2020 - ЕКІ ЖИЫРМА ЖЫЛЫ -ЖАҚСЫЛЫҚТАР ЖЫЛЫ БОЛҒАЙ!

Доңыздың доңыздығына қарамай-ақ, күнтізбе бойынша қуып шығып, Тышқан зуылдап кіріп келеді... Тышқан жылы тышқандай тынымсыз еңбек етіп, тың табыстарға жете берейік! Тапқанын ініне тасыған тышқандай, үйіміз байлық пен құт-берекеге тола берсін! Жыл басы -тышқандай елдің алды болып, маңдайымыздың маржан терінің жемісін көре берейік! Өтіп бара жатқан 2019 жыл - еліміз үшін ерекше қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болды! Елді отыз жыл басқарған  Елбасымыз, Тұңғыш президент өз өкілеттігін тоқтатып,  ел екінші президентті де көрді, құдайға шүкір... Қазақстан Президенті жанынан Ұлттық Кеңес құрылды! Оның алғашқы отырысында отыз жылдан бері елдің жоғары билігінде айтылмай келген Ұлт мұраты -Мемлекеттік тіл туралы заң керектігін, ол үшін Конституциядан орыс тілі туралы бапты алып тастайтын уақыт жеткенін мәлімдеу -менің маңдайыма жазылғанына Аллаға шүкіршілік айтып, дәтке қуат етемін. Ел өміріндегі қайғылы оқиғалар да болмай қалған жоқ... Астана қаласындағы  аядай лашықта тұрып жатқан бір отбасының 5  қызы тірідей өртеніп кетуі қоғамда үлкен толқу тудырды.  Аналар  әлеуметтік әділдік талап етіп,  митингілерге шықты..  Бұл оқиғаға көптеген ақындар жыр арнады.  Жантүршігерлік қайғылы қазаға жазған менің "Жер бетінде періштеге жоқ орын" деген толғауым  әлеуметтік желілерде  зор резонанс туғызды.  Жырдың  актер Жәнібек Мұсаевтың орындауындағы видео  нұсқасы да лезде тарады.  Бұл қоғамдық толқудың соңы Үкіметтің тарауына әкелді. Ал 24 маусымда Арыс апаты болып, бір қала түгел көшірілгенің көрдік. "Ақжолдықтар" бір күннен кейін ұшып барып, "Адамсыз Арыс қаласын" аралауға мәжбүр болдық... Ал жыл аяғындағы "Бекайр" компаниясының ұшақ апаты 15 адамның өмірін алып кетіп, елімізде Қазалы күн жарияланды. Қаза тапқандардың иманы саламат болсын деп, отбастарына қайғыра көңіл айтамыз. Біздің елде ұшақ апаты жиі болатынындықтан, енді ондай апаттарға тоқтау салу үшін Үкімет қатал шешім қабылдауы керек! Бір адамның көңіліне қарап, айтқанынан шыға алмау -қанша адамның өмірін алып кеткеніне кезекті рет куә болып отырмыз... 2019 жыл күнтізбесінің соңғы парағын жыртып, кіріп келе жатқан Жаңа жылымыз жақсылықтар жылы болсын! Алла жар болып, Жұлдызымыз жарқырай берсін! Әр күніміз шуақты, денсаулығымыз қуатты болып, Мерекеміз де, Берекеміз де арта берсін! 2020 - Екі Жиырма жылы елімізде және әр отбасыда ерекше табыстар жылы болғай! 2020 жылы айтулы даталар жетерлік. Соның ең бастысы- Қазақ Республикасына 100 жыл толады! Келер жылғы ең үлкен мерейтой қарсаңында, бүгін жылдың ең соңғы күні - 31 желтоқсанда "Ақ жол" партиясының бастамасымен бір топ Алаштанушыларға "QAZAQ REPUBLIC 100" төсбелгісі тапсырылды. Айтпақшы, сонымен бірге келесі жылы   "Қазақ үні" газетінің жарық көргеніне де 20 жыл толады! Тәуелсіз Қазақ үні биіктен шырқала берсін деп, әр  азаматқа Ақ жол тілейміз! Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz