Қазақстанның экономикалық өсімі 4,5 пайыз болды - Президент

Қазақстанның экономикалық өсімі 4,5 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз. Күнтәртібінде бірқатар өзекті мәселе бар. Алдымен, өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қарастырамыз. Жалпы, былтыр жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Атап айтсақ, экономикалық өсім 4,5 пайыз болды. Экономиканың негізгі салаларында өсу қарқыны байқалды. Бұл көрсеткіштердің барлығы халықтың тұрмыс сапасына оң ықпал етеді. Сайлауалды тұғырнамада айтылған міндеттерді орындауымыз керек», - деді отырысты ашқан Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, бұл елімізді орнықты дамуына, халықымыздың әл-ауқатын арттыруға зор серпін береді.

«Қазір осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарды талқылаймыз. Басты мақсат – қолда бар мүмкіндіктерді, әлеуетімізді толық пайдалану», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі уақытта Үкімет басшысы Асқар Мамин еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және осы жылға қойылған жоспарлар жөнінде баяндап жатыр.

Одан кейін ақша-кредит саясатына қатысты шаралар жөнінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, әлеуметтік даму және еңбекпен қамту жөнінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша Нұр-Сұлтан қаласының, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақтөбе облыстарының әкімдері сөз сөйлейтін болады.