ПРЕЗИДЕНТТІҢ «АБАЙ ЖӘНЕ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ МАҚАЛАСЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ШЫҚТЫ – Б.АЯҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланғаны белгілі. Осы орайда президенттің мақаласына тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Strategy2050.kz АА-ға пікір білдірді. Оның айтуынша, президент өз мақаласында ХХІ ғасырдағы Қазақстан қандай болуы керек, қай жолмен дамып, қандай ел болуы керек деген сауалға жауап тапқандай.
Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы дер кезінде шықты – Б.Аяған
"Қазіргі уақытта әр қазақты ХХІ ғасырдағы қазақ елі қай жолмен дамуы керек, қандай ел болуы керек, ұлттың келбеті қандай болу керек деген сауал алаңдатуда. Осы орайда, менің ойымша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы дер кезінде шығып отыр. Мақаланың аты "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан". Оның негізгі ойы бір жағынан бізге Абайды біліп, игеру болса, екінші жағынан қазіргі ХХІ ғасырдағы Қазақстан қандай болуы керек, біздің жасап жатқан қадамдарымыз қай бағытта болуы керек деген сауалдарға жауап іздеу. Менің ойымша, ол осы мақаласы арқылы сқрақтарға жауап тапқандай. Профессордың айтуынша, мемлекет басшысы өз мақаласында Абайдың тойын жай өткіншек той ретінде ғана емес, елдің рухани дамуына септігін тигізетін маңызды шара ретінде қарауымыз тиіс екенін атап өткен. "Аталмыш мақала "Ұлттық болмыстың үлгісі", "Мемлекет ісінің мүдделері", "Әлемдік мәдениеттің тұлғасы", "Торқалы тойдың тағылымы" деген бөлімдерден тұрады. Және мақаланың әр бөлімі арнайы бір мәселелерге тоқталған. Соның ішінде "Торқалы тойдың тағылымы" деген бөлімде президент Абайдың сөзін, ойын айта келе, бұл тойды біз жай өткіншек той ретінде емес, өте бір маңызды шара ретінде қарауымыз керектігін айтады. Ол өз мақаласында былай дейді: "Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз".Сонымен қатар тарихшы өз сөзінде мемлекет басшысының мақаласында көрсетілген шараларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, мерейтой қарсаңында Абайдың мұрасын ұлықтау мақсатында мұндай шаралардың өткізілуі - заманауи қазақ елінің дамуына жол ашпақ. "Биыл республикалық деңгейде Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде түрлі конференциялар өтпекші. мәселен, тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін "Абай мұрасы және әлемдік руханият" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын айтуға болады. Сонымен қоса, қазан айында елордада өтетін "Абай және рухани жаңғыру мәселелері" деген тақырыптағы халықаралық конференцияны атап кету керек. Бұл президенттің айтуынша, бұл конференциялар Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашады", - деді профессор.Сондай-ақ ол мақалада мемлекет басшысы еліміздегі білім саласына баса назар аударып, оны Абайдың білім-ғылымға қатысты еңбектерімен байланыстырғанын атап өтті. "Мақалада мемлекет басшысы Абайдың білімге, ғылымға деген құштарлығын айта келе, қазіргі жастарды ғылымға, білімге ұмтылуға шақырды. Абайдың ілімдері университеттерде, колледждерде, басқа да оқу орындарында оқытылады. Сондай-ақ ол тамыз айында елордада өткен конференцияда да білім саласындағы жетістіктермен қоса кемшіліктер де бар екенін атап айтқан болатын. Сонымен қатар "Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылдануы білім саласын дамытудағы басты бағыттардың бірі екендгін көрсетеді. Маған ғалым ретінде ұнағаны, президенттің Абайдың философиялық-саяси ойларын бір жолға түсіргендігі. Ол осы Абайдың ойларына үңілу арқылы болашақта біз қандай мемлекет құруымыз керек және де келешекте қазақтың келбеті қандай болуы керек деген қиын сұрақтарға жауап тапқандай болып көрінеді", - деді ол.Сонымен бірге профессор мерейтой аясында еліміздің шығыс өңірінде болатын бірқатар өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, президенттің Абай мен Шәкірімді дүниеге әкелген аймақтың тарихи орталыққа айналдыруы - қуантарлық жайт. "Сонымен қоса мақаладағы керемет ойдың бірі Семей қаласын тарихи орталыққа айналдыру. Шығыс Қазақстан облысындағы Семей өңірінде үлкен саяси жаңалықтар, өзгерістер болуы тиіс. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған жер айрықша құрметке лайық екендігі айтылады. Осы орайда сол жаққа жол салынған болатын. Бірақ тағы да жолдар салынады. Сонымен бірге мақалада Жидебайды мерейтой жылы аясында абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау қажеттігі де баса айтылды", - деп атап өтті.Сонымен қатар тарихшының айтуынша, Жидебайда музейге арнайы лайықталған "Абай мұрасы" ғимаратының салынуы - Абай мұрасын одан әрі жаңғыртуға септігін тигізбек. "Президент мерейтой аясында Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керектігін баса айтып өткен. Сондай-ақ тағы бір жақсы жаңалық, Жидебайда музейге арнайы лайықталған "Абай мұрасы" атты жаңа ғимарат салынады. Бұл да Абай мұрасын одан әрі жаңғыртуға септігін тигізбек", - деді Бүркітбай Аяған."Сонымен қатар Тоқаев мақаласындағы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған "Абай" журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілу керектігі жөнінде айтты. Кезінде Алаш қайраткерлерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың Абайдың үйінде жиі болуы, сол кездегі алаш көсемдерінің Абайдың шығармаларымен танысып, туыстарымен бірігіп оның кітабын шығаруынан мен Абай мен кейінгі буын көзқарастарында рухани сабақтастықты, рухани жалғастықты көремін. Абай ойымен қазақты оятса, қазақтың қандай болуы керектігін айтқан болса, алаш қайраткерлері соны іске асырғандай болып көрінеді. Сондықтан осы мақалада Әуезов пен Аймауытовты атап кетуі өте орынды", - деді тарихшы.Сонымен қатар мақаладағы Абайдың мерейтойын тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша атап өтуге тапсырма беруі - Абайдың жер-жаһанға танылып, қазақтың мерейін асқақтата түспек. "Мерейтой аясында көптеген шаралар өткізіледі. Олар тек Семей өңірінде ғана емес, республиканың барлық аймағын қамтитын болады. Шетелде жұмыс істеп жатұан біздің дипломатиялық корпусқа, өкілдіктерге көптеген тапсырма берілді. Өзінің мақаласында ол "Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан "Абай орталықтарын" құру жоспарланып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру қажет екендігін бас айтып өтті", - деді Аяған Бүркітбай.