Газбен жүретін көліктер паркингке кірмейді

Ақпанның бірінен бастап еліміздегі газбен жүретін көліктерді паркингке қоюға тыйым салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік өкілдерінің айтуынша мұндай шара қауіпсіздік мақсатында қабылданды. Себебі соңғы кезде газ орнатқан көліктердің жарылу деректері жиілеп кеткен.

Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын билік өкілдері көлік қозғалтқышының бензин емес газбен істеуінен экологияға келетін зиянды азайтып, экономиканы ынталандырады дегенді алға тартқан еді. Осыдан кейін жүргізушілердің көбі көлігіне газ орнатты.

Алайда 2019 жылы газбен жүретін көліктердің өртке қауіпті екені айтылып, оларды тұрғын үйлердің астындағы және ойын сауық орталықтарындағы жылы автотұрақтарға кіргізуге тыйым салынды.

Заң бірінші ақпаннан бастап күшіне енеді.

Бірақ ереженің өзгеретінінен елдегілердің көбі бейхабар.  Шын мәнінде көліктің қандай жанармаймен жүретінін сырттай қарап анықтау мүмкін емес. Ал құжатын сұрап, ішін тінту құзырына кірмейді. Сондықтан нөмірі тіркелген темір тұлпарды еріксіз өткізеді.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі газбен жүретін көліктерді айқындап тұратын арнайы белгі әзірлеп жатқанын жариялаған. Алайда ресми жауап ала алмадық.

Газбен жүретін көліктің қаншалықты қауіпті екенін білу мақсатында, оны орнататын компанияның пікіріне жүгіндік. Мамандардың айтуынша техникалық талаптар сақталып, сапалы бөлшектер қолданылса, қорқатын дәнеңе жоқ. Осы тұста айта кету керек, бізде газ орнату қызметін кез келген заңды тұлға ұсына алады. Яғни ешқандай рұқсат қағаз талап етілмейді.

Варвара Гутченко, автокөлікке газ орнататын компанияның директоры:

– 2013 жылға дейін көлікке газ орнату қызметін тек лицензиясы бар компаниялар ғана ұсынатын. Сол жылы осы талапты алып тастады. Қазір оны кез келген заңды тұлға, кез келген жерде орната береді. Бұл әрине сапаға кері әсер етеді. Көлікке орнатылатын заманауи газ құрылғыларында барлық қауіпсіздік талаптары қарастырылған. Оны Еуропа елдері мен Ресейде кеңінен қолданады. Бірақ ешбір елде паркингке кіргізуге болмайды деген заң жоқ.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, бүгінде Қазақстандағы көліктердің 30 пайыздайы газбен жүреді. Мұны жанармай бекеттеріндегі көліктерден де байқауға болады.