Қазақ тілі үшін күрестің алгоритмы - Жұлдызай Форт

Желіде қазақ тілділерді дискриминациялау жайлы мәлімет көп, бірақ осы туралы пост, коммент жазғанда көбіне қазақтар болған келеңсіз жағдайларды сипаттаумен шектеледі, яғни сол келеңсіздіктерді түзеуге түк әрекет жасамай, ухілеп-ахылап отыра береді. Әрине бұндай жағдайда, ана тіліміздің дағдарысты ахуалы жақсы жағына өзгермейді. Қазақ тілінің басымдылығы – ол қазақтардың жұмысты болуы, әлеуметтік жағдайының жақсаруы, ұлтымыздың сақталып, дамуы – осы түсіну қажет. Орыс тілі ресми және ұлтаралық қатынас тілі деген нормалар ҚЗ заңдарында жоқ - бұлай деу бос сөз! ҚР Ата Заңының 7-бабының 2 тармағында: «Орыс тілі - ресми тіл» деп жазылмаған, тек қана: « Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі РЕСМИ ТҮРДЕ қазақ тілімен тең ҚОЛДАНЫЛАДЫ», – деп жазылған, осыны ұғу керек! Ана тілі үшін шын мәнінде күресіп жүргендердің іс-әрекеттерін сараптасақ, мынандай алгоритм анықталады: 1. ҚЗ Мәдениет және Спорт министрлігінің тіл саясаты комитетіне egov.kz арқылы жазбаша түрде өзіңіз тұратын облыстың арнайы кестеге сәйкес іс жүргізуді мемтілге, яғни қазақ тіліне қашан, қандай құжаттардың негізінде көшірілгені туралы сұраныс жіберу 2. Үнемі өзімен тіл туралы заңдардан үзінділерді және меморгандардың жауаптарын қазақ, орыс тілдерінде алып жүру 3. Жәбірлеушіге заңдарға жүгініп, меморгандардың жауаптарын көрсетіп, ескерту жасау 4. Құқық бұзушыны бейнежазбаға түсіру 5. Өкілетті органдарға egov.kz арқылы жазбаша, заңдарға жүгініп шағымдану 6. Жәбірлеушінің басшысымен және өкілетті органның жетекшісімен кездесіп, жағдайды сипаттау, деректермен (бейнежазба, заңдардан үзінділер, меморгандардың жауаптарын) таныстыру 7. Барлық материалдарды әлеуметтік желіге салып, қазақ қоғамының назарын аудару 8. Қазақ БАҚтарына хабарлау 9. Сосын өкілетті органдардың жауаптарын, шыққан нәтижені әлеуметтік желіде жариялау Осындай алгоритмды ұстанбай, құр жылап -сықтағаннан , біреу келіп бәрін тындырады деуден оң нәтиже болмайды. Қазір қазақтың саны 75% кем емес, ана тілі күрескерлері түзу жолды көрсетті, қорқатын ештеңе жоқ – әр қазақ ана тілі, яғни ұлтымыздың болашағы үшін аянбай күресуі керек! P.S. Тіл туралы заңдардан үзінділері керек болса, менімен эл. пошта арқылы хабарласыңыздар –жіберемін. Эл. поштам: luckystella@mail.ru Жұлдызай Форт,  Фейсбук парақшасынан