Марат Бәйділдәұлы: ЖАҢА МЕШІТ – ЕСКІ ПРОБЛЕМА

5042
4
Бөлісу:

Алла тағала нәсіп етіп 3-қаңтар күні Сарыағаштағы Сатыбалды Әбішұлы атындағы жаңа мешітте жұма намаз оқыдық. Мешіт өте әйдік, керемет жоспарланып салынған. Ұлдар, Қыздар медресесі, Спорт орталығы қосымша әр беріп тұр. Келес өзенін мешітті айналдырып ағызып қойған. Сондай жарасымды. Тура Дубайда жүргендей әсерге бөленесің.

Мешіттің бір ғана кемістігі байқалды. Ол күллі жаңа тойxаналар мен бірқатар жаңа мешіттерге тән акустикалық проблема. Ғимарат ішін дыбыстық тұрғыдан жарақтандыру ескерілмеген. Уағызшының дауысы даңғыр-дұңғыр, балдыр-бұлдыр. Әсіресе дикцияға мән бермейтін адам болса дыбысы бірыңғай «күркіреме».

Бүгін мінберде Әбдіғапар Сманов екен. Бұрын Ю-тубтан тыңдаған бір-екі уағызы ұнаған. Ал бұл жолы акустикалық ақаулардан айтқандарын түсініп жарытпадық.

Алматыда жұма намаз 13:30-басталса, Сарыағашта 14:00 деп естігенбіз. Мешітке 13:40-та ендік. 20 минуттан кейін жұма намаз уақыты кірді. Уағыз жалғасып жатыр. Әбдіғапар от алып алған КаМАЗ сияқты тоқтайтын емес. 14:10, 14:15, 14:20 болды. Адамдар тыпыршып «енді қашан?» деп қояды. Арқадан соққан боран (сквозняк) тағы өтіп барады. Ал шала жаңғырыққан дыбыстар легі тоқтар емес.
Түсінбей «жынды» болып отырған жалғыз мен шығармын деп жанымдағы жас жігіттен сұрасам ол да «түсінбедім» дейді. Ара-арасында жекелеген сөздерді нығарлап, қатаңдатып айтқанда біреуге жекіріп жатқандай естіледі. 14:23. Әбекең Жаратқан Иеміздің жердегі орынбасары міндетін өз еркімен мойнына алғандай жамағатын ұрсып-ұрсып арындаған атының басын әзер қайырды.

Дініміздің басты ерекшелігі көркем мінез деуші еді. Ойланып қалдым. Кейін жұма намаздан соң сыртқа шыққанымызда таныстарым «баласы да осындай, бір шешіліп кетсе қайтару қиын» деп жатты. Уағызшы жұрттың уақтысын жемеуі керек қой дейді ішкі ойым.

Бұл пікірлер Әбекеңді сырттай ғайбаттау емес. Ғибадат соңынан өзіне жолығып айтпақ едім, уақыт тар болып қалды. Сондықтан нақты ұсыныстарымды ФБ арқылы айтайын.

Біріншіден, арнайы мамандар шақырып жаңа мешіттің акустикалық ақауларын жою. Екіншіден, мешітке кіретін негізгі есіктің ішкі бетіне Түркиядағы сияқты туырлық тәрізді жабынды ілу. Бұл өкпек желді болдыртпайды.
Үшіншіден, Қазақстан имамдары жұма намаздың уақытысын өз қалауынша өзгертуіне, әсіресе жарты сағатқа жуық кешіктіріп бастауына тыйым салу. Төртіншіден, уағыз көлемін мөлшерден далитпау. Бұл енді Әбекеңнің тікелей Өзіне қатысты өтініш. Бесінші, бұл жергілікті билікке қатысты – мешітке бұралаң-бұлтақсыз жақсы жол салу. Посттың мақсаты – ортақ іске оймақтай болса да үлес қосу. Артық кеткен жеріміз болса Алла кешірсін!

Марат Байділдаұлы,

Фейсбук парақшасынан

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 4 пікір жазылған

  1. Нұралы Бақытұлы 4 Қаңтар, 2020 01:58 Жауап

    Біткен іске сыншы көп деген, Абдуғаппар ұстазға Алла разы болсын,сол акустиканы сіз өзіңіз істеп берсеңіз ақыры маманы екенсіз.
    Баяғы данагөй ғалымдар Аллаға былай дұға етеді екен «Аллаһым маған біреудің айыбын көретін көз емес,ақыретке сауапты істі көретін көз бер дейді екен.ғайбатты ғайбат емес деп айту ғайбаттың атасы болып есептеледі, уағызын сөз қылыпсыз. Сізге Алла айтып жасыратын көз бермесе не шара.Алла кешірісін!

  2. Бақтияр 4 Қаңтар, 2020 11:59 Жауап

    «Мұсылман көркем мінезді болуы керек» дейді. Дұрыс айтасыз, Әбдіғаппар Сманов дегенің инабатты имам емес, айқайшы біргәдір секілді

  3. Мұхаммед 4 Қаңтар, 2020 12:01 Жауап

    Нұралы Бақытұлы, айқайшы Әбдіғаппарға Қасиетті Жұма намаздың уақытын 20 минутқа дейін кешіктіруге кім рұқсат берді?

  4. Серік 5 Қаңтар, 2020 23:17 Жауап

    Автордың айтып отырған кемшіліктері орынды, сондықтан мешіттің қызметкерлері кемшіліктерді жоюға қызмет ету керек.

Пікір немесе жауап жазу

он үш + он тоғыз =