Сабина ПАК: Мемле­кеттік тілдің екінші орынға ысырылып келе жатқаны қынжылтады

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Қызылқұм ауылында өмір есігін аштым. Отбасымызда кәріс, қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлесеміз. Алты жасымда қазақ мектебіне бардым. Достарымның барлығы – қазақ, қазақ тілін ерекше жақсы көремін және еркін сөйлеймін. Тіпті қазақ тілінде өлең де жазамын. Туған ағам Тимур Абайдың барлық өлеңі мен 45 қара сөзін жатқа біледі. Соның арқасында республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Екеуміз хәкім Абайдың сөздерін, оның ішінде отыз бірінші қара сөзін кәріс тіліне аудардық.

Қазіргі таңда университетте қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқып жатырмын. Өйткені қазақ бола тұра, өз ана тілінде сөйлемейтін жастардың көптігі мазалайды. Сондай-ақ мемле­кеттік тілдің не себепті екінші орынға ысырылып келе жатқаны қынжылтады. Сол себепті, қазақ тілін жетік меңгерген, ұлтына адал қызмет атқара алатын жеткіншектерді тәрбиелегім келеді.

Сабина ПАК, Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Дереккөз: "Ана тілі" газеті