Тышқан патшасы талайды таңдандырды

554
0
Бөлісу:

 Қазақ мемлекеттік циркі өз көрермендеріне жыл сайын тамаша тарту жасауды дәстүрге айналдырған. «Щелкунчик және Мышильда» атты жаңажылдық бағдарламаның алғашқы қойылымы да қайырымдылық мақсатында қойылды.

Қазақ мемлекеттік циркі мен қайырымдылық қорлар бірлесе отырып көп балалы отбасылар мен балалар үйінің балаларына, мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына тамаша көңіл-күй сыйлады. Мұны өнерпаздарға тамсана қол соққан залдағы кішкентай көрермендердің ыстық ықыласынан айқын аңғардық.

Амадей Гофманның «Щелкунчик және Тышқан патшасы» ертегі желісі бойынша қойылған бағдарлама Дроссельмейер, Щелкунчик, Мари, Фриц, Мышильда, Тышқан патшасы сынды кейіпкерлер арқылы көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Жаңажылдық қойылым болғандықтан бүгінгі кештің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар да балаларға айрықша қуаныш сыйлады.

Сондай-ақ, әуе гимнастары, акробаттар, эквилибристердің таңғажайып өнерлерін сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес.

Қазақ мемлекеттік циркі өз көрермендерінің көңілінен шығу үшін барлық мүмкіндікті жасап келеді. Бұл тұрғыда әлем елдерін таң тамаша етіп жүрген цирк өнерінің хас шеберлерінің Қазақ циркінде өнер көрсетуі де зор жетістік екенін атап өткеніміз жөн.

Тышқан жылын цирк көрермендері Мәскеу қаласының Үлкен Мәскеу циркінен арнайы келген белгілі клоунесса Оксана Нескладнаяның эксклюзивті репризаларымен бірге қарсы алып, керемет ғажайыптардың куәсі болды. Бағдарламаның үлкен көлемді лазерлік шоумен көмкерілуі кімді болсын керемет күйге бөлегенін айрықша атап өтуге тиіспіз.

Қойылым барысында әсіресе, «Белдіктегі әуе гимнастары» номерінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрманғали Досбатыров және жас 4 жасар дебютант, әуе гимнасты, Досбатыровтар цирк әулетінің өкілі Данат Досбатыровтың өнері жиылғандарды ерекше тәнті еткені сөзсіз.

Бақыт Бөкебаев, «Қазақ мемлекеттік циркі» КМҚК-ның директоры, көркемдік жетекшісі:

– Есігімізден енгелі тұрған жаңа 2020 жылмен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, егемен еліміз жасай берсін!

Жаңа жыл қарсаңында өз көрермендерін қуанту үшін Қазақ мемлекеттік циркі «Щелкунчик және Мышильда» атты қойылымды ұсынуды жөн санады.

«Щелкунчик және Тышқан патшасы» ертегі желісі бойынша дайындалған осынау қойылым қаңтардың 12-не дейін өз жалғасын табады. Биылғы бағдарламаның басты ерекшелігі –  өз әріптестерімізбен қатар, Мәскеуден арнайы келген Оксана Нескладнаяның өнер көрсетуі. Жыл сайын біз өз көрермендерімізге қайтпаланбас тамаша әсер сыйлауға тырысамыз. Қазақ циркіне барша алматылықтар мен қала қонақтарын шақырамыз.

Анастасия ДЕМИДОВА, Халықаралық цирк өнері фестивальдердің лауреаты мен жеңімпазы, әуе гимнасты:

– Жаңа жыл әрбіріміз үшін ерекше мереке. Әсіресе, балалар жағы асыға күтетін бұл мейрамда оларға керемет көңіл-күй сыйлауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Көрерменнің көңілінен шыға білсем мен үшін зор жетістік. Жаңа жылымыз құтты болсын! Әрбір бала ата-анасының көз қуанышы болып аман жүрсін!

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

жиырма + 3 =