Ерікті жастар - ел тірегі

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Волонтерлер жылы» салтанатты түрде ашылды.Бұл игі бастаманы университеттің мыңдаған студенттері қолдап, түрлі шараларға қатысуға ниет білдіріп отыр. Былтырғы «Жастар жылы» мен биылғы «Волонтер жылы» - жастар белсенділігін көрсетіп отыр. «Ең асыл қасиеттердің бірі – жақынына көмектесу, мейірімділік, қол ұшын созу, бірлікте болу. Волонтерлік осының барлығына баулиды. Бұл жаңадан пайда болмаған, адам адам болғалы бар нәрсе. Адам – әлеуметтік топ. Тіпті, қолға мал үйретпей тұрғанда да, аң аулап, үңгірде тұрғанда да қар басып қалған көршісін аршып алатын болған. Оған ақы да сұрамайтын. Осындай ниет адамзаттың бәрінде бар. Соны оята білу керек», – деді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университетте өткен «ENU Volunteers» шарасында.  «Волонтерлік – бір жылдан кейін ұмытып кететін жұмыс емес» - деген ректор волонтерлікті науқаншылдыққа айналдырмау қажеттігін еске салды. Университетте волонтерліктің негізі бұрыннан қалыптасқан. Мысалы, 2017 жылы ЭКСПО-да мыңдаған студентер жұмыс істеді. Арыс оқиғасында да студент жастар қарап қалған жоқ, ешкім тапсырма бермесе де, өз еріктерімен Арыста жаз бойы жұмыс істеді.  Белсенді жастар ел ертеңіне бей-жай қарай алмайды. ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Рүстем Әлқожа «ENU Volunteers» жобасы жайында айтып берді. «Жоба алты бағытта жұмыс істейді, жыл соңына дейін 5 мыңнан астам студентті осы жобаға жұмылдырғымыз келеді. «Жақсы іс» бағытында ЕҰУ еріктілері қалалық сенбілікке шығу, мектеп оқушыларына арнап семинарлар өткізу, Жеңістің 75 жылдығына байланысты қараусыз қалған қарттардың үйіне барып тазалық жүргізу, күнделікті тұрмысына көмектесу, жер үйде тұратындардың ауласын тазалау жұмыстары жүргізілмек. «Мәдени сұхбат» бағытында – университеттің театр ұжымы, әншілер, оркестрлер балалар үйінде өнер көрсетіп, олардың ой-өрісіне, рухани баюына септігін тигізеді», - деді Р. Әлқожа. «Қайырымды орта» бағытында – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін акциялар ұйымдастырылады. Төртінші бағыт – «Өрісті өнерде» университеттің домбыра, қобыз, баян, жетігенде ойнайтын студенттері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін сабақ үйретеді. «Бесінші бағытымыз – «Таза қала» деп аталады. Еріктілер қоршаған ортаны тазалап қана қоймай, ашық қалған құдықтарды тексеріп, қауіпсіздікке үлес қосады. «Медиа алаң» бағытында – әлеуметтік желі арқылы жастарға ой салатын әлеуметтік маңызы бар бейнероликтер тарату жоспарланып отыр», - деді университет өкілі. qazaquni.kz