Ләйлә Төрешова: Достық үйінде этнос балалары үшін мемлекеттік тіл оқытылуда

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісімен мен этносаралық қатынастар саласындағы атқарып жатқан шаралары туралы аз жазылып жүрген жоқ.

Елімізде тұрып жатан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған аталмыш құрылымның бүгінгі таңда қандай маңызды жобалармен айналысып жатқаны туралы білгісі келетін оқырмандарымыздың саны аз емес.

Осы орайда «Қазақ үні» ақпарат агенттігі редакциясының тілшілері өңірлерде тиімді жұмыс жасап жатқан этномәдени бірлестік өкілдерімен, Ассамблея өкілдерімен сұхбаттасып, олардың ел ынтымағын біріктірудегі басты жұмыстары туралы білуді жөн көрді.

Осы орайда Қызылорда облысы ҚХА-ның хатшысы Ләйлә Төрешова Ассамблея жұмысына қатысты біраз ойларымен бөлісті.

- Ләйлә Бегалықызы, Қызылорда облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы туралы айтып берсеңіз?

- Ассамблея құрылған күннен бастап бүгінге дейін руханият, тіл, тарих тұтастығының беріктігін сақтайтын құтты мекенге айналды. ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясы біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі татулық пен бірліктің ұйытқысы болып отыр.

Ассамблеяның ХХVІІ сессиясы кезінде Елбасымыз қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау үшін барлық тетіктердің қалыпты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен әртүрлі форматтағы 100-ден аса іс-шара өткізілді. Оған 140 мыңнан астам аймақ тұрғындары атсалысты.

Бүгінгі күні Қызылорда облыстық ассамблеяның құрылымдары өңірдегі берекелі бірлік пен ынтымақты тірліктің қалыптасуына, қоғамдық келісімнің нығаюына жұмыс жасауда. Қазіргі таңда облыстық ассамблеяның 11 этномәдени аудандарда 118 аналар кеңесі, 1 медиация кабинеті, 6 этнобағытталған бірлестіктері, 165 қоғамдық келісім кеңесі, 1 ғылыми-сарапшылық тобы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-де «Қазақстан халқы Ассамблеясының» кафедрасы, облыстық мәслихатта депутаттық тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы бар. Осындай үлкен ауқымдағы қызметтері ассамблеяның іргелі шаңырақ және татулықтың теңдессіз тірегі екенін көрсетті.

-  Қызылорда өңіріндегі этномәдени бірлестіктердің тірлік-тынысы туралы айтып өтсеңіз?

- Облыстық этномәдени бірлестіктер этносаралық келісімді нығайту бағытында, Қазақстан халқы мәдениетінің өзара жан-жақты дамуы мен ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениеттерін жандандыруға, жастарды отансүйгіштік пен толеранттылық рухта тәрбиелеуге, мемлекеттік тіл мен ана тілін үйретуге жұмыс жүргізуде. Бірлестіктер республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі шаралар өткізеді.  Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің мүшелері облыстық ассамблеяның қолдауымен  өздерінің  ұлттық мерекелері «Наурыз», «Масленица», «Сабантуй» және т.б. мерекелерді тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдырған.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша облыстық этномәдени бірлестіктер Байқоңыр қаласында өткен «Халықтар достығы» атты ұлттық мәдениеттердің ашық қалалық фестиваліне белсене қатысады. Биыл Қызылорда қаласының Достық үйінде қонақта «Зов предков» халықаралық автомобиль жолының өкілдері болды. Олар Кореяның халық батыры Хон Бом До мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімін ұйымдастырды. Экспедицияға қатысушылардың арасында ресейлік және корей қоғамдық ұйымдарының басшылары, саяхатшылар, блогерлер, журналистер мен фотографтар болды.

Достық үйінде Александр Сергеевич Пушкиннің 220 жылдығына арналған «Пушкинді оқу және құрметтеу» театрландырылған қойылымы болып өтті. Фойеде кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда А.С.Пушкин атындағы қалалық орталық кітапханасының қорында 118 жылдан бері сақталған 1901 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Русские поэты» кітабы, облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасының қорындағы 1926, 1928, 1935 жылдары жарық көрген «Пушкин хаттары» кітабының түпнұсқасы мен көшірмелері қойылды.

Міне, осыншама ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған бүгінгі билік ұлтаралық татулық пен бірлікті басым саясатының бірі ретінде ұзақ жылдар бері ұстанып келеді. Қазақстандағы барша ұлттар мен ұлыстар да ел саясатына ризалығын білдіріп, достығымызды аса бағалайды. Тектілікті тіннен алған ата-баба жолына зор махаббат етеді.

- Қазақстан халқы Ассамблеясының “Қазақтану” жобасы туралы айтып өтсеңіз?

- Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған облыс көлемінде түрлі форматта 25-ке жуық кешенді шаралар ұйымдастырылып, 12000-нан астам адам қамтылды.

Мәселен, дәрістер, кездесулер, зияткерлік байқаулар, дәстүрлі ұлттық мәдени фестивалі, ғылыми-танымдық конференция, форумдар, қазақ тілі пікір алмасу клубының отырысы және тағысын тағы.

Жоба аясында Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарында дәрістер, Аналар кеңесі мен «Жаңғыру жолы» ЖҚ жастар ұйымдарына арналған оқыту семинарлары және этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламалары өткізілді.

Аталмыш шараларға еңбек ардагерлері, облыстық, аудандық Аналар кеңестерінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, түрлі этнос өкілдері, қоғам белсенділері, аудан және ауыл тұрғындары, жастар, жас отбасылар, оқытушылар және студенттер қамтылды.

Сонымен қатар «Қазақтану» дәрістер циклдары облыстың оқу орындарында, аудан орталықтарында ұйымдастырылып, «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан этностарына қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті, философиясы туралы терең ақпарат беру, оларды жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырудың, оның қызмет етуінің және одан әрі жетілдірудің біріктіруші негіздерінің бірі ретінде маңызы түсіндірілді.

Жыл бойына өткен шараларды қорытындылау мақсатында 6 қарашада «Қазақы дүниетаным және XXI ғасыр» ғылыми-танымдық конференциясы өтті.

Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, философиясын, құндылықтарын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу, жобаның негізгі мақсаты екендігі жөнінде Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, қоғам қайраткері Сапен Ансатов баяндама жасады. Алматы қаласынан конференцияға арнайы келген өнертану кандидаты, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы Екатерина Резникова «Образы кочевой цивилизации в живописи Казахстана» тақырыбында ой өрбітсе, Түркістан қаласынан арнайылап келген филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Жазира Исаева «Ұлы дала паремиологиясы және ұлттық код» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, конференцияда облысқа белгілі ғалымдарда өз ойларымен бөлісті.

- Ассамблеяның жастар жылында атқарған қандай шаралары бар?

- «2019 жыл  - Жастар жылы» деп жарияланып, өңір жастарына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының құрамында 50-ден астам жас мүшелік етеді. Сонымен қатар штаб жанынан 10 белсенді мүшелерден жұмысшы топ құрылып, жастар қозғалысының жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында Достық үйінен арнайы кабинет берілді. «Жаңғыру жолы» ЖҚ түрлі форматтағы мерекелік кештер, қайырымдылық акциялары, спорттық және интеллектуалдық сайыстар, ғылыми-танымдық шаралар өткізіп тұрады.  Көптеген іс-шаралар жастарға патриоттық тәрбие беруге, олардың салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған. Мысалы, стритбол бойынша «Саламатты елдің – салауатты жастары» атты турнир өткізілді. Турнирдің басты мақсаты - жастарды бұқаралық спорт арқылы бірлікке баулу.

Жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуға қызығушылығын туғызатын іс-шаралардың жаңа форматтары пайда болуда. Мысалы, Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының коворкинг-орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «ұлттық бірегейлікті сақтау» тақырыбында әлеуметтік хакатон ұйымдастырылды.

Жыл сайынғы жастар слетін өткізу дәстүрге айналды, онда атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылып, болашаққа перспективалар қойылады. Ағымдағы жылы «Orda CAMP-2019» облыстық ассамблеясының "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысы белсенділерінің слеті алғаш рет Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» жазғы сауықтыру лагерінде өтті. Слет жұмысы барысында жастар семинар-тренингтерде және мастер-кластарда оқып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатысты. Сондай–ақ, облыстық ҚХА "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының белсенділері Шығыс Қазақстан облысындағы "Бірлік-Единство" халықаралық жастар лагерінде болып қайтты.

Жастар жылының қорытынды іс-шарасы ретінде жыл соңына дейін «Жаңа толқын жобалары» атты жастар арасындағы әлеуметтік жобалар байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты облыстағы жастар саясатын дамытуға бағытталған жаңа идеялар мен жобаларды қолдау, жастарды ізденуге және бос уақыттарын өткізудің тиімді, әрі белсенді формаларын іздеуге тарту мен ынталандыру. 15 жас қатысқан байқауда жастарға қажет әлеуметтік жобаларға ерекше басымдық берілді. Байқауда «IT еріктілік. Цифрлы Қазақстан барлығы үшін!», «Онлайн тілдер мектебі», «Сыр балығын қолдан ұрықтандыру» секілді тың тақырыптар қорғалды.

Үшінші жыл қатарынан облыстық ассамблея аймақтың тарихи-мәдени мұралары бойынша экспедициялар өткізіп келеді. Ағымдағы жылы «Қазақстанның киелі жерлерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы екі кезеңі өтті. Экспедиция құрамына «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, түрлі этностардың аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балалары кірді.

- Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тіл - қазақ тілін меңгеруі қалай?

- 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа  жасаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», -  деп айтып өткен. Аталған бағыт бойынша облыстық ассамблея тарапынан үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, Достық үйінде тілдерді оқыту кабинеті жүйелі жұмыс жүргізуде. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Мемлекеттік тілді оқытудың бастауыш деңгейі бойынша 68 сағаттық оқыту курсының бірінші кезеңі аяқталды. Жалпы есепте курс бойынша 24 тіл үйренуші білім алды.

Этнос өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретуге, танымын арттыруға бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында коммуникативті тренингтер, түрлі форматтағы кешенді іс-шаралар, «Sende bir kirpish dúnyege...» ұлттық ойындар бойынша жарыстар, мемлекеттік тілді білу викториналары, латын графикасын қолдану арқылы мемлекеттік тілде диктанттар өткізілді. Достық үйінде тілдерді оқыту кабинеті де жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Кабинетте мемлекеттік және ағылшын тілдер этнос балалары үшін оқытылуда.

- 2020 жылы ҚХА-ның құрылғанына 25 жыл толады. Алдағы жылы қандай шаралар ұйымдастырылады, жоспарыңызбен бөліссеңіз.

- Кез келген мемлекеттің өркендеуінің басты қағидасы ол ынтымақ пен бірлік. Ассамблеяның ұстанған басты бағыты – елімізде мекен еткен барлық этностарды ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, еліміздегі тұрақтылықты сақтау. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы ықпалдастық идеялардың және жаңа жобалардың көшбасшысына айналды. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі ұлтаралық тұтастық пен келісімді сақтауға өзіндік үлесін қосып келе жатқан бірегей құрылым болып табылады. Халық бірлігінің маңызды күретамыры деуге де толық негіз бар.