Апат айтып келмейді, оның алдын алу керек

Желтоқсанның 27-і күні таңертең Алматы әуежайы маңына «Bek Air» әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Алғашқыда түрлі қарама-қайшы ақпарат тарағанмен ресми мәлімет бойынша, 12 адам қаза болған. Ұшақ апатына байланысты Президенттің жарлығымен желтоқсанның 28-і жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Апат орын алысымен құтқару қызметі шұғыл іске кірісті. Зардап шеккен адамдар дереу қала ауруханаларына жеткізіліп, еліміздегі білікті дәрігерлер ауыр жарақат алғандарды ажалдан құтқаруға кірісті. ҚР Премьер-министрі бастаған үкіметтік комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын жіті тексеріп жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған адамдардың отбасына, туған-туысқандарына көңіл айтып, үкімет мүшелерін жинап, шұғыл кеңес өткізді. Осы орын алған қайғылы жағдайға байланысты министрлер мен сала басшыларына қолдан келген барлық күшті жұмылдыруға тапсырма берді. Зардап шегіп, ауруханаға түскен жолаушылардың емделуін министр Е.Біртанов тікелей өз бақылауына алды. Қ-Ж.Тоқаев қайтыс болған адамдардың отбасына әрқайсысына 4 млн. теңгеден жәрдем берілетінін мәлімдеді. Үкімет тарапынан зардап шеккендерге де жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге Қазақстандағы барлық әуе компаниясының жұмысын тексеруді, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды. Жұрт жаңа жылды лайықты қарсы алу қамына кіріскен кезде бұл қаралы оқиға қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып кетті. Қарапайым халық та қарап қалмады. Қала тұрғындары зардап шеккендер үшін аса қажет қан өткізу кезегіне тұрды. Апат болған Гүлдала ауылы тұрғындар құтқару жұмысында жүргендерге ыстық тағам ұйымдастырып, көмек көрсетті. Бұл біздегі бірінші әуе апаты емес, осыдан бұрын да осы тектес оқиғалар болған-ды. Жиырма жылдан аса қолданыста болған бұл ұшақтың техникалық ахуалы да айтарлықтай күмән тудырады. Біздің басты байлығымыз –адамдарымыз, сондықтан әуе тасымалына көрінген компанияны кіргізу тікелей қауіп төндіреді. Ажал мен апат атаулы айтып келмейді, сондықтан оның алдын алу шараларын қашан да есте ұстағанымыз жөн. Қайғылы оқиға қайталанбас үшін Мемлекет басшысының осы саланы мықтап тексеру керектігі жөніндегі тапсырмасын мұқият орындау қажет. «Қазақ үні» газеті ұжымы мен оның қалың оқырмандары қайтыс болған жолаушылардың отбасына, туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдіреді. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz