Көзбен көрмегенді сөзбен суреттеу мүмкін емес

1022
0
Бөлісу:

– Ассалаумағалейкум, ата!

– Уағалейкумасалам! Әй, қай баласың?

– Қазақпын ғой, ата.

– Қазақ болмағанда, қалмақ емес шығарсың.

– Қазақпын, қазақпын.

– Руыңды сұрап тұрмын, қызталақ.

– Ру сұрамасаңыз, басыңыз ауыра ма, ақсақал.

– Жеті атасын білмеген жетесіз біреу ме, мына неме?

Сөзбен ырғасқан екеуіне бүкіл ел қарап тұр. Ең қызығы, екеуі бір-бірін жақсы таниды. Ана байғұстың бар жазығы осы тойға ауданның арғы басынан келе қалғаны ғана. Ақсақал соны пайдаланып, ру сұрасу атам қазақтың салты екенін еске салғысы келген сыңайлы. Тәмам жұрттың алдында бас салып тергей жөнелгені жас жігіттің қытығына тисе керек. «Қазақ болмағанда, қалмақ емес шығарсың» деген сөзді айтқан шалдың да тілі ащылау ма, қалай.

Қалмақ!..

Қазақ үшін осы сөздің аясына көп нәрсе сыйып тұр. Тарихты оқып отырсаңыз, қалмақ болмаса қазақтың басы бірікпейтін сияқты елестейді. Өз басым тірі қалмақты осыдан отыз жыл бұрын алғаш рет Ашхабадта көрдім. Алматыдан мен барған жиынға, Элистадан ол да келіпті. Сол кезде сыртқы қалыбы да, ішкі мазмұны да біздің «Жұлдыз» журналына ұқсайтын әдеби басылымның бас редакторы екен.

– Біз Қазақстанның үстінен өткенде, сұлу қыздарымыздың бәрін сенің аталарың түсіріп алып қалған, – деді салған жерден.

Сонда сол екеуміз «Сен қалмақсың, мен қазақпын» деп еш мұқасқан жоқпыз. Қайта басқалардың арасында бір-бірімізді бұрыннан білетіндей әжептәуір шүйіркелесіп қалдық. Екінші жолы қолында кішігірім құзіреті бар бір кісіге қатты ісім түсті. Оның өзі де қатты адам екен, айтқаныма көнбей-көнбей әрең көнді.

Екеуміз сол шаруаны аяғына дейін тындырып келу үшін жолға шықтық. Бір жағымыз тау, бір жағымыз жазық дала. Онша таныс болмағаннан кейін әңгімелесіп те отырған жоқпыз. «Ата-бабамыз найзаның үшымен, білектің күшімен қорғап қалған қайран далам-ай» деп ойлап қоям. Қасымдағы кісінің не ойлап отырғаны белгісіз, бірақ ол да біресе тауға, біресе далаға қарап келеді.

Осылай үндеспеген күйі екі таудың арасына келіп кірдік. Екі жақтан қысқан тауға мен де қарадым, ол да қарады. Мен де бірдеңе іздегендей болдым, ол да бірдеңе іздегендей болды. Бұрылыс-бұрылыстағы жартастар біреу алдыңнан атпен шауып шыға келетіндей әсер береді. Осы әсерді тірілткендей, шынында да бір салт атты бала алдымыздан тасырлата шауып шыға келмесі бар ма.

– Ой, атаңа нәлет, ит қалмақ, – дедім тежегішті әрең басып үлгеріп.

Тымырайған серігім бетіме жалт етіп бір қарады да, тыңқ етіп күлді.

Оның көңілін қалай ауларымды білмей келе жатқан мен де ығына жығыла күлдім. «Шаруамды шешіп алсам, көрмегенім сен болсын», – деп қоямын ішімнен. Бірақ ол алдындағыдай емес, маған жылыұшырап қарап, тілі шешіліп әңгіме айта бастады. Әңгімеміз жарасқан соң жолымыз да қысқарды. Талдықорғанға бардық та шаруаны тастай ғып бітіріп, Алматыға қайтып келдік. Көліктен түсіп қоштасарда ол әлгі бір сәтті есіме салып, еш ренішсіз күлімсірей тіл қатты.

– Мен қазақ емеспін, қалмақпын!

Ал, керек болса! Ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. «Атаңа нәлет, ит қалмақ» деген бізде сөздің сірағасына айналып кеткен. Әйтпесе қазіргі заманда оның еш зілі жоқ. Қайта қалмақ көрсек, кәдімгідей іштартып қаламыз. Өздері бірін бірі танитындай ап-аз-ақ халық. Ресейдегі Қалмақ автономиялы республикасында 170 мыңдай, Қазақстанда 73 мыңға жуық, ал қалған достастық елдерінде 190 мың шамасында көрінеді.

Жоңғар!..

Қазақ үшін қалмақ пен жоңғардың көп айырмасы шамалы. Біресе қалмақпен соғыстық, біресе жоңғармен соғыстық деп айта береді. Жоңғар десе жау алыстан келгендей болады, қалмақ десе іргеден шапқанға ұқсайды. Әйтеуір біз олармен жүз жыл соғысыптық. Арада жүз жылдық соғыс болыпты. Егер қазақ болмағанда, Жоңғар атырабында жаңа империя бой көтермекші екен. Одан Қытай да секем алған, Ресей де қауіп қылған. Дала кентаврларын бір-біріне қарсы қойған соғыс содан туындаса керек. Ақыры жоңғар мемлекетінің жер бетінен жойылуымен аяқталыпты.

Біз сол Жоңғар тауының сай-саласында өстік. Бала күнімізде Жоңғар тауының ар жағында дүние жоқ секілді көрінетін. Оның биіктігі аспанмен бірдей. Қазір ауыздан түспей жүрген Орбұлақ сол Жоңғар тауының беломыртқасы сияқты. Шын мәнінде Жоңғар тауы деген тау жоқ. Біздің жақта Жоңғар тауын Арқас тауы дейді. Ұлы империя құрмақшы болған жоңғардың атымен аталып кеткен. Бірақ миға сіңіп кеткен атауды санадан жұлып алып тастау мүмкін болмай тұр. Әйтпесе біздің ауданның ақындары: «Арқас таудың мұзбалақ қыраны едім» деп жырлауын жырлайды-ақ!

Арқас!..

«Көзімді ашып көргенім Арқас тауым», – деп өлеңге қосыпты тағы бір ақынымыз Исламғали Үркімбайұлы. Біздің де көзімізді ашып көргеніміз сол Арқас тауы. Көз ұшында көлбеп жататын Арқас тауына қарамайын десең де қарайсың, көрмейін десең де көресің. Өйткені ол мойныңды бұрсаң болды, көлбеп көз алдыңда тұрады. Қысқасы, біздің бала күнгі әсер бойынша, Арқас тауы тұрғанда, жарты аспан жоқ!

Сол Арқас тауында Қазанкөл деген көл бар. Нағашыларымыз соғыс жылдарында Қазанкөлге қой айдап барады екен. Сонда биік асудан жүктерін қашырға артып өткізеді екен. Себебі, ол жақтың биік тауларынан қашыр мен қой ғана жүре алады екен. Мұны маған кішкене күнімде шешем айтып берген. Бергі бір заманда отар-отар қойды тікұшақпен апарған кездер де болыпты.

Біздің жақтың бір аңызы Қазанкөл, бір аңызы Баркөрнеу, тағы бір аңызы –Орбұлақ. Бәрі осы Арқас тауының ішінде. Қабдеш ағамыздың: «Бұл маңайда биік тау да жоқ. Қалың қол Белжайлаудың бел-белесінен шауып өте бермей ме?», – дейтіні осы жер, осы тау. «Апыр-ай, мына кісі біздің тауды көрмеген екен-ау, көрсе бұлай айтпас еді», – деп ойладым.

Орбұлақ шайқасының 350 жылдығына өзі қатарлы жазушылардың бәрі барғанда, ол кісі бармай қалды. Белжайлауға қарай бет алған керуен, біздің ауылдың басындағы алып ағашқа бір қаңтарылды. Алып ағаштың жуан діңіне Шот-Аман Уәлихан ағамыз бастаған бес-алты адамның құлашы жетпей тұрғанда, мен құлаш жалғап жібердім. Жеті адамның құлашы әрең жететін ағаш та бекер жерге өспейтін шығар.

Қазақтың үлкені де, кішісі де ырымшыл халық қой. Содан-ақ қасиетті жерге келе жатырмыз деп бәрі бет сипасты. Осы ағаштың бұтағында ойнап өскен менің де мәртебем өсіп қалды. Керуен одан өтіп, алдын-ала түзелген жолмен Китіңге құлдағанда екі қаңтарылды. Сонда бір салқындап алып, одан соң Шыңыраудан өтіп, Белжайлауға қарай беттеді.

Шыңырау деген тау мен тасты қашап жол салынған бір асу. Осы асуда 350 жылдыққа келе жатқан кішкене қорапты бір көлік ілгері жүре алмай тұрып қалды. Сонда өзі бізге нағашы болып келетін Тәлей деген жігіт көліктің доңғалағына тас тіреймін деп қайтыс болды. Шыңырауда ондай оқиғалар бұрын да болып жататын деп еститінбіз. Қазір ол асуды түзеп, жөнге келтіріп қойды.

Қабдеш аға айтып отырған Белжайлау Орбұлаққа баратын жолдың бойы ғана, Орбұлақ емес. 350 жылдық осы Белжайлауда болды, себебі Орбұлаққа елдің бәрі бірдей шыға алмайды. Біз бір барғанда тау мен тасқа орғып шыға беретін ұршықтай  УАЗик артқа кетіп қалып, тасқа тіреліп әрең тоқтаған. Қабдеш ағамыз осы жердегі орды жау қамап емес, аң қамап ұстайтын жер деп жазыпты.

Бір жағы ат жүре алмайтын терең шатқал, екінші жағы ұшқан құс өте алмастай биік тау. Арғы-бергі бетті түгел көрген жазушы бұл жерді де көрсе, жаңағы ойынан қайтуы мүмкін. Оның неге олай екені туралы бұрын талай жазылды. Қабдеш аға жоққа шығарады, Бексұлтан аға дәлелдейді. Екеуінікі айтыса-айтыса жеке бастың дауы сияқты көріне бастағаны да өтірік емес. Мен Қабдеш ағаға телефон соқтым да:

– Бұл мақаланы бекер жазыпсыз, – дедім. – Өзіңіз білесіз, біздің ауданның аты әлі күнге дейін Панфилов. Аудан атын Орбұлақ деп өзгертейік деп, енді соған қол жеткізе бергенде бірдеңе шығады. Мәселе Елбасының алдына дейін апарылып, енді бүгін Президенттің де назарына ұсынылып отыр еді. Бұрын да талай жаздыңыз ғой, кішкене шыдай тұрсаңыз болмас па еді?

Эфирде де, өмірде де бірнеше мәрте сұхбаттасқан адамым. Соның бәрінде пікіріміз бір жерден шығушы еді. Әйтеуір ағамыз тура сөйлеген соң, біз де тура сөйлейміз. Бірақ бұл мақалада дау айтқым келіп отырған жоқ. Дауды ағаларымның өзіне қалдырдым! Менің айтайын дегенім басқа нәрсе.

Осы Қабдеш ағамыз бен Бексұлтан ағамыз болмаса, қазақтың мәселесінде кейде бас көтеретін де адам қалмағандай көретініміз шындық. Қабдеш ағамыз ұлттың жоғын жоқтап қаншама дауға араласты. Қазақтың тағдырына қайшы келетін қаншама мәселеге қасқайып тұрып қарсы шықты. Соның бәрі құры атын шығару үшін істелінді деп ойламаймыз.

Бексұлтан ағамыз да басқасын айтпағанда, былтыр-биыл жаңа әліпбидің кем-кетігі туралы көлемді-көлемді үш мақала жазды. Әрі-беріден соң шала-шарпы дайындалған жаңа әліпбидің қайта түзеуге жіберілуіне сол мақалалар да тікелей ықпал етті. Енді болмаған соң жаңа әліпбидің балама нұсқасын жасаймын деп, өзін қара жұмысқа тағы жегіп отыр.

Міне, осындай екі адам, бір кеудені көтеріп тұрған екі қабырға сияқты. Бір қызығы, екеуінің де кейінгі көтеріп жүрген тақырыптары – Шыңғысхан. Екеуі де «Шыңғысхан туралы жазған Тілеуберді Әденайұлыныкі өте дұрыс» дейді. Екеуі де үлкен жиындардың өзін Шыңғысханның жиынына айналдырып жібереді.

Бірақ екеуінің арасындағы қырық жылғы дау әлі бітпеген сияқты. Баяғы айтылған сөз қайта айтылады, баяғы берілген жауап қайта беріледі. Тіпті соңғы мақаланың ішінде «рушыл, тайпашыл» деген сөз де жүр. Қазақтың жан жарасы сияқты осы сөзді басқасы басқа, екеуі бір-бірінің өте ауыр қабылдайтынын жақсы біледі. Өйткені олардың екеуі де рудың, тайпаның ғана өкілі болатын қайраткерлер емес.

Ағаларымыздың бірін бірі мұндай жамандыққа қалай қиып жіберетіні түсініксіз. Осындайда: «Ағалар-ай, Барында аз ғұмырды бағаламай, Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен, Жарықта жайнап тұрған самаладай», – деген ән кеудеңде өзінен өзі боздап қоя береді. Бұл жолдардың жалғасында: «Болғанда халық теңіз шалқып жатқан, Өздерің шырылдайтын шағаладай», – деген сөз тағы тұр.

Біз осы соңғы сөзге көбірек жығылғымыз келеді. Екі ағамыздың арасындағы дауға тереңдеп барғымыз да жоқ. Бірақ бір тоқтам айтпасқа амал да қалмайтын кез болады екен. Оның бір амалы Қабдеш ағамызды Орбұлақтың басына арнайы шақырып апару ғой деймін. Орбұлақ қандай тау екен көріп, ондағы халық не айтады екен біліп, олардың аңыз-әңгімелеріне де құлақ түріп қайтқанның артығы жоқ-ау. Бәлкім: «Осы кісінің дау айтып  жүргеніне отыз жыл болыпты, бір апарып көрсетейікші», – демеген өзімізге де обал жоқ шығар, кім білсін.

Бірақ біздің жақтың халқының Панфилов деген аудан атын Орбұлақ деп өзгертпей тоқтайтын ойы жоқ. Аспан тіреп тұрған тауыңды аттап өте салатындай аласа десе, оған да мойнын алдына салып отыра бермейді. Желдің өтінде, елдің шетінде жатқан аудан бір қаһармандықты бойтұмар еткісі келсе, оған айдалада жатып басқалар неге қарсы болуы керек. Егер осыдан отыз жыл бұрын Орбұлақ шайқасы туралы мәселе осы ауданда көтерілмегенде, батыр бабаларымыздың бұл қаһармандығы мүлдем айтылмай қалуы да мүмкін еді ғой. Шекара түбіндегі халықтың осындай қаһармандықты үлгі тұтқаны, рухының биік болғаны мемлекет үшін де керек емес пе?!

Осының бәрін телефонмен айтқанымда, Қабдеш ағам: «Оны қойшы!, – деді. – Менің дауым ол емес, анау «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітаптағы айтылған нәрселер». Мен: «Оның түбіне кім жетіпті, аға», – дей жаздап іркіліп қалдым. Себебі, одан бері бұл мәселе ашық та, жабық та қаншама рет талқыланды. Егер Қабдеш ағамыз қайта қозғамаса, басқа халық баяғыда ұмытып та кетті.

Ал енді Орбұлақ туралы даудың ауданның атын қазақшалауға тигізіп жатқан зияны орасан зор болып тұр. Өз жерімізде тұрған тауымыздың Арқас деген атын қалпына келтіре алмай бір шаршасақ, ауданымызға қазақша ат беруге шамамыз жетпей екі шаршап жүргенімізді несіне жасырамыз. «Өзіміз қазақпыз. Панфилов ауданында тұрамыз, Жоңғар тауының етегін мекендейміз» десек, мына заманда рухымыз  қайтып көтеріледі?!

Сонымен бірге мына бір үш нәрсені де атап айта кеткенді жөн деп білдім. Біріншісі, қазақтың үлкен адамдары ерге тиісем деп, елге тиіспесе екен. Екіншісі, тарихтан дау шықса, оны ғылыми орталарда ғана талқылап үйренсек  жөн болар еді. Үшіншісі, осы ағаларымыздың дауы біздің буынға ауыспай-ақ қойғаны жөн-ау.

Қабдеш Жұмаділовтің Орбұлақ туралы соңғы мақаласы шыққалы бері аудан жақтан хабарласып жатқан мен қатарлы азаматтардың сөзі де осыған саяды. Жалпы, халықтың тілегін қайтара берген де жақсы емес. Қабдеш ағамызға айтарымызды айта отырып, билікке де осыны құлаққағыс еткіміз келді. Асылы, рухы биік халық  қана шекара түбінде түрлі экспанцияға төтеп бере алатынын ұмытпағанымыз жөн!

Жүсіпбек Қорғасбек

Abai.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

16 − он бір =