Азаматхан ӘМІРТАЙ: Көтерілген мәселелер өз шешімін тауып келеді

 Ұлттық кеңестің құрылғандағы басты мақсаты – қоғамды ашық, әрі әділ басқару жүйесімен қамтамасыз ету. Кеңес өзінің нақты мақсаттары бойынша жүйелі жұмыс жасап келе жатыр деп ойлаймын. Бірінші отырыста мен «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде Қазақстанның экологиялық ахуалын дұрыстау мәселесін көтердім. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері де назарымыздан тыс қалмады. Бір мәселе көтерілген соңы онымен түпкілікті айналыспаса, онда ол шешілмейді. Алғашқы отырыстан кейін үш айдың ішінде біз министрліктермен басқа да тиісті орындармен кездесу өткіздік. Әрбір мәселені нақтылап жеткізуге тырыстық. Ұлттық банк өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлікпен айналысуға пайыздық жеңілдіктер жасалу жағы да сұралды. Бірінші отырыста көтерілген мәселелердің барлығы дерлік белгілі бір деңгейде орындалды. Ел Президенті Қ-Ж. Тоқаев та Ұлттық кеңестің екінші отырысында кәсіпкерлікті қолдау, салықтық жүйені автоматтандыру арқылы сала жұмысын жандандыру қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бірінші отырыста қазақ тілінің мәселесін қоғамда тұрақты түрде көтеріп келе жатқан белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Қазыбек Иса Атазаңдағы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы ұсынысын айтып, батыл бастама жасады. Бұл ұсынысты ұлттың ұпайын түгендеуді көздейтін кеңес мүшелерінің көпшілігі қолдады. Алдағы уақытта бұл бағытта да тындырымды тірліктер атқарылмақ. qazaquni.kz