Қазақ зиялыларының көрнекті үлгісіндей еді...

Көрнекті ғалым, қазақ ғылымының қара нары Өмірзақ Айтбайұлы ағамыз да өмірден өтіпті. Нартұлғасымен, келісті кескін, зиялы келбетімен кез келген ортаны бір өзі толтырып тұратын көрнекті ғалым еді.. Әншілер қызығардай әдемі қоңыр дауысымен күмбірлеп сөйлеп кеткенде, қиядан шауып, қисынын тауып, тереңнен толғағанда елді ұйытып жіберетін. Әншілер қызығардай деп тегін айтқан жоқпыз, Өмірзақ Айтбайұлы ән айтқанда қазіргі көкірек қағып жүрген көп әншілеріңіз жолда қалады. Айтпақшы, белгілі қырғыз режисссері Болат Шәмшиевтің "Ыстықкөл қызғалдақтары" көркем фильміндегі әйгілі актер Сүйменқұл Чокморов орындайтын бас кейіпкердің айтатын Біржанның "Теміртас" әні осы Өмірзақ көкеміздің шырқауында жазылып алынған. Болатбек Шәмшиев Өмекеңнің "Теміртас" әнін орындағанын тыңдағанда бірден құлаған екен... Өмірзақ ағамды мен былтыр күзде Халықаралық Қазақ тілі қоғамының 30 жылдық мерекелік пленумында көрдім. Соның алдында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңесте Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, ол үшін Атазаңымыздан орыс тілі туралы бапты алып тастауды талап еткен мені Халықаралық Қазақ тілі қоғамы мерекелік пленумдарына арнайы қонақ ретінде шақырып, "Ана тілі ардағы" медалымен марапаттады. Ал бүкіл зиялы қауым, тіл жанашырлары жиналған Халықаралық Қазақ тілі қоғамы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы қаулы қабылдады. -Ұлттық кеңестегі сөзіңді тыңдадық. Айтып жүрген кеңестеріміз іске асырдың. Жарайсың!-деді Өмекең риза кейіппен. -Рахмет көке. Жолда келе жатып, интернет ақтарып ем, біз Мұқтар Шаханов ағамыз бастап, 2011 жылы көтерген Конституциядан орыс тілін алып тастау туралы мәселені сіз 2009 жылы газетке сұхбат бергенде айтқан екенсіз, рахмет!-дедім. -Е-е, айтудайын айтып келеміз ғой, іске асырар билік болса-деді ағамыз қабағына кірбің ұялап... Қазақтың зады зиялы дегеніндей, Өмірзақ ағамыз тумысынан бекзат еді. Ол әр сөзінен де, ісінен де айқын аңғарылып тұратын. Қазақ зиялыларының көрнекті үлгісіндей еді... Елімізге белгілі көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбайұлы өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі бола білді. Қазақ тіл ғылымының қара нары ғылымымызға мол асыл қазына қалдырды. Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті бола жүріп, мемлекеттік тіліміздің лайықты заңды төріне шығуы үшін қажымас қайрат танытты. Өмірзақ Айтбайұлы сонымен қатар Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де (1981–1991 жж.) 550-ден астам ғылыми еңбектің, 21 кітап пен монографиялардың авторы ретінде терминология саласында тер төгіп, үлкен үлес қоса білді. Өмірзақ Айтбайұлы бірнеше президент сайлауында қазақ тілінен сынақ алу комиссиясының төрағасы ретінде Елбасымыздан бірнеше рет емтихан алған ғалым. Өмірзақ Айтбайұлы қоғамдық-саяси өмірге де тығыз араласып, біздің "Ақ жол" партиясымен де жақсы байланыста болды. Алашқа арналған алғашқы жиынымыздан бастап, мемлекеттік тілге арналған, тағы басқа түрлі ғылыми конференцияларымыздың төрінен табылып жүрді. 2000 жылы, осыдан 20 жыл бұрын "Қазақ үні" газетінің алғашқы нөміріне қазақ зиялыларымен бірге құттықтау жазып беріп еді. Кейін де газетімізбен тығыз байланыста болып, ағалық ақыл-кеңестерін айтып жүрді. "Қазақ үні" газетінің бір жылдық тұсаукесерінде өзі арнайы келіп құттықтап, Ақ жол тіледі. Туған жер қадірін, Отырар мен Түркістанның қасиетті құндылығын ұлағаттап жүретін Өмірзақ көкеміз өзінің өсиеті бойынша киелі Арыстан бапқа жерленеді. Жаназа сонда сенбіде оқылады. Өмірзақ Айтбайұлының отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, алды пейіш, арты кеніш болғай. Иманы саламат болсын! Алла алдынан жарылқап, артының қайырын берсін! Қазыбек ИСА, Қадірлі ағайындар! Көрнекті ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлы өмірден озды. Қонақасы бүгін сағат 20-00-де Қалқамандағы "СҰЛТАН САРАЙЫНДА" болады. Қоштасу ертең Ғылым ордасында, сағат 10-00-де өтеді. Жаназасы сенбіде Арыстан бапта болады.