Апатқа қайтыс болғандар жауап бермейді

Бүгін «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Мәжілістің жалпы отырысында «Bek Air» әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатына қатысты Премьер-министр мен Бас прокурордың атына депутаттық сауал жолдады.

«Ұшақ сыртындағы мұзды ерітуге арналған сұйықтықты үнемдеді деген желеумен тағы да қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі етіп шығаратындай көрінеді. Олардың басын бәйгеге тігуі – екеуінің таңдауы емес. Бақилық болғандар өздерін қорғай алмайды. Бұлай істеулері дұрыс па?», - деді депутат А.Перуашев.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары тасымалдаушы компания қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге өтемақы төлемегендерін айтты. Сондай-ақ, «Bek Air» қайғылы оқиғадан кейін тоқтатылған әуе рейстеріне билет алған жолаушылардың ақшасын әлі күнге дейін қайтармаған.

«Заңды өтемақы төленбеген, зардап шеккендерге қолдау шаралары көрсетілмеген. «Bek Air» өкілдері ауруханаға барып, жарақат алған жандардың жағдайын білуге де жарамады. Тіпті, қаза тапқандардың жерлеу рәсімінде де бой көрсетпеді. Әуе компаниясы қайғылы оқиғаға тікелей қатысты жоқтай, тек БАҚ арқылы көңіл айтты», - деді депутат.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласының маңында «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы «Bek Air» компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тауып, 67 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.