АНАШЫМНЫҢ ТАҒДЫРЫ

15-қаңтар аяулы анашым Айман ЖАНПЕЙІСҚЫЗЫ 78 жасқа толады

Анашымның тағдыры, Сұм соғыстың күліндей... Қиналса да түңілмей, Болдырса да сүрінбей, Тамыр тартты жайқалып, Сайқұдықтың гүліндей...
Анашымның тағдыры, Қауқар жетпей сайранға... Желкен тігіп қайраңға, Әке қалды майданда, Ана кетті ауырып, Жүре де алмай жайраңдап... Анашымның тағдыры, Жеміс терген тек күзден... Ауыр еңбек шеккізген, Жауыр тағдыр тепкізген, Анасындай АҒЛАсы, Сүйреп жүріп жеткізген... Анашымның тағдыры, Тым қараңғы түн біткен... Жарығы кем түндіктен, Жамыраған Күн күткен, Елегзумен өтті ғой, Жалғыз бітіп кіндіктен... Анашымның тағдыры, Арман асып арнадан... Үміт жібін жалғаған, Он сегізге толмаған, Бақытының күрмеуін, Есенсайда жалғаған. Анашымның тағдыры, Тамашаға тамсанып... Қызмет қылды жан салып, Ана атану аңсары, Тұрмысқа шыққан соң Төрт-бес жылдай телміріп, Жас нәресте аңсады... Анашымның тағдыры, Таңы мәнсіз атады... Аңсап қызылшақаны, Жас мүшелге тақады, Бір емшіге апарды, Демеп бір сырқат апаны... Анашымның тағдыры, Алыс қонбай қауіптен... Мұң кеудесін жауып кең, Үміт жанып дәу күткен, Бойға сәби біткен-ді, Демін салған тәуіптен... Анашымның тағдыры, Тым тарамыс тармағы... Балалары – бар бағы, Дүр ғұмырын арнады, ГҮЛІМ, АСҚАР, ЕСТӨРЕ, Ақ үмітін жалғады... Анашымның тағдыры, Бір Аллаға сүйенген... (Жары түске жиі енген...) ГҮЛІМ тапты жиендер, НҰРБОЛ, НҰРЛАН, НҰРБЕГі, ҚҰНЫПИЯ күйеуден... Анашымның тағдыры, Күнде жиын – Күлтөбе... (Сарай жалғап күркеге), Ұшқын шашқан білтеге, ГҮЛІМінің дәп өзі, ӘЙГЕРІМі бір төбе... Анашымның тағдыры, Құс қанаты қайырылған... Қара нардай шойырылған, Жігер-күші майырылған, ЕСТӨРЕден көз жазып, АСҚАРынан айырылған... Анашымның тағдыры, Табан тиіп шеңгелге... Запыранға тең келген, (Қайғы бұлтын өңгерген), ЕСТӨРЕсін еске алды, АРАЙЛЫМын көргенде... Анашымның тағдыры, Тауқыметтің безбені... Ұлы дала кезгені, Бақытты да сезбеді... АҚҚЫМБАТ, ЕРЛАН, АЙЫМГҮЛ, АСҚАРының көздері... Анашымның тағдыры, Көз жасымдай төгілген... Мамық кешкен шегірден, Еске түссе – егілгем, Ғұмырбайы көргені, Қара бейнет жегілген... Анашымның тағдыры, Қазақ қызы қаршадай... (Екі беті алшадай...) ...Қырау басқан бар самай, Жетпіс сегіз қыс келді, Ғасыр ассын шаршамай... Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, Алматы қаласы,