мен кіммін, қайдан пайда болдым? Ұлттық бюро қызметкерлері, прокурор мырза ойлағандай жемқор болуым мүмкін бе?» деген сұрақтарға талдау жасағым келеді. Менің әжем Үрзіхан – Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесінің 1950­1955 жж. депутаты, шопан. Оның құрбысы Оразкүл ­ Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесінің 1950­1955 жж. депутаты, механизатор. Әбіш пен Үрзіханнан Әлмахан туған, ол – Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесінің 1970­1974 жж. депутаты, зоотехник. Сапар мен Оразкүлден Айымкүл туған. Екі құрбы депутат бола жүріп, жақын танысып, бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, құда боламыз десіп, «бел құда» болған, менің әкем мен анам осылай қосылған. Інілерім: Ералхан – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері; Нұралы – Түркістан облыстық мәслихатының 2007 жылдан бері депутаты; Қаныбек – «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалының трағасы; қарындасым Сұлушаш – университет проректоры. Мен мұнда ата­әжеле рі мізден бастап таза еңбекке бейім делгендігімізді, қандай ортада, қандай талаппен тәрбие ленгенімізді көрсеткім келді. Екі атамыз да дінге берілген, бес уақыт намазын үзбеген, әсіресе, нағашы атамыз Сапар мешіт ұстаған кісі болды. Әбіш атамыз менің әкемнен үлкен 3 ұлын майданға аттандырды. Бар жиған­терген дүниесін сатып, ақшасын Сталинге жіберіп, ақшасына самолет жасалып, майданға жіберілгені жайында Сталиннің хатын алған адам.

Екі әжеміз де адал еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар. Екі атамыз да іске өте ұқыпты шаруа адам болған. Анамыз 10 баланы дүниеге әкеліп, оның 8-ін аман-есен өсіріп, толық кәмелетке жеткізді. Ең үлкені мен болдым. Сондықтан да екі ата, екі әжемнің мейірімін, тәрбиесін көбірек көрдім. Өмірлік көзқарасымның, мінезқұлқымның қалыптасуына атаәжелерімнің ықпалы көп болды. Миымызға сіңіп қалған басты қағида – «имандылық», «адалдық», «шыншылдық» болды. Әкешешеміздің бұған қосқан қағидалары – бастаған істі аяғына дейін жеткізу, кісінің ақысын жемеу. Еңбекке араласқанда осы ұстаным менің ең негізгі қағидам болатын. Мен Совет Одағы кезінде, республикада алғашқы рет демократиялық жолмен сайланып, ешқандай тамыр-таныссыз директор болғандардың бірімін. Көзқарасымды естідіңіздер. Совхоздың жағдайын өте жоғары деңгейге көтердім. Маған дейін шығынға шаш-етектен батып, қарыздан көз ашпай жүрген совхоздың экономикалық жағдайы күрт жақсарып, халықтың әл-ауқаты қатты көтеріле бастады.

Жарайды, айтайын дегенім ол емес. Жақсы еңбек еткенім кейбір басшыларға жақпай, мені ешбір негізсіз 1992 жылы сәуірде қызметтен босатты. Содан 1 күн бұрын үйім өртеніп, бала-шағамды әрең аман алып қалдым. Үй жоқ, дүние жоқ, қызмет жоқ… Сонда мемлекетке қатты қапа болдым. Комсомол комитетінің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, «Ақ алтын» совхозы партия комитетінің хатшысы, совхоз директоры қызметін жан-тәніммен беріліп, барынша адал атқардым, нәтижем де өте жоғары болды. Соның бәрін ескермей, бір күнде сүйек сияқты далаға лақтырып тастады, шын мәнінде далада қалдым. Бірақ, мемлекетке керек болмағаныммен елге, бауырларыма керек екенмін – бір айдың ішінде күндіз-үйімді толық қалпына келтіріп, ішіне керек-жарақтың барлығын жинап берді.

Міне, осы жағдай менің ата-бабамнан жеткен адами қасиеттерді нығайта түсті. Әрқашан қарапайым халықты терең қадірлеуді үйретті. Осыдан кейін өзім де, бауырларым, ағайын-туыстарымды да мемлекеттік қызметке жақындатпауға тырыстым. Оның үстіне тәуелсіздік келіп, барлық бауырларыммен бірге бизнеспен шұғылдана бастадым. 1992 жылы бар болғаны 3-4 адам болып бастасақ, 2000 жылдардың соңына қарай 1500 адам жұмыс істейтін үлкен компанияға айналдық. Сапар мен Оразгүл, Әбіш пен Үрзіханнан тараған ұрпақтың саны бұл күнде 200-ден аса отбасыны құрайды. Оның сыртында жеті атамызға дейінгі ағайындарды да бизнеске тарттық.

1992 жылы айтқан сөзімде тұрдым, 1000-нан астам ағайын-туыстың барлығына жуығы кәсіпкерлікпен өз күндерін көруде.

Мына Есқараев Мәкіш баламыз 7 жылдай прокуратурада жұмыс істеді, бас прокуратураға көтерілді, банк саласында жұмыс істеді, сол қызметін тастап, жеке адвокаттық практикаға шықты. НЕГЕ? Себебі бас прокуратураның беретін айлығы пәтер алуға, машина мінуге, дұрыс киінуге, еңбек демалысында жақсы демалуға, әке-шешесіне жәрдем беруге жетпейді. Сондықтан 6-7 жыл ішінде үйленбей тұрып, прокуратура саласында жұмыс істеп, тәжірибесін арттырды. Енді таза еңбегімен, білімімен, ақылымен өзінің толық материалдық жағдайын жасамақ. Ол прокуратурадан бизнеске ауысқаннан кейін, бұдан екі жыл бұрын, тағы бір талантты баламызды прокуратурадағы ең төменгі қызметке әрең кіргізген болатынбыз. Қазір қолдан қолға тимей тұр. Себебі мықты маман. Адал, таза. Жалтақтайтын еш нәрсесі жоқ. Әкесі бизнесте, барлық жағдайы жасалған. Басты міндеті мемлекетке халыққа адал қызмет ету.

Біздің психологиямызда мемлекеттің қызметінде отырып, баю деген психология жоқ. Бізде мемлекеттік қызметте халыққа таза адал қызмет ету деген психология бар. Адалдық, тазалық, ерінбей ететін еңбек, бастаған істі аяғына дейін апару ғана бар. Ал, ешқандай бизнесте жұмыс істемей, өмір бойы мемлекеттік қызметте жүріп, зәулім-зәулім үй салатын, астына өте қымбат шетел көлігін мінетін, жыл сайын шет елге демалуға баратын, балаларын шет елде қымбат жоғары оқу орындарына оқытатын, сол жақтан қос-қостап үй алатын, үстіне 2-3 мың доллар тұратын костюм киетін мемлекеттік қызметкерлер адалдық, тазалық, халық, заң деп сайрағанда өздері ұялмай ма екен. Сірә, басқа жұрттың бәрі ақымақ, түк түсінбейді деп ойлайтын болуы керек. Оның бәрін халық біліп, көріп отыр. Ал мен неге қайтадан мемлекеттік қызметке келдім? 1999 жылы күзде облыстық мәслихатқа депутат болып сайландым. Ондағы ойым халыққа аз да болса жәрдемімді тигізу еді. Сессияларда көп ұсыныс айтатынмын. Ол бюджетте қаржы жоқ, өте қиын кезең болатын. Тұрмысы төмен отбасыларға бизнесмен ретінде көп көмектесетінбіз. Тапқан пайдамызды қалтаға тыға бермей, өндірісті кеңейтуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсайтынбыз. 2000 жылдың соңында облыс әкімі Б.Сапарбаев маған өзім депутат болып сайланған Ордабасы ауданын басқаруды ұсынды. Мен ат-тонымды ала қаштым. Көңілімнің қалғанын, бизнесті орта жолда тастап кете алмайтынымды айтып, азар да безер болдым. Ол кісі маған халықтың қамын кім ойлайды, халықтың арқасында бизнес жасап жатырсың, соның арқасында депутатсың деген сияқты сүйектен өтетін сөз айтты. Мен амал жоқ көндім. Бюджетте ақша жоқ, электр энергиясы жоқ, су жоқ, көп жағдайда айлықты, пенсияны тауармен беретін өте ауыр кез. Мен не істедім? Ауылдың несие серіктестігі республикада бірінші болып ашылып, «Қазкоммерцбанктен» аудан шаруа қожалықтары үшін 1,0 млрд. теңгенің несие желісі ашылды. Ол кезде ауылдағы шаруаға несие бермек түгілі, банктер оларды маңынан да жүргізбейтін. Кредит әперу үшін мен өзімнің, компаниямның мүлкін кепілге қойдым.

Егер шаруалар қайтармай қойса, банк менің мүлкімді алып қоятыны түсінікті болса керек. Доллармен есептесе 12-13 млн. доллар ақша болады екен. Ешқандай әкім сол кезде де, қазір де өз компаниясының мүлкін кепілге қойып, бір ауданның 3000-нан астам шаруасына кредит алып берген емес! Мен бұны үлкен мақтаныш сезіммен айтамын. Соның арқасында бүкіл аудан шаруаларының хал-жағдайы бірден жоғары көтерілді. 3000-нан астам шаруа жылдың соңында кредитті толығымен қайтарды. Міне, қа ра пайым халықтың қаншалықты адал, таза болатындығына сонда көзім жетті. Ауылға су жүргізу, көшелерді абаттандыру, көгалдандыру, гүлдендіру халықтың ұйым шылдығымен, пәтуалығымен іске асып жатты. Ордабасы аулы ның 100 мыңға жуық халқы бір ауыл дың, бір көшенің адамдарындай ұйым дасып, жоғары патриоттық рухта жұмыс істеді. Алдымызға «тек бірінші орын аламыз» деген мақсат қойып отырдық. Көшеге жарық жүргізу, оның шығынын төлеу мүмкін емес еді. Ауыл әкімшіліктерінің жарығына, энергиясына төлейтін қаржы болмайтын бюджетте. Қарауыл, техничка деген штаттар болмайтын. Әкімдердің айлығы 20-25 мың теңге болатын. Осының бәрін ескере отырып, өзіміздің жеке меншік компаниямыздан ай сайын мынадай қаражат бөлінетін: а) ауыл әкімдеріне –120 мың теңге, ауыл әкімшіліктерінің қарауылына –130 мың теңге, техничкаға – 130 мың теңге, жылуға – 180 мың теңге, электр қуатына – 180мың теңге, автокөлік жалдауға – 300мың теңге, барлығы –1 млн.200 мың теңге. Сол қаржыны бөліп төлеген інілерім – Нұралы, Қаныбек, міне, осында отыр. Ант беріп раста десеңіз айтуға дайын. Оны Ордабасы ауданында сол кезде қызмет істеген кез келген адам айта алады. Бар болғаны алты айдың ішінде барлық елді мекен күл-қоқыстан тазартылды, электр энергиясы, ауыз су, ағын су мәселелері
толық шешілді.

Мектеп, балабақша, аурухана барлығы қалпына келтірілді. Барлық мәселені шешіп, 2001 жылдың маусым айында республикалық семинар өткіздік. Құрметті сотқа қатысушылар, құрметті сот, прокурор мырза! Ел, Халық, Отанымыз, Егеменді еліміз деп бар жан-тәнімізбен өмір бойы еңбек етіп едік, енді келіп алаяқ, сұм, «сексот» Шәймерденовпен бірігіп алған Ұлттық бюроның қызметкерлері жерден жеті қоян тапқандай қуанып, жабылып әкеліп түрмеге тығып, 10 айдан астам қамауда ұстауы жүректі өте қатты жаралайды. Қарнымның ашқаны емес, адами құндылықтың қалмауы, заңның қалай болса солай тапталуы жанға батады. Менің қызметтегі мақсатымды, ойымды толығырақ түсіну үшін тағы бір мәселеге тоқталғым келіп тұр.

Ұлы Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – дейді. Мен де қазақтың бәрін сүйемін, олардың елімізге келгеніне қатты қуанамын. Сондықтан да сонау 2001 жылдан бері 100,0 мыңнан астам оралманның елімізге келіп, сіңісіп кетуіне жан аямай еңбек еттім. Олармен әлі араласып тұрамын. Мен үшін олардың орны ерекше. Ең алғашқы рет бұл жұмысты біз 2001 жылы марқұм Қойлыбай деген азаматпен бірге бастадық. Ол кезде бюджетте мүмкіншілік болмаса да, елді ұйымдастыра білдік. Сол 2001 жылы бұрын саяжай болған Шұбарсуға алғашқыда бірден 300ге жуық отбасы келді. Асарлатып, мектеп, емхана, мешіт, полиция учаскесін салуға тура келді. Құрылыс заттарын тағы да өз компаниямыздың қаржысына сатып алдық. Бұның бәрі шын жүректен рахаттанып тұрып жасалған тірлік.

Оралмандар мәселесімен облыс әкімінің орынбасары болғаннан кейін де айналыстым. Одан бөлек 2008 жылы облыстағы су тасқынынан 25 мыңдай отбасы зардап шегіп, тыным таппай жұмыс істеп жүргенімде, қазіргі Ұлттық бюро, ол кездегі қаржы полициясы күндіз-түні мені аңдумен болыпты. Ол кезде мен оны білмеймін. Бірақ кейін менің артыма түскен жігіттерден естідім. Сөйтсем, олар «осыншама қаржыдан Әбішевтің пара алмауы мүмкін емес» деп ойлайды екен. Менің адами приниципімді, менің тәрбиемді, менің деңгейімді қайдан білсін. Оның үстіне адамдардың берген қайғысына берілген қаржыға қалай адамның ар-ұжданы шыдап, қол сұғуы мүмкін. Менің соңымнан түсіп еш нәрсе шықпағаннан кейін қаржы полициясы басқа сорақылыққа барды.
Менің Әбішева Сұлушаш деген қарындасым бар. Осында отыр. Үш қыз, бір ұлмен 29 жасында жұбайы жол-көлік оқиғасынан (авариядан) қайтыс болып, жесір қалды. Алланың қолдауының арқасында, ағаларыінілері жәрдем бере жүріп, жетілді. Сол жылдары мектеп директоры болып істейтін. Ұлы үйленіп, сәбилі болған күні дәл әкесінің апат болған жерінде жол-көлік апатынан қаза тапты. Енді жетілдім дегенде ұлынан айырылды. Сол қарындасымды қаржы полициясы ұлы қайтыс болғаннан екі апта өткенде 18 мың теңгемен ұстап, қамап қойды. Негізгі мақсаты – МЕН болатынмын! Ақыры шартты түрде 3 жылға соттап тынды. Алла ешкімнің ақысын жібермейді екен, дәл осы іске қатысқан 2 жігіт бір жылға жетпей жол апатынан қайтыс болды… Бұл – жемқорлыққа қарсы агенттіктің жұмыс стилінің негізгі бағытын көрсетеді.

Мен ол жөнінде арнайы тоқталатын боламын. Сарыағаш туралы тоқталғаным бұдан 12 жыл бұрын жұмыс атқарғанда да бюджет қаржысын үнемдеу, тиімді пайдалану, халықтың мүддесін ойлау менің жұмыс істеу стилімнің басты қағидасы екендігін көрсеткім келеді. Әрине, 7 жылда оңтүстікте атқарылған жұмыстар ұшан теңіз. Көксарай су қоймасы, Қазақстан Тәуелсіздігінің XX жылдығы атындағы канал. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес мұның барлығы өте үлкен тақырып. Барлығын жалғыз өзім атқардым деуден, әрине, аулақпын, дегенмен көп жұмыста шешуші рөл атқарғанымды толық мақтанышпен айта аламын. Мінеки сондықтан да Түркістан облысының Ордабасы, Арыс, Жетісай, Түркістан, т.б. аудан, қала мәслихаттарының, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, Түркістан облысынан сайланған Парламент депутаттары, 200 мыңға жуық қарапайым халық қолдап, Еліміздің Президентіне хат жолдап отыр. 2009 жылы наурыз айында Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып Б.Сапарбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып А.Мырзахметов тағайындалды. Дәл соның алдында Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Рябцевты қаржы полициясы ұстап, болмашы нәрсеге соттап жіберген болатын. Сол кісінің орнына қызметке Үкімет мені шақырды. А.Мырзахметов мені жібергісі келмеді. Ал, Б.Сапарбаев Өскеменге шақырды. Ақыр соңында Б.Сапарбаев Елбасыға кіріп, менің Өскеменге әкім болып баруымды келісіп шықты. Сөйтіп, 2009-2012 үш жылдай Өскемен қаласының әкімі болып қызмет атқардым. Бұл кезде де принципім әділдік, халықтың жағдайын жасау, таза жұмыс атқару болды. Халыққа қызмет ету деген ниет тура болса, өте көп тірлік бітіруге болады. Заң барлық жерде бірдей. Облыс орталықтарына бөлінетін қаржының көлемі шамалас,бірбірінен айырмашылығы 25-30 пайыздың көлемінде. Үш жыл ішінде Өскемен қаласында орасан зор тірлік атқарылды, нақтылап айтсақ: -барлық көше, барлық аула толығымен күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылды; барлық мектеп, аурухана; барлық көп қабатты үйлердің шатырлары, подъездері толығымен жөндеуден өтті. -бүкіл қаладағы жылу, ауыз су, электр энергиясы, көшені жарықтандыру мәселелері түгелімен шешілді. -«үй саламын» деген адамның бәрі жер учаскесімен қамтамасыз етілді. -балабақшаға деген сұраныс 100 пайыз шешілді. -шаһарды көгалдандыру, безендіру бұрын-соңды болмаған деңгейде өзгерді. -қаланың экологиялық көрсеткіштері 5-6 пайыз емес, қазіргідей 50-60 пайызға артты. Кейбір экономикалық көрсет кіштер еселеп өсті. Бұның барлығы халық пен оның әкімінің бірін-бірі тығыз түсініп, мақсаттарын бір бағытқа жұмылдырып атқарған жұмыстың нәтижесі. Ғашықтар аллеясы, Мем лекеттік символдар тауы, Этно-тарихи табиғи парк, Мұсылман мешіті бюджет қаржысынан емес, демеушілердің көмегімен салынды.

Ал, мешіт Қазақстандағы ең тамаша әрі үлкен мешіттердің бірі. Осы мешітті салуға 14,0 млн. долларға жуық қаражат кетті. Оның 2,0 млн. долларын менің жақын жолдасым, Біріккен Араб Әмірлігінің шейхы Баварди, 100,0 мың долларын менің бауырларым берді. Қалған қаржының барлығы – өскемендіктердің, Шығыс Қазақстандықтардың үлесі. Халық үшін басты маңызды мәселенің бірі – идеологиялық жұмыс. Қай жерде болсын басшы халықты сендіріп, жұмылдыра білсе, алынбайтын қамал жоқ. Бірақ, ол үшін алдымен басшы оған өзі толық сенуі керек. Атқарып жатқан тірлігі де таза, шынайы болуы қажет. Халық екіжүзділікті, жалған сөзді тез сезінеді, ондай жұмыстың нәтижесі болмайды. Осынау ұлы Әл-Фараби бабамыз жазып кеткен қағидалардың дұрыстығына Өскеменде тағы да көзім жетті. Қаладағы көптеген басқа бастама да халықтың өз бастамасы болатын. Біз негізінен оларды қолдап отырдық. Осыншама энтузиазммен еңбек етіп, үлкен бір қаланың өте көп мәселесін шешіп, халықпен қоянқолтық жұмыс атқарып жатқанда, облыстың Қаржы полициясының басшысы ауысады.

Сол баяғы Оңтүстік Қазақстан облысында менің соңыма түсіп, ақырында қарындасымды қаматқан бастық! Өскеменге келе салып қарамағындағыларға «Әбішев Оңтүстікте құтылып кеткен қалай да оны ұстау керек» деп тапсырма береді. Оның менен басқа да көптеген теріс әрекеті сондағы бұрыннан жұмыс істейтін қызметкерлердің ашу-ызасын келтіріп, барлығы дерлік оған қарсы шықты. Бастық қызметтен кетуге мәжбүр болды. Кейін естуімше жалпы ол жүйеден шығып кетіпті. Шығысқазақстандық жігіттердің турашыл, әділетті позициясы болмағанда, бүгінгі жағдай 10 жыл бұрын Өскеменде орын алу сөзсіз еді. 2010 жылы ШҚО наурыз айының соңында бірден күн жылынып кетіп, өте үлкен су тасқыны болды. Тарбағатай, Аягөз, Күршім, Абай, Көкпекті аудандарында халық көп қиыншылыққа тап болды. Мұндай жағдайда облыс әкімінің бірінші орынбасары штаб басшысы болуы тиіс. Бірақ, үкімет облыстағы қиын жағдайға баға бере отырып және менің 2008 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы тәжірибемді ескеріп, мені штаб басшысы етіп тағайындады. Қалаға қоса, облыстағы су тасқынының жұмысымен де күндізтүні айналысуға тура келді…

Жалпы, ел басқару оңай шаруа емес, оның ішінде төтенше жағдай кезінде ел басқару өте қиын. Әр жағдайға байланысты әр түрлі шешім қабылдауың керек. Кейбіреуін халық түсінбей, арты айғай-шуға, тәртіпсіздікке ұласып кету қауіпі бар. Тіпті, заңға тура келмейтін шешім де қабылдануы мүмкін. Соның бәріне штаб бастығы жауап береді. Өскемен қаласы мен аудандардың арасы 500-600 шақырымнан кем емес. Оның үстіне дәл сол жылы Ресей Федерациясының Президенті мен Қазақстан Республикасының Президентінің қатысуымен өтетін үлкен халықаралық форум біздің қалада өтетін болып шешім қабылданған. Бұның барлығы айтуға оңай, оны атқару көптеген қажыр-қайратты, еңбекті талап етеді. 2010 жылдың март айынан бастап 2010 жылдың тамыз айына дейін осылайша екі жақта жұмыс атқаруға тура келді. Қысқасы, сол жылы барлық жұмысты дер кезінде, сапалы, уақтылы аяқтадық.

Ең бастысы ешқандай арыз-шағым, келіспеушілік болған жоқ. Шаһардағы форум да жоғары деңгейде өтті. Өскеменде бар болғаны 2 жыл 10 ай ғана жұмыс атқардым. Осы азғантай ғана уақыт ішінде қала, облыс халқымен тығыз жақындасып кеттік. Тарбағатай, Көкпекті аудандары «ауданның құрметті азаматы» атағын берді. Өскемен қаласы өзінің тарихында қалаға сырттан келіп, 2 жыл 10 ай басқарған адамға қаланың «Құрметті азаматы» атағын берді! Мұның барлығы әрине, көңілге жағымды, өз еңбегіңнің бағаланғанын білдіріп, ризашылық сезімге бөлейді. Ал, ең бастысы менің қала әкімі қызметін тапсырып, Астанаға Су ресурстары төрағасының қызметіне ауысып, Өскеменнен Астанаға ұшатын күн ешқашан естен шықпайды. Халықтың ондай ықыласы үшін, қандай қиыншылық болса да шыдап, аянбай еңбек етуге тұрады. Мәселе былай болған еді. Біз отбасымызбен әкімшіліктің машинасымен үйден шығып, аэропортқа жүре бастағанда біздің машинамыздың алды-артынан колонна болып жиналып, ескі-құсқы «жигулилерден» бастап су жаңа джиптерге дейін 150-200-ге жуық автокөлік ілесіп, сигналын басып, Қазақстанның жалаушаларын желбіретіп, біздің тұратын үйден аэропортқа дейін 20 шақырым жолды алды-артымызға түсіп, жүріп отырды. Аэропортқа келгенімізде мұндағы толған халықты көргенде көңіліміз ерекше күйге бөленді. Қарапайым орыс кемпірлерінің тұздалған қызанақ, қиярлары, бал арашылардың сыйлаған балы, ақын қыздың шығарған жүрекжарды өлеңін оқуы, қала халқының өздерінің ең бір жақын адамдарын қимай шығарып салып жатқандары ешқашан қайталанбайтын, қайталануы мүмкін емес бұрынсонды болмаған ерекше құбылыс болды. Атқарушы билік пен халық арасындағы керемет үйлесімдікті көрсететін өте сирек қайталанбайтын көрініс еді.

Әрине, бұл жағдай БАҚ өкілдері арқылы тез тарап, көпке дейін көшіліктің назарында болды. Бұдан кейін басқа да облыс әкімдері осы сияқты халықтың шығарып салуын қайталамақшы болды. Бірақ халықтың өзінің жүрегінен шықпаған, қолдан ұйымдастырылған жасандылық көпшіліктің ықыласына ие бола алмады…

МЕНІҢ РУХЫМ СОТТАЛМАЙДЫ!

Мен 2012 жылы Елбасының өзінің жеке тапсырмасымен Су ресурстары комитетінің төрағасы болып тағайындалдым. Егер бұған дейін совхоз, аудан, қала, облыс басқарып, халықпен тікелей араласып, өмірдің барлық саласымен айналыссам, енді тек бір ғана саламен айналысатын болдым. Су ресурстарымен бұрын аудан, облыс көлемінде таныс болсам, енді республика көлемінде танысып, терең зерттеуге тура келді. Бұл салада жиналған проблема шаш-етектен екендігіне көп уақыт өтпей-ақ көз жеткіздім. Суды ең көп пайдаланатын сала – ауыл шаруашылығы, яғни суармалы жерлер. Суарылмайтын 1 гектар егілген жер бар болғаны 1-1,5 тонна бидай берсе, ақшаға шаққанда өнімі 70-80 мың теңге болады, одан аспайды. Ал, суармалы жер 1,5-2,0 млн.теңгенің өнімін береді. Республикада 01.01.1991 жылы 2 384 000 гектар суармалы жер бар болатын, 01.01.2012 жыға қарай 1 350 000 гектар қалды, яғни, тәуелсіздік алғалы бері 1 млн.гектар суармалы жерді жоғалттық. Ал, Өзбекстан 100 гектар қосып, 3 920 000 гектарға жеткізді… 1 млн. гектар суармалы жерді игеру дегеніміз не? Бұл – жыл сайын өндірілетін 2,5 трлн.теңгенің немесе 6-6,5 млрд. доллардың өнімі және 200 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны. Неге біз 1 млн. гектар суармалы жерді жоғалттық? Совхоздар тарқады, бір совхоздың орнына 2-3 мың шаруа қожалықтары пайда болды. Олардың басы бірікпеді. Су қоймалары, плотиналар, дамбылар, каналдар қараусыз қалды. Қараусыз қалған дүние бұзылып, ескіріп, қирап, жарамсыз болып жатты. Су ресурстары комитеті үлкен су қоймалары мен үлкен магистралдық каналдарды өзінің балансына алып, соған аямай ақшаны құюмен болды. Мұндай практика ешқандай нәтиже берген жоқ, беруі мүмкін де емес. Су қоймасы мен магистралды каналдардан басқа қаншама су жүйелері мен су қашыртқылары бар. Бұл қашыртқылардың ұңғымалары (скважиналары), электр желілері, насос қондырғылары бар. Әрбір 4-5 жылда тазалануға тиісті коллекторлары бар. Оның барлығын өз дәрежесінде ұстап тұруды сол жерлерді егін пайдаланатын диқаншылардың мойындарына салынып қойылған болатын.

Сондағы айтатындары – қазір нарықтық қатынас, жер сендердің бизнестерің, сондықтан оның барлығына ақшаны өздерің табуларың керек деген, өте үлкен теріс ұғым болған. Соның кесірінен біз 1 млн гектар жерді жоғалттық. Сапамен бірге жұмыс орнын, жыл сайын жоғарыда айтылған 6,5 млрд. доллардың өнімін жоғалтып отырдық. Көптеген ауылдағы жастар жұмыссыз қалып, Астана мен Алматыға ағылды. Бұл қалаларда дайын күтіп тұрған жұмыс та жоқ, көпшілігі қара жұмысқа жалданды. Табатын табыстары жетпей, қылмыс деңгейі өсті. 10 айдан бері түрмеде отырған бұған әбден көзім жетті.

Құрметті сот! Құрметті тыңдаушылар!!!

Бұл мәселені несіне айтып отыр, мұның іске қандай қатысы бар деп айтып отырған шығарсыздар. Егер олай ойласаңыздар мүлдем қателесесіздер, бұның тікелей қатысы бар. Сәл шыдасаңыздар көздеріңіз жетеді. Қазақстанда жалпы өндірілетін бидайдың көлемі 25 млн. тоннаның көлемінде. Сонда барлық табатын табысымыз 1,5 трлн. теңгеден аспайды екен. Бұл біздің қазіргі бүкіл тәлімдік жерден алып отырған өніміміздің құны. Ал, істен шығып қалған 1,0 млн. га жерден алынатын өнімнің құны 2,5 трлн. болар еді. 2012 жылға дейін суармалы жерлерді қалпына келтіру, оны пайдалану жөнінде өкіметте ешқашан мәселе көтерілмеген, өкімет түгілі Ауыл шаруашылық министрлігінде де бұл мәселе қаралмаған. Бірақ, ең қызығы Су ресурстары комитетіне қыруар қаржы бөлініп, игеріліп отырған. 1. Суды пайдаланатын қоршаған орта. Оған қаржы құюдың керегі жоқ. Су табиғи көлдерге, өзенарналарынан түсіп жатады. 2. Өнеркәсіп орындары пайдаланатын су. Бұл жерге де бюджет қаражаты жұмсалмайды. Өнеркәсіп орындары өз қаржысымен жұмыс істейді. 3. Бюджеттің ақшасы суармалы жерлерге керекті су жүйелеріне жұмсалады және тұрмыста пайдаланатын ауыз су жүйелерін жүргізу үшін жұмсалады. Яғни, бюджеттің 2012 жылға дейінгі жұмсалған 400-500 миллиардқа жуық қар жысы егістік су мен ауыз суға жұмсалған. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Себебі, түпкі мақсатқа бағытталған, жүйелі түрде дайындалған нақты бағдарлама болмады. Оның үстіне атқарылатын жұмыс та 10-20 есе қымбат жасалынып жатты!!! Ал, осының барлығына тосқауыл болатын корруп цияға қарсы күрес агенттігі мұның бір де біреуін көрмейді, білмейді, естімейді, түсінбейді, меңіреу, тас керең.

Ал, белгілі жалақор Шаймерденовтің сөзін қағып алып, жерден жеті қоян тапқандай жер-жаһанға жар салып, «жемқорды ұстадық!» деп алақайлайды. Қандай бейшаралық, қандай ұсақтық! Қайран, қор болған мемлекеттің қызметі, соларға жұмсалып жатқан бюджеттің қаржысы… Оларға Бас прокуратураның қызметкерлері қосарлана шауып, бұл коррупционерге 11 жыл бермесек ол түзелмейді дейді және қалғандарына сабақ болсын, енді бұдан былай Әбішев сияқты тірлік істемейтін болсын деп отыр. Бір тиын пара алып көрмеген арым таза мен бұның барлығына – майдалықтарына, ертеңгі күндеріне, ұрпақтарына жаным ашиды. Жасымның 64-тен асқанына қарамастан, менің көкірегімде бұрын-соңды болмаған Алатаудай асқақ рух бар! Ешкім жеңе алмайтын алапат күш бар!

Түрмеде отырған 10 айдың ішінде өткен өмірімді саралап, менің ұялатын, өкінетін жерімнің жоқ екендігін сезіндім. Егер қайтадан бастау мүмкіндігі болса, тағы да дәл осылай жүріп өтер едім. Мені соттап жатса да былқ етпеймін. Өйткені, олар мені соттап жатқан жоқ, олар адал еңбекті, елге деген патриоттық сезімді, қоғамды, халықты соттап жатыр. Бірақ, оны соттау мүмкін емес қой?!.. Себебі, мұның бәрі физикалық ұғым емес, рухани ұғым. Ал, рухты соттай алмайды! Олай болса мен де өзімнің физикалық денемді бердім сендерге, қамайсыңдар ма, қинайсындар ма, білгендеріңді істеңдер. Бірақ, менің рухыма ештеңе істей алмайсыңдар. Менің рухым бауырларыммен, отбасыммен, ұл-қыздарыммен, халқыммен, қоғаммен бірге және мәңгі бірге болады.

Жазып алған Өмірзақ АҚЖІГІТ

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 6 пікір жазылған

  1. Мәмбет Құрманбаев 6 Ақпан, 2020 20:54 Жауап

    Ары мен рухы биік еліне адал жанды ешбір дұшпан сындыра алмас! Міне қанша жала жабылып, неше түрлі қысым көріп жатсада рухы биік азамат Ислам Әбішев арының таза екенін соттағы куәлер дәлелдеп берді. Ал антикоррдың жалданбалы Шәймерденовтің жалған жаласына сенген қайран заң орындары ай ! Шәймерденов секілді жалақорлардың қол шоқпары болған заң қызметкерлері ары таза адал жандарға қырғидай тиген. Өкінішті мүйізі қарағайдай заң қызметкерлері Шәймерденовтің жалған жаласына сенген!

  2. Әуелхан Шонжан 7 Ақпан, 2020 13:29 Жауап

    Ислам бауырым мына рухты, жалынды сөзімен ана «тапсырыс алған» прокурор мен соттың өзін «соттапты ау?» Әттең оларға қанша жылдан жаза бергенін ғана айтпапты. Мұндай жағдайда кез келген қолы былғаныш шенеунік күні түні жоғарыға «кешірім хатын» жолдап жатар еді. Тусаң ту елдің аяулы азаматы! Мұндай азаматты қолдамайтын қазақ да болмас?! Егер билік өзінің тыныштығын, елдің тыныштығын ойлар болса мұндай жағдайда Исламның басына бостандық беру арқылы ғана қол жеткізер еді!

  3. Тұрсын Жұртбай 7 Ақпан, 2020 13:29 Жауап

    Міне, бізге осындай рухты сөз айтатын азамат керек еді, жетпей жүр еді. Енді міндетті түрде күнделік жазып, ойын жинақтап, пікірлерін қорытып, ұрпаққа үлгі болатын сөз қалдыруы керек.

  4. Еркін Рақышев 7 Ақпан, 2020 13:31 Жауап

    Ислам Әбішевтей адал азаматты жазықсыз соттау, барып тұрған бассыздық. Әлі ақ, әділдік үстемдік құрып, Ағамыз ақталып шығады деп үміттенеміз.

  5. Жанболат Құрман 7 Ақпан, 2020 13:32 Жауап

    Керемет қайсарлық. Бұндай сөз жатып ішер, арамтамақ, өзімшіл, пайда көс ,надандардың қолынан келмейді.

Пікір немесе жауап жазу

төрт + он екі =