Ғұлама ғалым мұрасы - сарқылмайтын қазына

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында өткен шарада Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталғанын айтты. Мемлекеттік хатшы Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ұлы ғұлама мұра­ларын және біздің елдегі, сонымен бірге шетелдегі әлемдік өркениет дамуына қосқан үлесін зерделеуге, жастардың ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ, оларды ғылыми қызмет саласына тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Құрметті қонақтар! Баршаңызды Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Сіздерге сәттілік тілеймін», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы. Университет қабырғасында «Әл-Фараби кітапхана орталығы» ашылды. Тұсаукесер бары­сында қонақтар ұлы ой­шылға арналған мұражай экспозицияларымен таныс­ты, оның шығармалары қойылған көрмені, Абай мен Алаш қозғалы­сының қайрат­керлеріне, сирек кездесетін және құнды кітаптар қорына арналған сандық залды аралап көрді. Алдағы уақытта «Әл-Фараби кітапхана орталығы» ұлы ойшылдың идеялары мен шығармашылығын насихаттайтын болады. З.Қабиоллаұлы qazaquni.kz