"ТӘШКЕН ШАЙЫ ЕМЕС - ШАРДАРА ШАЙЫ!"

Елордада Ұлттық академиялық кітапханасында бүгін өткен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңесі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Мәдени саясат жөніндегі кеңес пен Мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы болды. Содан шыққан соң, досым, курстасым, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясы вице-президенті, суретші Жанұзақ Мүсәпір екеуміз сол маңға жақын "Дастархан" кафесінің дастарханынан дәм таттық. Шәйға тапсырыс бергенде шәй қайнатым уақыт шәй атауы туралы пікірталас болып қалды. Әрине, даудың басы сол баяғы менің әр атауға ерекше шұқшиятын Қазақы "қазымырлығымнан" басталды... -Неге мәзірге "Ташкент шайы" деп жазасыңдар? -Білмеймін! Мәзірге солай жазылған ғой- деп даяшы қазақ жігіті өз деңгейінде жауап берді!.. Былтыр мамыр айында мен Ташкентте болдым. Өзбек тіліне аударылып, жыр кітабым шығатын болды. Өзбекстан Жазушылар одағы басшылары Ташкентті аралатты, талай мейрамханасында болдық. Мұндай бал мен лимон қосылған шәйдің талайын іштік. Бірақ олардың мәзірінде бұндай шәйді "Ташкент шайы" деп жазбаған. Қайта олардың біразы бұндай шәйдің "рецепті" Шымкент жақтан, яғни Түркістан облысынан келгенін айтып қалды. Иә, Шымкентте де, Шардарада да (Жетісайда болса да, болмаса да), бұндай шәйді талай ішіп жүргеніміз еске түсіп кетті... Сондықтан даяшыға: - Бұдан былай бұны "Шымкент шайы" деп жазыңдар мәзірге-дедім. Сол кезде әңгімеге Zhanuzakh Mussapir досым араласып: - Бұндай тәтті шайды Шардарада талай ішіп едік қой- "Шардара шайы" деп атау керек"-деді. Суретші досымның суреткерлік дәлдікпен айтқан ұсынысына қарсы шыға алмадым. Иә, ақындық арынмен, жазушылық талаппен қарасаң да, дыбыстық үйлесімге "ШАРДАРА ШАЙЫ" деген әдемі үйлесіп тұр! Ендеше, Қазақ Еліндегі бар мейрамхана, кафе, кабак, бар, асханалардың бәрінде бұндай бал мен лимон тб қосылған шайды "ШАРДАРА ШАЙЫ" немесе "Шымкент шәйі" деп атайық халайық! Міне, "Nauat" шәйханасына келдік, мұнда да өзіміздің бал қосып, баптап демделген, қантсыз-ақ қанып ішер тәтті Қазақ шәйі "Ташкент шайы" деп, тіпті Ресей тілінде жазылып тұр!.. Сондықтан "Nauat" шәйханасы әкімшісі Назгүлге (суретте) мәзір мен төлем және тб іс қағаздары Мемлекеттік тілде жазылуы керектігін ескерттім. Сонымен қатар бұл туралы бұрын да, бұл кафеге тіл күрескерлері, Нұрсұлтан қаласындағы Тіл жөніндегі комиссия мүшелері, заңгер Жасұлан Иса мен Мұқағали Балқыбай үшеуміз келгенде қатаң ескертілгенін де, бұл екінші ескерту екенін де естеріне салдым. Жайдары жүзді Назгүл өзінің бұл жерге кейін келгенін, бірақ келесі "Мәзір" кітапшамын шығарғанда бәрі мемлекеттік тілде болатынын және "Ташкент шайы" енді "ШАРДАРА ШАЙЫ" ("Шымкент шәйі") деп жазылатынына уәде берді. Мұндай Ұлттық мүддені қорғаған бастаманы әдеттегідей билік орындарынан бірінші болып "Ақ жол" партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламенттегі "Ақ жол" партиясы фракциясы жетекшісі Азат Перуашев қолдап шықты. Ал біз Түркістан облысы әкімдігі мен Шымкент қаласы және Шардара Ауданы Әкімдігі бұл Ұлттық мүддеден туындайтын маңызды мәселені өз өңірлерінде басшылыққа алады деп сенеміз. Жақсымыздың бәрін жатқа ғана телитін жалпақшешей жағымпаздық қашан қалады бізден осы?!. Қазыбек ИСА, Фейсбук парақшасынан