ҰЛЫ АБАЙДЫ ПІР ТҰТҚАН…

338
0
Бөлісу:

Бұл тақырыпта қалам тербеймін деп мүлде ойлағам жоқ. Және бұл мақаланың жазылып, жеке мұрағатымда жатқанына да екі жылдан асыпты. Оған Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» атты сын мақаланы жариялағаны үшін журналист Мұратхан Кенжеханұлының біраз қыспаққа түскені себеп болды. Осы мақаладан кейін «Шығыс-ақпарат» ЖШС-нің директоры Ирина­ Якунина­ оның соңына шам алып түсіп, сөгіс те жариялады. Сол-ақ екен: «Егемендік алғанымызға 26 жылдан асса да, мынау не деген сұмдық?», «Шындықты айтып, шырылдағаны үшін жазалауға бола ма?», «Осы қылығы арқылы Якунина ұлт араздығын қоздыруы мүмкін», «Оны сотқа беру керек» деген сияқты сан алуан сұрақтар мен пікірлер БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде қарша борады. Сол кезде мұндай әділетсіздікті көре тұра: «Шіркін, егерде шығыста Бердібек Мәшбекұлы әкім болып отыратын болса, бұндай сорақылыққа жол берілмес еді ғой…» деп, көңілі құлазыған жандар аз болған жоқ. Әрине, бұл оқиға бізді де бейжай қалдыра қоймады. Осы жағдайдан кейін көз алдыма  Бердібек Мәшбекұлының Шығыс Қазақстан облысында ұлы Абайға, ұлтқа және ұлт руханиятына сіңірген жанқиярлық еңбегі тізбектеліп қағаз бетіне түсті. Алайда белгілі бір себептермен баспасөзде жариялаудың реті келмеді.  Ал енді бүгінгі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын бүкілхалықтық деңгейде атап өтуге пәрмен берген кезеңде осы колжазбамды баспасөзге ұсынуды жөн көрдім.

ҰЛАҒАТ

Иә, жарықтың қадірін сөнген соң, жылудың қадірін тоңған соң білетін әдетіміз бар емес пе қашаннан. Сондықтан да айтар ойымыз бен мақсатымыз түсінікті болу үшін жылдар­ жылнамасын сәл артқа шегеріп барып бастағанымыз жөн шығар…
1999 жылдың қараша айында­ Шығыс Қазақстан облыстық бас кеден басқармасына қарасты «Ауыл» кеден бекетіне басшылық қызметке тағайындалдым. Бұл кез Семей қаласының облыс орталығы мәртебесінен айырылып, жұтаңдана бастаған уақытына тұспа-тұс келді. Сол кезде Семей облысы тарағанына екі жылдан асса да, «Ұлы Абай туған өлкеге облыс орталығы мәртебесін қайтару керек» деп дабыл қаққан ­дауыстар жаңғырығы әр жерден естіліп жататын. Алғашында өз басым да осындай пікірде болған едім. Алайда қызмет барысында ұлттық мүддеге байланысты талай проблемалармен бетпе-бет келген сәттерден кейін ғана көп нәрсеге көзім жетті. Сонда ғана Елбасымыздың еліміз бен жеріміздің ертеңіне және ұлт болашағы мен ұлттық мүддеге ерекше маңыз берген көрегендік саясатына тәнті болдым.
Иә, Өскемен мен Семей қаласы­ның арасындағы алшақтық 200 шақырымдай ғана болса да, айырмашылығы экономикалық дамуы тұрғысынан да, халқының әлеуметтік жағдайы мен менталитеті жағынан да жер мен көктей екені көзге батпандай көрініп тұратын. Әсіресе Өскеменге жиналысқа барған кезде жол бойы қазақша сайрап келе жатқан тіліміз қалаға кірген бетте күрмеліп, орысшаға ауып кете беретінбіз. Жиналыстарда амалдың жоқтығынан тек орысша ғана сөйлеуге тура келетін. Себебі қазақша түсінетін аудитория жоқ. Күллі бір басқа мемлекетке келгендей әсерде боласың. Тіпті көшелер мен ғимараттардың атауынан да қазақ руханиятының иісі онша сезілмейтін. Әрине, жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы 10 пайыздан­ енді ғана аса бастаған жерде ұлт мүддесі туралы ауыз толтырып айтатын­ не болушы еді. Бейнелеп айтар болсақ, облыс орталығында ұлттық руханияттың белесі сезілмей, елесі ғана көзге ­шалынатын. Сол кезде­ ел арасында:­ «Шығыс Қазақстан ­облысына ұлт мүддесіне шын ниетімен жаны ашитын­ әкім қашан келер екен?» ­деген сияқты тілеулес сөздер де арагідік айтылып қалатын. Көпшіліктің сол арманы 2009 жылдың наурыз айында­ жүзеге асты. Облысқа Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының әкім болып тағайындалуы нәтижесінде өзіміз тілге тиек етіп отырған мәселеде үлкен бетбұрыс жасалды.
Бердібек Мәшбекұлы әкім ­болып тағайындалғаннан кейін бір апта уақыт өтпей жатып, алғашқы сапарын Абай ауданынан бастады. Кезінде өзіміз кеден саласын басқарған кезде ұстаз тұтып, етене жақын сыйласқаннан кейін ағамызды Жидебай­дан тосып алдық. Бұл лауазымға министрдің орынтағынан келсе де, еш өзгермеген, баяғы қарапайым қалпы. Жанында­ еріп жүрген аудан әкіміне біздерді «кедендегі шәкірттерім ғой» деп таныстырғанының өзіне кәдімгідей марқайып қалдық. Бердібек Мәшбекұлы осы сапарында шариғат жолымен құрбандық ­шалып, ұлы ақынның рухына құран бағыштады. Ауыл ақсақалы батасын берді. Әрине, облысқа келген жаңа әкімнің Жидебайға жасаған алғашқы сапарын­ көпшілік өте жылы қабылдап, имандылыққа және жөн білетіндікке жорыды.
Сондай күндердің бірінде Бердібек Мәшбекұлының сол кездегі көмекшісі Ержан Жылқыбаев жұмыс бабындағы шаруамен (қазіргі уақытта Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары) хабарласқан еді. Әңгіме арасында ертең Зайсан ауданына жолсапарға шығатындықтарын айтты. Сол кезде менің есіме Зайсан қаласында ұлы Абайдың шөбересі Күлзипа Сраилова­ апамыздың тұратыны есіме түсті. Сөздің реті келгенде: «Осы ақпаратты ағамызға құлаққағыс ете саларсың. Ар жағын ағаның өзі біледі ғой» дедім. Айтқандай-ақ, ертесі күні бүкіл ­Зайсан ауданы, одан кейін облыс, республика шулап жатты. «Сапарбаев Зайсан ауданына барған сапарында бірінші кезекте Абайдың шөбересінің үйіне барып, шапан жауып, батасын алыпты» деген ақпарат жарықтың жылдамдығындай екпінмен тарады. Сол әсердің екпінімен біз де қолымызға қалам алып, «Егемен Қазақстан» мен «Алаш айнасы» газеттеріне «Сапарбаев ­сапарында Абайын іздеп жүреді» және «Абай ұрпағына көрсетілген ұлағат» атты мақалалар жариялаған едік.
Бердібек Мәшбекұлының осы ­сапары шынымен де жергілікті халықтың бойына кәдімгідей жігер құйып, рухани серпін берді. Себебі осыған дейін облысқа келген бірде-бір әкім Абайдың ұрпағын іздеп, мұндай құрмет көрсетпесе керек. Және де осы сапарында Бердібек Мәшбекұлы аудан басшылығына Күлзипа апаны өз қамқорлықтарына алуды тапсырады. Жаңа басшының осы әрекеті облыс көлемінде өздерін «идеология майданының сарбазымыз» деп жүрген талайлардың мысын басып тастады.
Аталмыш оқиғадан кейін ұлы Абайға туысқандық жағынан жиен болып келетін Балташ Ерсәлімов ақсақал мені үйіне шақырды. Өзі белгілі қаламгер және өте еңбеққор әрі ізденгіш адам. «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» кітабының авторы және «Әлемнің Абайы – қазақтың ақыл-ойы» кітабының құрастырушысы. Сонымен қатар бірнеше жыл Абай қорының ­директоры, президенті қызметтерін атқарған. Өз басым Құнанбай мен Абай ұрпақтарына байланысты көп деректерді сол кісіден алған едім. Әңгіме арасында өмірдің талай ащысы­ мен тұщысын басынан өткерген Балташ аға маған жымия қарады да: «Күлзипа апамыз жөніндегі ақпаратты ол кісіге сен бердің-ау, ­шамасы» деді. Мен шынымды айттым. Содан кейін сөзін қайта жалғап: «Біздің облысқа Бердібек Сапарбаев­пен бірге ұлттық рух келді деп ­ойлаймын. Енді Шығыстың шырағы жанатын шығар» деді ризашылығын жасыра алмай.

МЫҢМЕН  ЖАЛҒЫЗ АЛЫСЫП…

Иә, көпті көрген Балташ ақсақал қателеспепті. Іле-шала ­облыс орталығынан «Өскеменде Абай ескерткіші орнатылатын болыпты», «мешіт салынады екен» деген жылы хабарлар желдей есе бастады. Мұндай жаңалықты естігенде бойымызға қан жүгіріп, бәріміз де кәдімгідей желпініп қалдық. Шынымен де араға көп уақыт салмай-ақ облыс әкімшілігі ғимараты алдынан Абай ескерткішінің құрылысы басталып та кетті. Өкінішке қарай, оны қоштағандармен қоса, қарсы шығушылар да жеткілікті болды.­ Әлеуметтік желілерде қийтұрқы мазмұндағы материалдар жауыннан­ кейінгі саңырауқұлақтай қаптай ­бастады. Кейбір материалдардың мазмұнынан шовинистік пиғылдарды да аңғару қиын емес еді. Қарсылық танытушылардың екпіні қатты болғаны соншалық, ескерткіш тұрғызылмай қала ма екен деген қауіптің де көңілімізде қылаң бергені рас. Тура осындай бір айтыс-тартыс белең алып тұрған кезде менің ойыма ұлы хәкімнің «…Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма»… деген өлең жолдары оралды. Сол бір қиын да жауапты­ сәтте Бердібек Мәшбекұлы ерекше ержүректілік пен саяси ұстамдылық ­танытты. Әрине, саяси ахуал қиындаған сәттерде әр басқан қадамы мен айтқан сөзін салмақтай білген адам ғана жауапты сынақтан сүрінбей өтеді. «Ұлт мүддесі» деп жүріп, ұлтараздықты қоздырып алатын болсаң, одан артық өрескел қателік болмайды. Сөйтіп, кезіндегі Абай хәкімнің мыңмен алысқаны сияқты, өзі де мыңмен алыса­ жүріп, ұлы ақынды тағы бір биікке шығарды. Абайдың төрге шығуы арқылы Шығыста ұлттық руханиятымыз да қанатын кеңге жая бастады. Осы орайда хас батырымыз Бауыржан Момышұлының: «Соғыс кезіндегі ең қауіпті қару – адамның рухы» деген киелі сөзі еске түседі. Рух болмаған жерде жеңіс те болмайтыны ақиқат. Осылайша, Бердібек Мәшбекұлының бойындағы ата-­баба қанымен дарыған ұлттық рухтың нәтижесінде Шығыстың шырағы жанды.­

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН  «АБАЙ» ЖУРНАЛЫ…

Иә, әңгіме төркіні ұлы Абайға қатысты болғандықтан, мына бір оқиғаны да тілге тиек ете кетпеске­ болмас.­ Семей қаласында өзімнің үзеңгілес досым, «Абай» журналының бас редакторы, белгілі ақын Мұратбек Оспановпен жиі кездесіп жүрдім. Көңіліміз рухани жағынан жақын болғандықтан, әдебиет пен шығармашылық тұрғысында кеңінен көсіліп, сыр шертетінбіз. Бірде ол әңгіме арасында журналдың материалдық-қаржылық жағдайы күннен-күнге қиындап бара жатқанын қынжыла айтты. Әрине, республикадағы ұлы ақынның атын ­иеленген және өзіндік тарихы бар жалғыз журналдың ахуалы­ мені де қатты алаңдатты. Содан сөздің реті келгенде: «Бердібек ағаға хат жазып, неге кіріп шықпайсың? Ол кісінің әдебиет пен өнерге, ұлы Абайға деген құрметінің ерекше екенін жақсы білесің ғой» деген ой тастадым. «Дұрыс айтасың, шынымен­ ­солай жасап көрейін» деп, ол да қостай кетті. Хат та лезде дайын болды. Әкімнің қабылдайтын уақыты белгілі болғаннан кейін екеуміз Өскеменге жол тарттық. Мұратбек Оспановты­ Бердібек Мәшбекұлы өте жылы қабылдады. Журналдың қаржылық ахуалына түсіністікпен қарап, сөзге келместен көмектесуге уәдесін берді. Және сол айтқан уәдесінде тұрды да. Сөйтіп, «Абай» журналы қаржылық тығырықтан аман қалды.
Өкінішке қарай, осы материалды­ жазу барысында Мұратбек Оспанов досыма хабарласқан едім. Амандық-саулықтан кейін журналдың қазіргі хал-жағдайын сұрадым. Сол кезде:­ «Бердібек аға кеткелі «Абай» жур­налының­­ да берекесі кетіп барады­ ғой…» деді ішіндегі күйінішін жасыр­май.­ Осы орайда жарық көргеніне 100 жылдан асқан «Абай» журналы өмір сүруін тоқтататын болса, онда елдігімізге үлкен сын болатыны ақиқат, әрине…
Бердібек Мәшбекұлымен арамызда­ ағалы-інілі сыйластық басталғалы бері бір байқағаным, айтар ойың мен идеяң жақсы болса, әрдайым қолдау көрсетуге дайын тұрады. Сөзіңді ыждағаттылықпен тыңдайды. Көңілінен шыққан жағдайда, көп ­созбай, дер кезінде жүзеге асыруға тырысады. Тіпті ­газет бетінде жақсы мақалаң жарық көріп жатса,­ оны да оқуға уақыт ­тауып, жылы пікірін білдіреді. Сонда бір марқайып қаласың. Соның бәріне қалай уақыт тауып­ жүргеніне тәнті боласың. ­Мысалы, бірде маған Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы мектепте­ директордың орынбасары ­болып істейтін ­Бауыржан Ешмұхамбетов ­деген жігіт жолығып, «Қазақстан ­тарихы сабақтарында қолданылатын кестелер мен графикалық сызбалар» атты оқу құралының қолжазбасын көрсетті. Қарасам, жаңа әдістеме тұрғысында жазылған оқулық кітап екен. Сызбалар арқылы он томдық тарихты бір кітапқа сыйғыза білген. Әсіресе, бірыңғай ұлттық тест тапсырушылар үшін таптырмайтын дүние. Алайда оны жарыққа шығару үшін қаржы тапшылығы қолын байлап тұрғанын жасырмады. Мен кітапты алып, Алматыдағы «Білім» ­баспасына келдім. Кітапқа рецензияны­ қазіргі уақытта ­Семей мемлекеттік университетінің ректоры, т.ғ.д.,­ профессор М.Еспенбетов пен ­Семей мемлекеттік педагогикалық институтының М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер­ ғылыми орталығының директоры, доцент М.Каримов жазған болатын. Баспа директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы кітапты парақтап отырды да: «Жақсы дүние екен. Баспадағы қаржы тапшылығына қарамастан, шығарып берейін. Сұранысқа ие болатынына күмәнім жоқ» дегені. Көп ұзамай-ақ кітаптың жарыққа шыққаны жөнінде сүйінші сұрап, үлкен азаматтық ­танытты.
Бірде Бердібек ағамыздың қабылдауына бардым. Өзіммен бірге аталмыш кітапты және Абайдың алғашқы кітабының шыққанына 100 жыл толуына байланысты тарихи ­материалдарды ала келген едім. Сөз арасында Бауыржан Ешмұхамбетовтың сиясы кеппеген жаңа кітабын көрсеттім. Кітапты қолына алған бетте­ ыждағаттылықпен барлық бетін асықпай парақтап шықты да: ­«Ауылда жүрген қарапайым мұғалімді осы еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа да ұсынуға болады ғой» деді ризашылығын білдіріп. Содан кейін сөздің реті келгенде: «Аға! Жалпы біздер Абайды ұлықтау барысында оның мұрасын сақтап қалған адамды естен шығарып аламыз. Олай дейтінім, Абайдың жазған барлық дүниелерін жинақтап, үлкен еңбекпен Санкт-Петербург қаласынан шығартып әкелген Кәкітай Ысқақұлының еңбегін де ұмытпағаныңыз жөн шығар» дедім. Бердібек Мәшбекұлы бұл ұсынысымды өте жылы қабылдады да, «Қолыңдағы материалдарды тастап кет, бір қарап шығайын» деді. Содан арада көп уақыт өтпестен «Семей таңы» газетінен ­Семей қалалық әкімшілігінде Кәкітай Ысқақұлын есте қалдыру шараларын ұйымдастыру мәселелері бойынша жиын өткенін оқыдым. Көңілім бір көтеріліп қалды.
Тағы бірде ұялы телефоным шыр ете түсті. Қарасам, Бауыржан Ешмұхамбетов екен. Ар жақтан: «Аға, сізге рақмет» деп бастады әңгімесін. Дауысынан бір қуаныштың лебі есіп тұрғаны аңғарылады. «Бүгін аудан әкімі өзіңіз шығартып берген кітабым үшін мені Б.Сапарбаевтың атынан «Алғыс хатпен» марапаттады» дегені бар емес пе. Сөйтсе, Бердібек Мәшбекұлы аудан әкіміне: «Мына «Алғыс хатты»­ бүкіл аудан мұғалімдерінің алдында салтанатты түрде табыс ет, басқаларына үлгі болсын»­ деп тапсырған екен. Бұл ­хабарды естігенде менің де қуанышымда шек болған жоқ, әрине. Бердібек ағамыздың үлкен мәселе, кіші мәселе демей-ақ, еңбек еткен адамдардың маңдай терін меритократиялық қағидатпен бағалап, жігерлендіре білетін қасиетіне тағы да тәнті болдым.

ЕРТІСТЕН ЕСКЕН  ЖЫЛЫ ЛЕП

Бердібек Сапарбаев келгелі облыс орталығына ақын-жазушыларымыз бен журналистеріміз, басқа да өнер адамдары­ ат басын жиі бұра бастады. Ол, әрине, облыс басшысының руханиятты­ жақсы түсініп, жанашырлықпен қарайтындығының нәтижесі. Қолынан келсе бет қайтармайтын адам екенін бәрі де жақсы біледі.
Бердібек Мәшбекұлы жұмыстың бастамасын елдің бірлігін күшейтіп, патриоттық сезімдерін ояту барысында «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге – тағзым» атты акцияларды өткізу арқылы бастады. Бұл өте өнегелі де өрелі шара болды. Аталмыш акцияға облыс аумағында тұратын және осы облыстан шартарапқа қанат қаққан жерлестер ұлты мен ұлысына қарамай бір кісідей атсалысты. Одан кейін руханиятқа мықтап бет бұрылды. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумның өткізілуі үлкен жаңалық болды. Төрт жыл қатарынан «Шығыс шынары» атты жыр мүшәйрасы және «Шығыс жұлдыздары» атты әншілер концерті өткізілді. Соның нәтижесінде поэзия дүлдүлдері мен саз өнері саласындағы таланттар ғана анықталып қойған жоқ, «Шығыс шынары» атты төрт поэзия кітабы мен «Шығыс жұлдыздары» атты екі энциклопедиялық анықтама­лық жарыққа шықты. Оның ішіне шығыстан шыққан әдебиет пен мәдениет, өнер және спорт саңлақтары туралы очерктер мен эсселер енгізілді. Шығыс аспанында шығыс туралы құлақтан кіріп, бойды алатын небір жаңа әндер асқақтады.
Осы орайда «Шығыс энциклопедия­сын» және «Алтай- Ертіс кітапханасы» сериясымен кітаптар шығару жобасын­ ерекше атап өткен жөн. Себебі мемлекеттік тапсырысқа қолдары жетпей, жазған дүниелерін жарыққа шығара алмай жүрген шығыстың талай талантты әдебиетшілері мен ғалымдары өз туындыларын шығаруға мүмкіндік алды. Талай жылдар бойы көлеңкеде қалып келген қаншама жәдігерлер оқырманымен қауышты. Басқа ұлт өкілдері басым тұратын ­аудандарда қазақша аудандық ­газеттер ашылып, ұлт руханиятының бәйшешегі бүр жарды. Қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың қарасы көбейе ­бастады. Әсіресе, мемлекеттік тілді жетік меңгерген басқа ұлт өкілдеріне ­деген құрметтің арта түсуінің нәтижесінде ана тіліміздің болашағы жарқын екендігіне талайлардың көзі жетті. Бұған қоса мәдениеттің үлкен ошағы болып ­саналатын Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма ­театры бой көтерді. Онда белгілі жазушы-­драматургтарымыз бен артистеріміздің шығармалары сахналана бастады. Театрға облыс әкімінің өзі жиі барып тұруы арқылы өнердің еңсесі көтерілді. ­Сондай-ақ­ этнографиялық парктің және бірнеше спорт кешендерінің ашылуы да қаланың рухани сәнін кіргізді. Ал енді Ұлан ауданының орталығы болып саналатын «Молодежный» кентіне Қасым Қайсенов есімінің берілуінің нәтижесінде батыр рухымен бірге жергілікті халықтың да рухы ұштасып жатты.
Қазіргі уақытта қызмет орным басқа қалаға ауысып кетсе де, облыс орталығы Өскемен шаһарына әлі күнге дейін ат басын жиі бұрып тұрамын. Келген сайын қалаға кіре берістегі төбеден ат үстінде қасқайып тұрып, Қаракерей Қабанбай батырымыз қарсы алады. Одан өте бере күмбезі көкпен шағылысқан жаңа үлгідегі мешітті көргенде ислам өркениетінің қанат жайып келе жатқанына мың да бір шүкіршілік етемін. Мешіттің озық архитектуралық үлгімен салынғаны соншалық, қол жайып, зиярат жасамай өте алмайсың. Ал, енді, орталыққа жеткенде ұлы Абайдың жарқын бейнесі анадайдан құшағын жайып тұрады. Кешкілік барамын десең, театр есігі де ашық. Және де бұрынғыдай емес, қала көшелерінен қазақ руханиятының иісі аңқиды. Осы көріністердің бәріне тебірене қараған сайын талантты бір ақынның (авторын таба алмадым):
«Кедейді кедей демеңіз,
Ол мәңгі солай өтпейді…
Тақырды тақыр демеңіз,
Күн шықса ол да көктейді» ­деген тамаша бір өлең жолдары жиі есіме оралады. Шынымен де, еліміздің шығысында бір кездері сағым сияқты көрінген руханияттағы елесіміз бүгінде үлкен белеске айналды. Сол арқылы Алтайда Алаш рухы асқақтады. Кезінде осы жетістіктердің бәріне сүйсінген белгілі жазушымыз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Қалихан Ысқақов ағамыз: «Кенді Алтайға Бердібектей басшы баяғыдан-ақ ­керек еді. Неге десеңіз, оның бойында қазіргі заман әкіміне қажетті барлық қасиет жинақталған. Сонымен бірге елі мен жерін, өз ұлтын жанындай сүйер үлкен жүрек бар…» деп жазған болатын.
Иә, бүгінгі күні ұлы Абайдың рухани дүниелерінің арқасында қаншама ұрпақ жанына жәдігер тауып,­ ғасырлар бойы сусындап келеді. Оның шығармалары арқылы еліміз әлемге ­танылды, ЮНЕСКО көлемінде қаншама ­айтулы шаралар өткізілді. Осылайша, «ҚАЙРАН ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ…» деп жанайғайымен жырлай жүріп, ұлы хәкім қазақ алдындағы барлық парызын­ орындап кетті. Ұлы хәкімнің артта қалдырған баға жетпес мұрасы арқылы Алаш жұрты оған мәңгілік қарыздар болып қалды. Өкінішке қарай, осы бір «қарыз бен парыз» деген киелі сөзді жете сезіне қоймайтын пенделер арамызда­ әлі де жоқ емес. Олай дейтінім, қазіргі уақытта қолында билігі бар кез келген­ шенеунікке: «Қазағың үшін не жасадың? Ұлы Абайдың алдындағы қарызыңды қалай өтеп жүрсің?» ­деген мазмұндағы сұрақтарды қоятын болсаң, талайлары тас жұтқандай күмілжіп қалатыны жасырын емес…
Өкінішті, әрине.

Бекен НҰРАХМЕТОВ,

Қазақстан Журналистеродағының С.Бердіқұлов
атындағы сыйлығының лауреаты

Дереккөз: «Ана тілі» газеті

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

2 × төрт =