Мәкіш Есқараев: Ислам Әбішев ісін тоқтатуға бір емес, бірнеше заңды себептер мен негіздер болған

Бүгін Әбішев сотында болған сөзжарыста адвокат Мәкіш Есқараев керемет сөйледі. Мемлекеттік айыптаушы С.Сүлейменовтің айыптау актісінің де, келтірген дәйексіз "дәлелдемелерінің" де быт-шытын шығарып, "күлін көкке ұшырды" деуге болады.   Сөзінің соңында адвокат Мәкіш Есқараев: - ...Құрметті сот! Мен бұл қылмыстық іс бойынша тоқтамай екі күн сөйлей аламын. Антикор тергеушілері мен прокуратура тарапынан болған арандатушылықтар мен заңбұзушылықтарға, дәлелсіз дүниелерге әрбір қаулы ғана емес, әр құжаттың әрбір абзацынан айқын фактылерді келтіруге болады. Алайда, мен ең маңызды мәселелерге, концептуалды дүниелерге ғана тоқталдым. 30 томдық "Қылмыстық істің" 1-ші томынан кейін-ақ істі тоқтатуға бір емес, бірнеше заңды себептер мен негіздер болған. Алайда, тергеушілер қалған 29 томды "искусственно", "жасанды" түрде созған. Және ол істерін өте сауатсыз, дарынсыз, масқарампаздықпен жасаған! Позор! Сондықтан біздің қорғауымыздағы И.Әбішев пен С.Түкиевті ақтап, бостандыққа шығаруыңызды сұраймын.   "Бір жазықсыз адамды түрмеге отырғызғанша, мың жазықты адамды бостандыққа шығар..." деген қанатты сөзбен өз сөзжарысымды аяқтаймын!..   Адвокат Мәкіш Есқараевтың 2-3 сағаттық сөзін ұйып тыңдап, риза болған, ара-тұра таңдай қағып, бас шайқап, эмоциясын әрең тежеп отырған тыңдаушы халық ду қол соққанда, залды біраз уақыт шапалақ дауысы кернеді. Қарт кісілер Мәкіш Есқараевқа алғыс жаудырып, "ой, жарайсың, бәрекелді!.. Айналайын-ай, өркенің өссін!!.." деп батасын беріп жатты... Хатшы "тыныштық... тыныштық сақтаңыздар!..." деп шапалақты әрең тоқтатты... Сауле Әбілдаханқызы, Фейсбук парақшасынан