Әдебиет тарланының тағылымды тойы

598
0
Бөлісу:

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің Шолохов атындағы Халықаралық сыйлығының иегері, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» Халықаралық сыйлығының иегері, «Парасат» орденінің иегері, белгілі жазушы Сәбит Досановтың сексен жасқа толған мерейтойы Абай атындағы опера және балет театрында аталып өтілді. Салтанатты шараға әдебиеттің белді өкілдері, қоғам қайраткерлері және шетелдегі қаламдас достары қатысты. Жиынды ашқан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жазушыға деген ізгі тілегін арнап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, Сәбит Аймұханұлы мен жан жары Құралай Аққошқарова екеуінің арнайы салынған картинасын табыстап, той иесінің иығына қазақтың салтымен зерлі шапан жапты.

Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатында жазушының оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп, кең тынысты кесек туындыларының ұлттық әдебиеттің, соның ішінде көркем прозаның өркендеп, өрісінің кеңеюіне елеулі үлес қосқаны айрықша аталып өтіледі.

Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған жеделхатта: «Құрметті Сәбит Аймұханұлы! Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді қарымды қаламгер, қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға ой-пікірін білдіріп отыратын қайраткер ретінде жақсы біледі.Ұзақ жылғы шығармашылық еңбегіңіз өз жемісін беріп келеді. Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер бүгінгі заманмен үндестік тауып, ғасырлар тоғысындағы көкейкесті мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да оқырмандарыңызды тартымды туындыларыңызбен қуанта беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін», – делінген.

«Мен үшін мерейтой – той тойлау емес, ой толғау» деп жазушы Сәбит Досановтың өзі айтқандай, іс-шара барысында сексеннің сеңгіріне шыққан қарымды қаламгердің өнегелі өмірін өрнектеген көркем фильм экраннан көрсетіліп, жазушының шығармашылығынан жиылған жұртқа мол мағлұмат берді.

Сондай-ақ, мерейтой аясында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның,  ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмидің, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаевтың құттықтау хаттары оқылды.

Сексеннің сеңгіріне шыққан жазушыны құттықтап, алыстан ат арытып келген шетелдік әріптестерінің қарасы көп болды. Қырғыстан Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтің құттықтау хатын Халық жазушысы, Қырғыстан Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев жеткізді. Франциялық белгілі жазушы, Президенттік бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері Альберт Фишлер, Мәскеу Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Владимир Бояринов,  Әзірбайжан Жазушылар одағының хатшысы Рза Хейал, «Чинар» әдеби журналының бас редакторы Зал Элхан (Әзірбайжан), түрік делегациясының басшысы Пармаксяз, белгілі жазушы Афшар Имдат, (Түркия), ақын Нина Попова (Мәскеу), жазушы Станислав Оганян, (Армения), «Жахон  әдебиеті» әдеби журналының бас редакторы Ахметжон Нелибаев(Өзбекстан) және т.б көптеген шетелдік әдебиет өкілдері айтулы шараға арнайы келіп, ақ тілектерін ақтарып, сый-сияпаттарын табыстады.

Жазушының туған елінің сәлемін, яғни, Қостанай облысының ыстық ілтипатын облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың құттықтауын экономика ғылымдарының докторы, академик Кенжеғали Сағадиев жеткізді. Сондай-ақ, дүбірлі думанның төрінен қазақтың тұңғыш ғарышкері, Тоқтар Әубәкіров, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов бастаған қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар табылды.

Алыс-жақын шетелдік әдебиет тарланда­рының басын қосқан салтанатты шара мерейтой иесі Сәбит Досановтың тек қазақ еліне ғана емес, дүниежүзіне аты мәлім көркем сөздің көрнекті шебері екендігін айғақтай түсті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Шәміл Әбілтавтың шырқата салған «Сәбең сал» атты Сәбит Досановқа арналған әні кештің шырайын кіргізіп, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

Сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық опера және балет театрының өнерпаздарының өнері де көптің көңілінен шықты.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік балалар мен жасөспірімдер театры артистерінің Сәбит Аймұханұлы шығар­машылығынан оқыған «Мен Құдай емеспін» атты өлеңі кеш иесінің өмір туралы жан тебіренісінен сыр ақтарды.

Белгілі әншілер Жазира мен Жанболат салған «Анамның ақ жаулығы» атты ән аналарға деген құрметті еселей түскенін атап өткеніміз жөн.

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «МузАРТ» тобы, «Қоңыр» тобы, Мадина Сәдуақасова және тағы басқаларының әуелете шырқаған әсем әндері той иесіне жасалған тамаша тарту болды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің осынау тағылымды жазушының ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің мерейлі мерекесі екені сөзсіз.

Оқырмандарыңыздың бағына шығар­машылық жолдағы жүйелі жоспарларыңыз жүзеге аса берсін деген тілегіміз бар.

Біз де той иесіне мерейтойыңыз мерейлі болып, жүзіңіз жарқын күйде жүзге жетіңіз дегіміз келеді.

 

Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz

Фото авторы: Александр Павский

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу