Депутат талғарлықтардың тұрмысымен танысты

590
0
Бөлісу:

Астанадан арнайы келген ҚР Парламентінің Мәжілістегі Аграрлық комитеттің мүшесі, депутат Ерлан Барлыбаев Алматы облысы Талғар ауданында болып, бірнеше мекемелер мен кәсіпорындарды аралады. Кездесу барысында кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындарды толғандырған бірқатар мәселелер сөз болды.
Кәсіптің де, мамандықтың түр-түрі көп. Оның ішінде адам денсаулығын қорғап жүрген медицина саласы қызметінің орны бөлек екені белгілі. Сондықтан болар, Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясы­ның мүшесі Ерлан Хайланұлы алдымен ат басын Алматы аймақтық онкологиялық дис­пан­серіне бұрғанды жөн көрді.

Негізі сонау 1984 жылдары қалан­ған бұл байырғы медици­налық мекеменің директоры, медицина ғылмдарының кандидаты Саяхат Олжаев «Ақ жол» партиясы мен БАҚ өкілдерін аталмыш диспансердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып, күнделікті қызмет барысында кездесетін кедергілер мен түйткілдер туралы да ашық баяндап берді.
Айта кетуіміз керек, ден­саулық саласында бүгінгі күні әлем бойынша ең кең тараған онкологиялық, жүрек және балалар ауруларын емдеуге айрықша көңіл бөлінеді. Оның да өзіндік себептері бар, бірінші кезекте біздегі ғана емес, бүкіл жер бетіндегі экологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты адам ағзасына тигізер кері ықпалын айтуға болады. Бұл туралы әлемдегі белгілі ғалымдар мен мамандар айтып, жазып та келеді. Еліміздегі білікті мамандардың айтуынша соңғы 20 жылда елiмiзде онкологиялық ауру көрсеткiшi 1,5 есеге артқан. Жыл сайын 36 мыңға жуық қазақстандық түрлі обыр ауруларына шалдығып, көмек көрсетілгенмен 15 мыңға жуығы көз жұмады екен. Қуантарлығы, медицина саласының дамуына орай соңғы жылдар өлiм-жiтiм көрсеткiшi 20 пайыз төмендеген. Әсіресе сүт безi обыры көп тараған­дықтан көбіне онколо­гиялық аурумен әйелдер науқас­танады. Сүт безі қатерлі ісігі онко­логиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Ма­мандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Ал, ерлер негізінен өкпе, асқазан мен колоректалды обырмен жиi ауыратыны байқалады. Өкініштісі, 70 пайызға жуық жағдайда еңбекке жарамды жастағы азаматтарда обыр ауруы анықталған. Бұл туған-туысқандарына әкелетін қайғы-қасіретті есепке алма­ғанда материалдық тұрғы­дан ғана мемлекетке жылына 20 млрд. теңгеге жуық шығын әкеледi екен. Тәжірибе көрсетіп отырғандай Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстiк және Шығыс Қазақстан облыстарында қатерлi iсiктен өлiм-жiтiм көрсеткiшi өзге өңірлерге қарағанда жиі кездеседі.
Мекеме басшысы Саяхат Тәуірбекұлының айтуынша диспансер ұжымы жылдан жылға күш алып келе жатқан «ғасыр ауруымен» қолдан келген бар мүмкіндікті пайдаланып күресіп келеді. Аймақтық аурухана болғандықтан дертіне дауа іздеп келушілер саны да аз емес. Алматы облысының үлкен бір аймағына қызмет көрсетіледі. Алып қала маңына қоныстанған елді мекендердің саны да жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Диспансер кеңестік кезеңнен келе жатқан облыстық аурухананың ескі бір ғима­ратына ғана орналасуы тарлық ет бастағанға ұқсайды. Облыстық әкімдік бұл мәселені шешіп беруге уәде етіп отырған көрінеді. Қазір диспансердің өз емханасы, стационар бөлімі, зертханасы және басқа да қосымша бөлімдері тұрақты қызмет көрсетуде. Әрине, барлық саладағыдай мұнда да шешілмеген мәселе баршылық. Әсіресе арнайы мамандарға деген тапшылық байқалады. Оларды дайындау соңғы жылдар шұғыл қолға алынғанмен еліміз бойынша бұл мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Аурухана осы салаға қатысты қажетті құрал-жабдықтармен жарақтан­ғанмен кадр мәселесі соны толықтай пайдалануға кедергі келтіріп отырғанын баса айтты. Аурудың белгісіз жаңа түрінің пайда болуы мен біздегі мүкіндіктер болмай қалған жағдайда кейбір зерттеулерді немесе ота жасау үшін шетелдік әріптестер көмегіне жүгінуге тура келеді екен. Әсіресе білікті хирургтер мен медбике мамандар сұранысқа ие. Жасыратыны жоқ, біздегі медицина саласы қызмет­керлерінің айлығы да айтар­лықтай емес, тіпті төмен деуге болады. Сол себепті бұл салаға мамандар жетіспей жататыны рас.
Аймақтық онкология дис­пансерінің жұмысымен жіті танысқан депутат Ерлан Барлыбаев қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланып жатқан ұжым еңбегіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта қызмет­терінің жемісті болуына тілек білдірді. Сол сияқты жылдар бойы талқыланып шешімін тапқан мұғалімдер статусы сияқты дәрігерлердің де мәсе­лесі қоғамда көтеріліп жатқанын айтты. Бұл мәселе де шешімін табады деген сенімін білдіріп, «Ақ жол» партиясы өз тарапынан осыған қолдау көресететінін жеткізді.
Жалпы «Ақ жол» партиясын әдетте кәсіпкерлер партиясы деп те атайды. Ол да негізсіз емес, партия өз жұмысында кәсіпкерлерге жылдар бойы үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын көпшілік жақсы біледі. Өйткені еліміздің экономикасының дамуы бірінші кезекте осы кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Сондай ірі өндірістік кәсіпорынның бірі – «ZETA» компаниясы. Бұрындар сырттай естіп, атына қанығып жүрген үлкен ұжыммен кезде­судің сәті түсті.


Қалың оқырмандарымызға түсінікті болу үшін бұл кә­сіпорын туралы қысқаша мәлі­мет бере кетейік. Қазақ­стан­дық өндіруші «ZETA» компаниясы – 1996 жылдан бастап кең салалы жиһаз, пластикалық және металды өнім шығару бойынша ұлттық нарықтағы тұрақты көшбасшы болып келеді. «ZETA» дүкендер желісі қарқынды дамып келеді және бүгінгі таңда Қазақстанның әр аймақтарындағы 26 қаласында елуге тарта дүкендері бар. Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – үйге және кеңсеге арналған жұмсақ және кор­пустық жиһаз, креслолар, орын­дықтар және үстелдерді өндіру болып табылады. Бұдан басқа, компания мектеп және медицина мекемелеріне, сән салондарына, сондай-ақ, мейманха­налық және мейрам­ханалық бизнеске арналған жиһаз, мәжіліс залдарына және кинотеатр­ларға арналған креслоларды шығару өндірісімен айналысады.
Компания меншігінде сегіз гектар жерде орналасқан өзінің тікелей өндіріспен айналы­са­тын төрт зауыты бар. Өндірістік қуаттылық даму үдерісі және жоғары технологиялық жабдықты алу, сондай-ақ өнді­рістің теңгерімділік стратегиясы арқасында дайын өнімдегі қазақстандық қамту үлесі сексен пайыздан асады. Компания қазір төрт мыңнан аса өнім түрлерін, оның ішінде Еуропаның үздік дәстүрлері бойынша өзіндік жайлылық пен таңдаулы дизайнды ұштас­тыратын итальяндық нағыз былғарыдан, көптеген түрлі-түсті және түрлендірілген маталардан жұмсақ жиһазды да өндіреді.
Бір кездерде небары 50 адамнан ғана тұратын ұжымда бүгінгі күні 2,5 мыңнан астам жұмыс істейді. Мемлекетіміз адамдарымызды тұрақты жұмыспен қамтуды бірінші кезекке қойып отырған кезеңде бұл өте жақсы жетістік дер едік. Оған қоса компанияда істейтін жұмыс­шылардың айлығы өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары және кешіктірілмей өз уақы­тында беріледі. Еден жуатын қызметкерлердің жалақысының өзі 80 мың теңге, ал мамандарға 500 мың теңгеден кем төлен­бейді. Шын айтсақ ауылдар мен аудан орталығы үшін үлкен көрсеткіш, мұндай жоғары жалақы үлкен қалаларда да кездесе бермейді.
«Бүгінгі таңда біз барша Қазақстан бойынша отыратын орындардың көп бөлігін орнаттық, олардың технологияларын компаниямыздың конструкторлары әзірлеген, ал өзіндік бағасы Қазақстан және Орта Азия нарығында үстем орынды иеленуге мүмкіндік беріп отыр. Компания ұжымы­ның ұйытқысын құрап отырған жұмыс тәжірибелері мол, жоғары білікті менеджерлер мен инженерлер. Итальяндық технологияларды, өзге де алдыңғы қатарлы елдер тәжірибесін енгізу, жаңа басқару әдістерін қолдану және икемді марке­тингтік саясаты арқа­сында, компания Қазақстан нарығында үйге және кеңсеге арналған жұмсақ жиһаз, креслолар, орындықтар, медицина меке­мелеріне, оқу орындары мен бала-бақшаларға арналған жиһаз, сондай-ақ, кең ауқымда қолданылатын бұйымдарды өндіріп шығару саласында көшбасшы бола білді. Сол сияқты өз өнімдерімізді Польша, Ресей, Тәжікстан, Өзбек­стан Грузия сияқты шетелдерге экспорттауды бастадық»-дейді компанияның бас директоры Мақсұт Омарбаев. Басшының сөзі босқа айтылмаған. Өзінің 24 жылдық тарихында тұңғыш рет Республикалық «Алтын сапа» байқауына қатысып, өткен жылы осы жоғары белгінің бірден иегері атанғаны осыған нақты дәлел.
Бүгінгі күнгі талап бойынша кез келген кәсіпорын эколо­гиялық талаптарды қатаң сақ­тауға міндетті. Бұл тұрғыдан компания тұрмыстық қалдық­тарда көптеп кездесетін пластикалық заттарды қайта өңдеп іске асыруды қолға алған. Жүз жыл жер астында жатса да шірімейтін пластиканың залалы мол. Сондықтан оны өндірісте қайта пайдалану ұтымды әдіс. Пластикалық шикізатты қымбатқа сатып алмау қаржы үнемдеуге де септігін тигізері сөзсіз.
Депутат Ерлан Барлыбаев осы сапар барысында Талғар аудандық әкімдігінде болып, тұрғындармен кездесіп олардың талап-тілектерін тыңдады. Олардың тілектерінің басым бөлігі баспана, жер учаскелері, газдандыру сияқты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер төңірегінде болды. Баспана демекші, депутат аудан орталығында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жақтқан құрылыс алаңын да барып көрді. «ГунСтройсервис» ЖШС әрқайсысы 60 пәтерлі бес үйдің құрылысн қолға алып, оның біреуін пайдалануға беріпті. Аудан бойынша баспана құрылысы өзге жерлерде де жүріп жатқанын байқадық. Талғар ауданы тұрғындарының тұрмысымен танысқан депутат Ерлан Барлыбаев келесі кезекте өзге де аудандарды аралап, оларды толғандыратын мәселелерді саралап, оның шешу жолдарын қарастыра отырып өзінің алдағы жұмыс жоспарына енгізбекші.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

екі + 14 =