Парламентаризм - демократияның басты белгісі

Халықаралық  қауымдастықтың пайымдауынша демократиясы дамыған, парламенттік бағыттағы мемлекет дегеніміз – көпшілікке ортақ, әрбір адамның мүддесі ескерілетін қоғам болу керек. Демократия ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен бар байлықты қолында билігі барлар мүшелеп бөліп ала қоятын біздегі жекешелендіру сияқты меншіктеуге жатпайтын ұғым. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, демократия қоғамның барлық топтарының  қатысуымен  құрылатын жүйе. Яғни көпшіліктің ортақ таңдауын, бұлжымас   мақсатын білдіруге және оны қорғауға тиісті. Бұл қоғамда парламент мемлекетті басқару органы рөлін атқаруға міндетті. Бүгінгі күні дүниежүзінің 190 елінде парламенттік құрылымдар бар. Оның жетпісінде қос палаталы, қалғандарында бір палаталы парламент жұмыс істейді. Олардың екеуінің де басты ұстанымы – қоғамның түрлі көзқарастағы топтарын біріктіру болып табылады. Қысқасы, әлемдік ортақ тұжырым бойынша демократия – парламентке өз өкілдерін сайлау арқылы қоғамды тікелей халықтың өзінің басқаруы. Бұл демократия деген ұғымның әлем бойынша қалыптасқан бұлжымас қағидасы. Осы бір күнделікті айтылып жүрген таптауырын тақырыпқа тереңірек үңілуге жақында «Ақ жол» партиясының «Парламенттік оппозиция туралы» ҚР Заңына өзгертулер енгізу жайындағы мәлімдеген жобасы түрткі болды. Алматы қаласында көпшіліктің назарына ұсынылып, жобаны талқылауға белгілі саясаткерлер, ғалымдар, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысып өздерінің оң пікірлерін білдірді. Біздің Парламенттегі саны жағынан аз болғанмен өзін белсенді партия ретінде танытып жүрген ақжолдықтардың алғашқы болып үн қатқанын ерекше атап өтуіміз керек. Айта кетелік, осыған ұқсас жобаны партия бұрындар сонау 2013 жылдары ұсынған болатын. Бірақ ол кезде жоғары жақта бастаманы ешкім қолдай қойған жоқ-ты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттегі оппозиция мәртебесін анықтау туралы тапсырмасы осыған оң ықпал енткені айтпаса да түсінікті. Өйткені, бізде президенттік басқару жүйесі қалыптасқан. Президент айтпаса ешқандай партия өздігінен саяси ұйғарымдарын айта алмайды. Біздің Парламенттегі қалған партиялар (егер оларды партия деп есептеуге болса) осы күнге дейін ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Бұл жерде биліктің «Нұр Отан» партиясының үнсіз отыруын әбден түсінуге болады, өйткені оларға ешқандай өзгерістің қажеті жоқ, онсыз да Парламентте олардың басым көпшілік екені белгілі. Сондықтан оларда «демократия» дегеніңіз жетіп артылады, дауысқа салса кез келген мәселені кем дегенде 80 пайыздық басымдықпен өздерінің қалауынша шеше салады. Сол себепті «парламенттегі оппозиция» деген ұғымның өзі «Нұр Отанның» құлағына түрпідей тиері сөзсіз. Әрине, олардың орнында басқа партия болса да дәп осылай етері күмәнсіз, бәрінің де басты мақсаты билікке ие болу болып табылады. Қалың оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, алдымен өзіміз айтып жүргендей, біздің демократиялық қоғамдағы Парламентке қысқаша тоқтала кетейік. Қазіргі Қазастан Республикасы Парламенті Сенат пен Мәжілістен тұрады. Сенат депутаттарының өкілеттілігі — 6 жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілігі — 5 жыл. Сенатқа әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасынан екі өкілден, барлығы 48 депутат сайланады. Сенатқа 15 депутатты Президенттің тікелей өзі тағайындайды. Мәжіліс — 107 депутаттан тұрады. Оның ішінде 9 депутатты Қазақстан халық Ассамблеясы сайлайды. Сонымен «Ақ жол» партиясы ұсынған 18 баптан және оның ондаған тармақтарынан тұратын жобада қандай мәселелер көтерілді? Соның ең басты дегендеріне ғана тоқталайық. «Ақ жол» партиясының талабы мынандай –Парламенттік оппозицияны құрайтын саяси партиялар:
  1. Өз депутаттарын Мәжілісі төрағасы мен тұрақты комитеттері төрағаларының орынбасарының лауазымына кандидатура ұсынуға;
  2. ҚР әлеуметтік және экономи­калық блок министрлерінің орын­басарларының лауазымына та­ғайындау үшін кандидатуралар ұсынуға;
  3. ҚР республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасын және мүшелерін ұсынуға;
  4. Парламенттік тыңдаулар мен парламенттік тергеулерге бас­тамашылық жасауға және жүргізуге;
  5. Кез келген мемлекеттік комиссиялардың және орталық мемлекеттік органдардың жанын­дағы сараптамалық кеңестердің құрамына енуге;
6) Үкімет заң жобасын енгізген кезде, Мәжіліс Парламентінің жұмыс тобында бірге қаралуы тиіс, осы Заңның балама жобасын енгізуге;
  1. Мемлекеттік органдардан өз міндеттерін тиісті түрде орындауға қажетті кез келген ақпарат алуға;
  2. Қызметтік міндеттерін орындаумен байланысқан мәселелер бойынша барлық лауазымды тұлғаларға және барлық нысандарға еркін кіруге;
  3. Парламенттің біріккен, Мәжілістің пленарлық, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және өзге іс-шараларда депутаттық фракцияның талабы бойынша оның өкіліне кепілді сөз сөйлеуге;
  4. Республикалық бюджет қаражатынан партиялар қызметін қаржыландыруға;
  5. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметін көрсетуге;
  6. Республикалық бюджеттен бөлінген парламенттік лимит шеңберінде партияның әлеуметтік бағдарламаларын қаржыландыруға;
  7. Мемлекеттік органдардың парламенттік оппозиция депутаттары жолдаған депутаттық сауалдарға жауаптар әзірлеу кезінде сауалда баяндалған ұстанымды қорғау үшін олардың жұмысына қатысуға;
  8. Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес өзге құқықтарын жүзеге асыруға құқылы.
Осы талаптарға байланысты оны қалай іске асыруға болатын жолдары жобада нақты тарқатылып көрсетілген. Сонымен бірге парламенттік оппозиция жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын хабарлама жасау тәртібінде арнайы белгіленген орындарда өткізуге құқылы екендігі жөнінде де айтылған. Мемлекеттік органдар қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ азаматтар Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпті сақтап өткізілетін парламенттік оппозицияның жиналыстарына, митингтеріне, шерулеріне, пикеттеріне және демонстрацияларына кедергі жасамайды. Оны ұйымдастырған кезде, парламенттік оппозиция, партияның бағдар­ламасы сайлаушылардың қол­дауына ие болғандықтан, хабарламада іс-шараның мақсатын көрсетуге міндетті емес. Сол сияқты жобада басқа да мәселелер көтерілген. Сарапшылар мен білікті саясаткерлердің бағалауынша «Ақ жол» партиясының бұл жобасы Парламентімізде оппозициялық партиялардың рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Көпшілік талқылау әлі де жүріп жатыр, сондықтан оған толықтырулар мен өзгерістер енуі әбден мүмкін. Ең бастысы дәп осы талаптар парла­менттегі оппозициялық партия­лардың мәртебесін анықтауға ғана емес, бүкіл біздің қоғамда осы демократиялық заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз ету үшін де қойылса дұрыс болар еді. Адамзаттың арманы болған демократиялық қоғам құру еш­қашан жеңілдікпен келген емес, оның жолында талай қантөгістер орын алғаны да тарихтан белгілі. Оған қарсы топтар қашан да, қай елде де болған, болады да. Демократияның негізгі принципі – халықтың өз өкілдерін сайлап, сол арқылы мемлекетті өзі басқару. Демек, сайлау бұл жерде шешуші қадам болып табылады. Сондықтан ең бастысы сайлау ешқандай бұрмалаусыз әділ өтуі қажет. Ашығын айтсақ бұл жағынан біз мақтана алмаймыз, көптеген сарапшылардың және көпшіліктің пікірінше бізде сайлау ешқашан әділ өтіп көрген емес. Сайлау әділ өтпесе, сайлаушылардың дауысы ұрланса қайдағы демократия туралы сөз болуы мүмкін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жиырмасыншы ғасырдың соңында өмір сүріп жатсақ та, «Біз парламенттік басқаруға дайын емеспіз» деген ұстанымға тоқтап, «вертикальды президенттік басқару жүйесін» таңдап алдық. Тіпті, «Демократия деген не, оны немен қосып жеуі­міз керек?» – деп мысқылға айнал­дырғандар да болды.Ал, шын мәнінде халық елдегі саяси жағ­дайды, қандай мемлекет құру ке­ректігін жақсы біледі, одан ештеңе жасыра алмайсыз.  Демократиялық қоғамның қандай болатыны олар да біледі. Өйткені,  бүгінгі байланыс жақсы дамыған  заманда  кез келген ақпарат тез тарайды. Бірқатар сарапшылардың, жалпы бұқараның біздің қоғамдағы жүйе туралы пікірі ала-құла. Баспасөз, әлеуметтік желілер, қоғамдық ұйымдар өткізген сауалнамалар осыны көрсетеді. Солардың бәрін сараптағанда, топтастырып қарағанда мынандай пікірлердің басым екенін байқауға болады. Қос парламент көптеген елдерде жоқ, ол міндет те емес. Біздегі Сенат пен Мәжіліс қызметі бір-бірін қайталайды. Олай болса жоғары палатаның қажеттілігі бар ма, ол саяси және экономикалық жағынан елімізге тиімді ме? Елуге тарта сенаторлар мен оның көмекшілеріне жоғары жалақы төлеу, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасауға,   толып жатқан іс-сапар шығындарын өтеуге мемлекет есебінен қыруар қаржы шығындалады. Оның үстіне Сенаттың 15 депутатын президенттің тікелей тағайындауы демократия заңына томпақтау келетіні белгілі. Сол сияқты Мәжілістегі 9 депутатты Халық Ассамбеясының меншіктеп алуы да заңға сиымсыз дейді демократиялық құндылықтарды зерттеген сарапшылар. Тек қана партияларға дауыс беру де адамдарымыздың құқығын шектейдіі. Шынын айтсақ еліміздегі дауыс беруші тұрғындардың әрі кетсе 20 пайызы ғана түрлі партиялар мүшесі. Көпшілік сол партиялардың қайдан шыққанын, не тындырып жатқанын білмейді. Ал партияда жоқтар сонда не істеуі керек? Олар өз өкілдерін сайламау керек пе? Конституциямыз бойынша кез келген Қазақстан азаматы сайлауға, сайлануға құқылы емес пе? Сондықтан, жеке тұлғаның өзін-өзі ұсыну құқығын халықаралық қалыпқа келтіру қажет. Біздің бұл айтқанымыз көпшілік пікірлердің ішінен тек қана сайлауға қатыстысын ғана іріктеп іліп алғанымыз. Бұқара үніне құлақ түретін болсақ, көптеген құнды ұсыныстарды тыңдап, қажеттісін кәдеге жаратуға болады. Тәуелсіздік алысымен елімізде қазіргі заманға сай жаңа дамыған мемлекет құруды қолға алғалы билік басында отырғандардан бастап, көшеде жұмыссыз жүргендерге дейінгі жұмыр басты пенделердің аузынан «Демократия!» деген сөз түсіп көрген емес. Мінберге шығып алып сайрайтын лауазымды басшылар да, саясаттың жілігін шағып, майын ішкендер де, таңдайы тақылдап тұрған телеарналар да осы демократиялық қоғам туралы жылдар бойы құлағымызға құйып-ақ келеді, тіпті «Біз демократиялық елміз!» деп халықаралық қауымдастық алдында жар салып, мақтанып қоятынымыз да бар. Ол жағынан кемшілік болған емес. Бірақ іс жүзінде «демократия» деген сол бір жарықтықты қатардағы қарапайым халық қолмен ұстамақ түгіл, көзі де көрмепті. Коммунизмнің қауға сақалды көсемі Карл Маркс кезінде «Еуропаны елес кезіп жүр, ол – коммунизм елесі» – деп айтқандай, елімізге елес болған демократия кең-байтақ елімізден қонатын орын таба алмай жүргенге көбірек ұқсайды. Кім білсін, бәлкім біреулердің ауласына келіп қонып, біреулер оны көріп, қолымен ұстаған да болар? Кейбіреулердің «Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз!» деп өзеурегенін көргенде, «әркімнің өз шындығы бар» дегендей, біздің қазақ елінде әркімнің өз «демократиясы» бар секілді. Соған қарағанда, шын мәніндегі демократиялық қоғам құру керектігі жөнінде біз енді ғана ойлана бастаған сыңайлымыз... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz